È

Қазіргі қазақ киносындағы жағымсыз кейіпкер

Қазіргі қазақ киносындағы жағымсыз кейіпкер

Басты кейіпкердің алға қойған мақсаттарына жету жолында кедергі болатын адам – антагонист, яғни жағымсыз кейіпкер. Антагонист пен протагонист қақтығысы негізгі шиеленістің ең маңызды қозғаушы күші болып табылады. Жағымсыз кейіпкердің әрекеті басты кейіпкерді жеңуге кедергі келтіріп қана қоймай, оның дамуына, мінезінің қалыптасуына себеп болады. Антагонист тек кейіпкер бейнесінде ғана емес, сонымен қатар кейіпкерлердің тобы, ұйымы, қоғам немесе сыртқы әсер, тылсым күш, табиғи апаттар, катаклизмдер, әлеуметтік тәртіп түрінде де бола алады. Бәлкім, бас кейіпкерге қатысты сыртқы күштер ғана емес, сондай-ақ жалпы моральдік қағидаларда антагонисттің кең анықтамасы болуы ықтимал. Кейде антагонист мүлдем болмауы да мүмкін.

Қазақ даласында алғашқы фильмдерде-ақ жағымсыз кейіпкер пайда болған. Ең алғашқы фильмдер кеңес үкіметі тапсырысы бойынша түсірілген. Ол кезде коммунизмді, Қызыл армияны, Ленин саясатын насихаттайтын фильмдер түсірілді. Сол себептен, жағымсыз кейіпкерлер – ақтар, яғни патша үкіметі болды. Авангардты қазақ фильмдерінде нақты бір жағымсыз кейіпкер болған жоқ. Идеологиялық, абстракты жау болды. Мысалы, Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры», Мәжит Бегалинның «Оның уақыты келеді» фильмдеріндегі антагонист бейнесі қарапайым халықты қанайтын, күн көрсетпейтін билік болып табылады. Жағымсыз кейіпкер - қолында биілігі бар стереотипті басшы.

Уақыт өте келе, экранда барлық назарды өзіне аударатын нағыз «қазақ антагонистер» пайда болды. Оның айқын бір үлгісі - режиссер Сұлтан Қожықовтың 1970 жылы Ғабит Мүсіреповтің сценарий желісімен түсірген «Қыз Жібек» көркем фильміндегі Асанәлі Әшімов сомдаған Бекежан бейнесі. Сонымен қатар, режиссер Қалықбек Салықовтың 1988 жылғы Шахмардан Құсайыновтың сценарийі бойынша түсірген «Балкон» фильміндегі Анвар Чужигуловтың Хаки-Бес бейнесін атауға болады.

«Балкон» фильміндегі жағымсыз кейіпкер Хаки-Бес

Қазіргі қазақ кинематографы түрлі жағымсыз кейіпкерлерге толы. Мысалы, осы жылы шыққан «Алмас қылыш» көркем фильмін алайық. Режиссері – Рүстем Әбдірашев. Бұл фильмде барлық жағымсыз кейіпкерлер ерекше дарынды, колоритті болып келеді. Фильмнен мінезді, ойлы, сана сезімдері әртүрлі антагонистерді көруге болады. Фильмдегі Шайбан Шах билік үшін барлығына дайын қатыгез әрі жауыз хан ретінде көрсетіледі және өзінің пайдасын ғана ойлап, іріткі салуға шебер Шахтың бәйбішесі де жағымсыз кейіпкер болып саналады. Қалмақтар мен ойраттар қазақ халқының көзін құртуды мақсат тұтқан. Осылардың ішіндегі ең күрделі жағымсыз кейіпкер – Мұхаммед Шайбани. Аңсағаны хандық билік, мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайды. Дегенмен, бойында адамгершілік қасиеттері де бар, берген уәдесінде тұрады. Себебі, ол үшін ең маңыздысы намыс болып табылады. Намысын жерге таптатпайды, тіпті, ар үшін өлуге дайын.

Қазақ киносында біраз уақыт жағымсыз кейіпкер ретінде ер азаматтар көрсетілді. Ал қазіргі қазақ киносындағы антагонист бейнесі: жеке басын ойлайтын, жүрегі «ақша» деп соғатын әйел образы. Қатыгез әйел алдыңғы қатарға шыға бастады. Оның дәлелі, 2016 жылғы Нұрлан Қоянбаевтың продюсерлігімен түсірілген «Қазақша кәсіп» фильміндегі Кұралай Әнуарбекова сомдаған, әлеуметтік дәрежесін бірінші орынға қойған Лаура бейнесі. Ол өз мақсатына жету үшін көптеген қорлыққа шыдауға дайын.

«Қазақша кәсіп» фильміндегі жағымсыз кейіпкер Лаура

Тәуелсіздік үшін күрескен қазақ елінің жоңғарлармен соғысын баяндайтын үздік фильм – «Жаужүрек мың бала» (режиссері Ақан Сатаев). Бұл фильмде антагонист бейнесі екеу. Біреуі: жоңғарлар, ал екіншісі – Аян Өтепберген сомдаған Таймас батырдың бейнесі. Қос антагонист сюжетке екі түрлі әсер етеді. Жоңғарлар фильм басынан-ақ жағымсыз бейне ретінде көрсетіледі. Олардың мақсаты – қазақтың шұрайлы, кең жерін басып алып, елін жаулау немесе көзін құрту. Қазақ қыздарын күң, ұлдарын құл етпекші болды. Ал Таймас уақыт өте келе жағымсыз кейіпкерге айналды. Оны сатқындыққа итермелеген - қызғаныштық. Тағы бір себебі, жан досы Сартайдың шешімдерінен көңілі қалуы. Оның ойынша, Сартай әлсіреді, ұсақталды. Сол үшін дұрыс шешімдер қабылдай алмайды. Қазақ жастарына жаңа басшы, жаңа көсем керек деп топшылайды. Сартайды тоқтатса «бәрі дұрыс болады» деген ой туды. Ал тоқтату үшін оны өлтіру қажет болды. Ақыры, шешім қабылдап, көзін жоюға тырысады. «Қыз Жібек» фильмдегі Бекежан бейнесімен тең сияқты. Екеуінің ұқсастығы көп. Бірақ, Таймас фильм барысында сабасына түседі, тәубесіне келеді, қателік жасағанын түсініп, досы үшін жанын пида етіп, жазасын өтейді.

Режиссер шығармашылығындағы тағы бір туынды - 2007 жылы жарыққа шыққан «Рэкетир» фильмі. Бұл фильмдегі жағымсыз кейіпкерлер - басты рөлдердегі ұрылар, қылмыскерлер, алаяқтар. Антагонист те, протагонист те қылмыс әлемімен байланысты. Олай болу себебі, фильм еліміздің алғаш тәуелсіздік алған жылдардағы ауыр жағдайларды бейнелейді. Сол уақытта еліміздің тең жартысы ұрлықпен, яғни рэкетпен айналысқан еді.

«Жаужүрек мың бала» фильміндегі жағымсыз кейіпкер Таймас батыр

2012 жылғы Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі антагонист бейнесінде қасқырлар көрініс тапқан, яғни табиғи катаклизм немесе стихиялық жау. Қасқырлар басты қозғаушы күш, мақсаттары – кек алу. Олар басты кейіпкердің бұл дүниеден өз орнын табуға, өмірге құлшыныс оятуға ықпал етті. Жағымсыз кейіпкер протагониске мінезін, ішкі жан дүниесін ашуға және өмірге басқаша қарауға үлкен әсерін тігізді.

Жоғарыда атап өткендей, фильмде белгілі бір жағымсыз кейіпкердің болмауы да мүмкін. Оның дәлелі, Дәрежан Өмірбаевтың 2012 жылғы «Студент» фильмі. Фильм Фёдор Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісі бойынша түсірілген. Кейіпкер романдағыдай қылмысы үшін жазаланды. Ол өмірдің қиындығына шыдамай қылмысқа барады. Оны жасаудың тағы бір себебі, өзін тексеру, әлсіз еместігіне көз жеткізу болатын. Фильмде кейіпкердің ішкі тартысы байқалады. Ол киноның басынан аяғына дейін өз-өзімен күреседі.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңда қазақ киносы қарқынды түрде дамып келеді. Фильмдердегі кейіпкерлердің мақсаты мен мінезі күрделене бастады. Десек те, шеңберден шыға алмай тұрған жайымыз бар. 90% жағдайда жағымсыз кейіпкер қоғамға, адамгершілікке қарсылық көрсетеді. Жағымды кейіпкер тек әділеттілікті, достықты, шындықты насихаттайтын, зұлымдықпен күресетін қаһарман болып табылады. Қазіргі таңда әлем кинематографиясында кейіпкер ақ пен қараға бөлінбейді. Жағымды кейіпкерде кем дегенде, бір кемшілік болады, ал антагонисттің бойынан адамгершілік қасиеттер байқалып жатады. Әр кейіпкердің, мейлі ол жағымды-жағымсыз болсын, міндетті түрде оқиғаға өзіндік көзқарасы болады. Қазақ киносы осы үрдісті ұстанса, кинематографияда алдыңғы қатарлы елдердің бірі болып қана қоймай, көш бастайтыны анық.

Сембаев Табиғат,

«Кинотану»мамандығының 1 курс студенті

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер