È

Кинорежиссер Нұртас Адамбайдың фильмдеріндегі әлеуметтік мәселе

Кинорежиссер Нұртас Адамбайдың фильмдеріндегі әлеуметтік мәселе

Заманауи қазақ киноөндірісінің сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұл ретте соңғы жылдары пайда болып жатқан жекеменшік студиялардың атқарып жатқан рөлі ерекше. Солардың арасында сапалы жобаларымен көзге түсіп, халықтың көзайымына айналған студия – «Nurtas production».

Нұртас Абайұлы Адамбаев (1981 жылы 14 желтоқсанда Жамбыл облысы, қазіргі Тараз қаласында дүниеге келген) – Қазақстанға танымал комедия актері, шоумен, режиссер, продюсер әрі сценарист. Шығармашылық жолын Ресейдің КТА (КВН) Жоғарғы лигасында «Астана. KZ» құрамында өнер көрсетумен бастаған. «Қызық радиосы», «Наша KZаша» телевизиялық скетчкомдары және «Ауылдан қашу», «KZландия» секілді бағдарламалардың негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал.

«Саясаттану» мамандығы бойынша білім алған Адамбаев оқу бітіре салысымен белді бір компанияда қызмет атқарып жүріп, көп ұзамай бөлім бастығы лауазымына ие болады. Алайда, жас дарынның бүйрегі өнер жағына бұрды да тұрды. «Сәбина келін», «Сәбина келін 2», «Ауылдан қашу», «Тараз» секілді туындылары оның шешім қабылдаудан жаңылыспағанын аңғартады.

Нұртас Адамбайдың бастамасымен түсірілген фильмдердің экранға жол тартпай тұрып, талқыға салынып кететіні аян. Сценарий авторы да, фильмнің режиссері де, тіпті, әртісі де өзі болатын оның шығармаларынан «Ауыл мен қала» тақырыбын жиі байқаймыз. Ауылдан қалаға қашқан Ерболы мен қаладан ауылға келген Сабинасы арқылы ауыл мен қаланың қаншалықты бөлек əлемдер екенін көрсеткен. Көп уақытқа дейін Нұртасты ауылдан шыққандардың қабылдай алмауының сыры – Адамбаевтың қазақша сөйлей алмауында. Ал, қазақша сөйлей алмайтын адам қазақтың салт-дәстүрі, өлең-жыры, өнері, мәдениетінің алтын бесігі болып саналатын ауылды қаншалықты шынайы суреттей алады?..

«Сәбина келін» фильмінен көрініс

«Сәбина келін» фильмі үшін бірталай сынның астында қалған Нұртас Адамбай заманауи қалалық бойжеткендердің бүгінгі келбетін көрерменді күлдіре отырып таспалай білді. Расымен, кейбір қаласымақ бойжеткендердің дәл Нұртас секілді сөйлейтінін қалайша жасырамыз?! «Сәбина келін» комедиясы позитивке толы тұстарымен әсерлі, әрі ерекше түсірілген. Бірақ, фильмдегі ауыл кейіпкерлерін көріп отырып, «ауыл тұрғындары соншалықты аңқау әрі түк көрмеген бе» деген ойға қаласың. Әсте, олай емес! Бұл тұрғыда режиссер ойы шындыққа сәл жанаспайды. Қолынан іс келмейтін Сәбина – бір дөкейдің ерке қызы, өзі қалада өскен, онымен қоса ана тілін білмейді. Мұндай қыздардың қазіргі қоғамда бар екендігі рас. Фильмдегі Сәбинаның өз махаббатын табуы, ауылға жақсы сіңісіп кетуі, халыққа сыйлаған позитивке толы кадрларын қызықсыз деп айта алмайсыз. Жалпы, көтерілген мәселе жақсы-ақ. Дегенмен, бұл туынды қандай да бір мәселенің төңірген қозғау үшін немесе арнайы бір мәселені көтеру үшін түсірілмеген. Тек халықты күлдіріп, рейтинг жинау мақсатында, өзіне ұнаған ойы болғандықтан ғана түсірген. Дегенмен, ауыл өмірі қаланың ақ саусақ, өз тілін білмейтін байдың қызының басынан өткен оқиғасы арқылы баяндалады. Сәбинаның рөлін Нұртас Адамбайдың орнына әйел актриса ойнаса, «Сәбина келін» фильмінің рейтингісі дәл осылай көтерілмес еді. Тіпті, сондай қызығушылық тудырмас та еді. «Сәбина келін» Қазақстан киноайналымында ең танымал фильмдер қатарындағы үздік бестікке енген. Фильм бір аптаның ішінде 110 млн. теңге тауып үлгерген. Картинаның бірінші бөліміне көңілдері толған жұрт көп ұзамай жалғасын көруге асықты. Фильмнің екінші бөлімінде де көтерілген мәселе сол. Тек, келіннің жаңа шаңырақтағы өмірі баяндалады. Дос табады, Жәнібек екеуінің махаббатының арасына сәл сызат түседі... Ауыл, ата-ене, шүлдірлеген шала қазақ, тағысын тағы... Жалпы, өнер жолын әзіл-сықақтан бастаған Нұртастың фильмі позитивке толы.

«Тараз» фильмінен көрініс

Нұртас Адамбай қазақ киносына комедия жанрын ғана емес, кино қоржынындағы «Тараз» фильмі арқылы драма жанрын да қосты. Өзін мүлдем басқа қырынан көрсеткен бұл туынды режиссердің шығармашылығына қатысты қалыптасқан пікірді түбегейлі өзгертті. «Тараз» фильмін жасап шығару үшін ол образ бен кино реңкін тұтас басқа түске бояды. Комедиядан драмаға, оның ішінде әлеуметтік драмаға ауысқан Н. Адамбай «Таразда» төрт кейіпкердің ащы өмірін бейнеледі. Төрт тағдырды бір арнаға тоғыстырған фильм қалың көрерменнің біріне ұнаса, тағы біреулері қатты сынға алды. Жалпы, атыс-шабыс фильмі тұрғысында жоспарланған бұл картинаның көтерген мәселесі адамгершілікті қоспағанда, бүгінгі күнде жақсы адамдардың өмірінде орын алмауы тиіс жәйт болуы керек еді. Клубқа жиналу, адамды абайсызда өлтіріп алу... Кино осылай шиеленісіп кетеді. Осылайша, шытырман оқиғаға толы туындының тағдыры ауыр екендігін аңғару тіптен қиын емес. Әлеуметтік жағдай, отбасындағы тәрбие, ата-анамен арадағы қашықтық, көше тәрбиесі, тағы да басқа жәйттар киноның көтерген тақырыбы болып табылады. Киносыншы Әсия Бағдәулетқызы: «Экрандағы кедейлік әлеуметтік мәселе жасамайды. Жыртық үй мен жылаған баланы көрсету мықты режиссердің қатарына қоспайды...», - деп өз ойын білдірді. Ашып айтқанда, «Тараздың» аурасы дәл бүгінгі күнге сәйкес емес. Бұл кинода шиеленіс бар да, шешім жоқ. Десек те, қазіргі қоғамның шынайы бір көрінісі ретінде ашық жеткізілген.

Қазіргі қазақ киносы саласында Нұртас Адамбайдың алар орны ерек. Қалыптасқан стеоротиптерден алшақтап, өмірді басқа қырынан бейнелей білетін режиссердің негізгі туындылары әлі алда деп сенеміз.

Бақыт Мақпал

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 2 курс студенті

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер