Әсел Сәдуақасова: «Мен адамдарды алдай алмаймын»
Әсел Сәдуақасова кинодағы жолын «Шегіртке» хикаясындағы кішігірім рөлі арқылы бастады. Ал қазір ол танымал әрі сұранысқа ие актриса ғана емес, табысты продюсер болып табылады. Продюсер Жаңа жыл қарсаңында көрермендерге «Қазаққа ғашық болмаудың бес себебі» атты бесінші картинасын ұсынбақ. Әсел «Бродвей» кинопорталына берген сұхбатында алдағы фильм туралы баяндап берді.
- «Қазаққа ғашық болмаудың бес себебі» фильмі туралы айтып беріңізші?
- «Қазаққа ғашық болмаудың бес себебі» фильмі – бұл отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер туралы баяндайтын жағымды кино. Бойжеткен Динара Парижде оқып келіп, отанына француз жігітімен бірге оралады. Ол дәстүрді қатаң ұстанатын қазақ отбасында дүниеге келген, сондықтан әкесі ұлтаралық некеге қарсы болады. Осы жағдайға орай, бойжеткен қызықты жоспар құрады: ол театрдағы қызметімен қатар, такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін актер Дарханды жалған жігіті болу үшін жалдайды. Жігіттің міндеті – алдымен қыздың әкесіне ұнау, кейіннен көңілін қалдыру. Соңында Динараның кіммен қалатынын кинотеатрлардан біле аласыздар.
- Неге фильм идеясы ұлтаралық қарым-қатынасқа негізделген?
- Себебі, біз көп ұлтты елміз. Осы фильм арқылы барлық адамның бірдей екенін, сондықтан ұлтқа бөлінудің қажеті жоқтығын айтқымыз келді. Идея режиссеріміз әрі фильмнің қосалқы продюсері Асқар Ұзабаевқа тиесілі. Ол идеясын маған айтқан кезде, бірден ұнаттым. Көзқарасымыз бен талғамымыз бір жерден шыққан соң, сценарийімен жұмысты бастап кеттік.

«Қазаққа ғашық болмаудың бес себебі» фильмінен көрініс
- Басты рөлдердің біріне Нұржан Садыбековты шақырдыңыздар. Таңдау неліктен дәл соған түсті?
- Нұржан Садыбеков басты рөлге аяқ астынан ие болды. Сол күні бейнесынамаға 20-дан астам актер келді, Нұрдан солардың соңында тұрған. Асқар шұғыл бір шаруаларымен шығып кеткені есімде, сондықтан сынаманы өзіміз өткіздік. Кейін Асқар барлық жазбаларды көріп отырып, Нұржанның ұнағанын айтты. Себебі, кадрда екеуіміз үйлесімді көріндік. Оның үстіне, Нұржан бұрын басты рөлді сомдамаған екен, Асқарға режиссер ретінде сол ұнады. Өйткені, фильмі арқылы оның дарынын кеңінен ашып, танытуға жақсы мүмкіндік туды.
- Фильмдерді продюсерлеу кезінде екі Асқармен жұмыс істеп үлгердіңіз. Басқа да режиссерлармен жұмыс істеу жоспарда бар ма?
- Иә, мен түрлі режиссерлармен, сценаристермен, актерлармен жұмыс істеуді жоспарлап жүрмін. Кинематографтың барлық қыр-сыры осында жатыр емес пе? Сен үнемі түрлі қызықты адамдармен жұмыс істей аласың. Жақында басқа режиссермен жұмыс істейін деп жатырмын, оның кім екенін Жаңа жылдан кейін жариялайтын боламын.
- «Бес себеп» картинасына кірісердің алдында алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?
- Түсірілімге кіріскенде, таза комедия болатын шығар деп ойладым. Бірақ, жұмыс барысында Асқар диалогтарды, кейіпкерлерді өзгерте бастады, кейде жанр мен фильм мазмұнына аздап күмәнданған едім. Дегенмен, монтаждың бірінші нұсқасы уайымымды су сепкендей басты, біраз жеңілдеп қалдым, отбасылық және жігіт пен қыздың арасындағы қарым-қатынас туралы, махаббат жайындағы жағымды әрі шынайы фильм туындап жатқанын түсіндім.

Фото: Зарина Құлмұрзина (ZA photographer)
- Продюсер ретінде сюжеттің дамуына, сценарийдің жазылуына қаншалықты әсер ете аласыз?
- Мен, әрине барлық жағдайды бақылап отырамын, өз пікіріммен бөлісемін, басқаларды да тыңдаймын. Дегенмен, әр адам өз ісіне тиянақты жауап беруі керек деп ойлаймын. Сондықтан, біздің топ кәсіби мамандардан құралған, мен барлығына сенемін.
- Фильмдегі қай эпизод сізге ерекше ұнады?
- Дәмханада болатын бір жағдай бар. Мен оны тәптіштеп айтып бере алмаймын, себебі ол шарықтау кезеңіндегі көрініс. Маған сол ерекше ұнайды. Онда барлығы бар – атмосфера, көңіл-күй, сезім мен айтылмай қалған әңгіме. Ол эпизод фильмнің 60-минутында бар.
- Фильмде өзіңізді сомдайсыз ба? Жоқ әлде қарама-қайшы кейіпкерді ме?
- Кейіпкерім – маған қарама-қайшы. Әрине, маған ұқсайтын мінезі де бар, мысалы табандылық деген сияқты... Бірақ, мен ол сияқты авантюрист әйел емеспін. Мен адамдарды алдай алмаймын, ал кейіпкерім мақсатына жету үшін барлығына барады. Оның жанұядағы жалғыз бала екені байқалады, себебі өзімшіл адам. Алайда, мен де жалғыз қызбын ғой, өзімді өзімшіл дей алмаймын. Кейіпкерімде феминисттік көзқарас бар, басты кейіпкерді және басқа адамдарды менсінбейді, ал мен ондай емеспін.

«Қазаққа ғашық болмаудың бес себебі» фильмінен көрініс
- Сіз көбінесе комедиялық фильмдерге түсіп, өзіңіз де түсіресіз. Жақын арада терең мағыналы драмаға түсу немесе түсіру ойда бар ма?
- Менің ойымша, кез-келген актер, продюсер және режиссер терең мағыналы драмамен жұмыс істеп көргісі келетін сияқты. Бұл менің де жоспарымда бар, алдағы уақытта міндетті түрде орындаймын, тек қазір нақты күнін айта алмайды екенмін. Драма жанры оңай жанр емес. Күш-жігеріңді сарқып алатын үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан, өзіме ұнайтын сценарийге тап болсмам, өзімді актриса немесе продюсер ретінде көрсем, бірден жұмысқа кірісемін. Негізі, сондай идеяларды іздеп жүр едім, өкінішке қарай қазір таба қоймадым, ал маған ұсынғандар менікі емес болып шықты.
- Сіздің ойыңызша, көрермен киноға бару үшін фильмде міндетті түрде не болуы қажет?
- Фильмде әзіл мен жеңілдік болуы керек. Көрермен көрсетілімнен жақсы көңіл-күймен, демалып, жігерленіп шығуы қажет. Қазіргі таңда халық мелодраманы онша жақсы көре бермейді. Алайда, жақында Қайрат Нұртастың картинасы айналымда сәтті шықты ғой. Ол үшін өте қуаныштымын.
- Отандық актрисалардың ішінде кімді киноңыздағы басты рөлге шақырғыңыз келеді?
- Мен барлық отандық актрисалармен, замандастарыммен доспын. Барлығымыз кішігірім рөл сомдайтын киноны бірігіп түсіргіміз келген. Бір күні сол идеямызды жүзеге асырамыз деп сенемін.
Фото: Зарина Кулмурзина (ZA photographer)
- «Бес себеп» фильмінің маркетингтік кампаниясы қандай? Жарнамаға бюджеттің неше пайызы салынды?
- Жарнама бюджетінің пайызы туралы әзірше ешнәрсе айта алмаймын. Әлі де жұмыс атқарылып жатыр. Маркетингтік кампания үлкен болмақ. Әрине, радио, телевидение, ғаламтор, әлеуметтік желі, трейлер, плакаттар, постерлер, сауда орталықтарында бренд жасау секілді қызметтер болады, дегенмен бұлардан бөлек, көрерменді ерекше креативпен таң қалдырмақпыз. Мен барлық құпияны ашпай-ақ қояйын. Ол тосын сый болып қала берсін. Сондай-ақ, біз 2 саундтрек жаздық. Соның бірін Айқын Төлепберген мен Нұржан Керменбаев дуэт болып орындайды, ал екінші саундтректі танымал әнші Қуандық Рахым шырқамақ.
- Келесі жобаға қатысты жұмыстарды жүргізіп жатырсыздар ма? Егер бастап кетсеңіздер, ол қандай жоба болмақ?
- Иә, жаңа фильмге қатысты біраз қадамдарды бастап кеттік, бірақ әзірге баяу жүріп жатыр. Себебі, бар ойымыз «Қазаққа ғашық болмаудың бес себебі» картинасының айналымында. Бұл жолғы бастама біраз толқынысты тудыруда, өйткені жаңа жылдық мерекелермен қатар, бәсекелестеріміз де бар. Ешкім ешкімге кедергі келтірмейді деп үміттенемін.
Әсел Сәдуақасоваға сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!
Әңгімелескен Айдана Мамаева
Превью: Зарина Құлмұрзина (ZA photographer)






2 пікір
Пікір қалдыру үшін
Сакен Олжабай
13 желтоқсан 2017, 12:21надо посмотреть, какие же эти пять причин..
Дания Кузембаева
2 февраля 2018, 12:58Очень красивая и трудолюбивая