È

«Күрке» фильмі жайлы ойлар

«Күрке» фильмі жайлы ойлар

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Көрсетілімдік семинар және талдау» практикалық пәні аясында кино өнеріне маманданып жатқан студенттерге бүгінгі қазақ фильмдерін көрсетіп, режиссерлермен шығармашылық кездесу ұйымдастыру дәстүрге айналып отыр. Көрермендер кино саласындағы соңғы жаңалықтардан хабардар болып, тәжірибе алмасып, болашақ киномамандар ой-пікірлерін ортаға салады.

Осындай шаралардың бірінде сценарист Кенжебек Шайқақовтың алғашқы режиссерлiк жұмысы, Халықаралық кинофестивальдердің жеңімпазы – «Күрке» (Өндіруші: DS фильм, 2014 ж.) фильмі көрсетілімінен кейінгі студенттердің пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Нұрғали АРТЫҚБАЕВ, «Кинотеледраматургия» бөлімінің студенті:

– «Күрке» фильмі – бүгінгі отандық киноүдерісінде ұлттық эстетикасымен ерекшеленетін фильмдердің бірі. Фильм жеке студия қаржыландыруымен қысқа мерзімде, аз қаржыға түсірілген. Фильмнің көркемдік құндылығы, режиссерлік ізденісі жоғары деңгейде.

Бағлан ҚҰДАЙБЕРЛІ, «Көркем фильм режиссурасы» бөлімінің студенті:

– «Күрке» фильмін дәстүрлі қазақи кино өнерінің жалғастырушысы деп айтсақ, қателеспейміз. Кенжебек Шайқақов фильмінің алғашқы кадрлары-ақ оқиға желісімен баурап алады. Бұл фильмде екі шың, екі қарама-қарсы полюстер біріктірілген: авторлық киноның және халықтық фильмнің элементтері. Яғни К.Шайқақов өзінің өмірге, махаббатқа, қазақы болмысымызға деген көзқарасын және жалпыхалықтық оқиғаларды, желістерді, әлеуметтік тенденцияларды бір сырт келбетке келтіріп көркемдеген. Барлық халықтарға тән, ежелден белгілі махаббат тақырыбын халықтық призмадан өткізгенін байқауға болады. Фильмдегі әрбір ұсақ бөлшектердің, сөздердің, тіпті ірі-ірі сценалардың пропорциялары тым асып кетпей, дұрыс сақталғаны айқын көрінеді. Фильм көркемдігі, стилі жағынан қарапайым көрінгенімен, оған алданбаңыз. Мұнда «айсберг принципі» қолданған: бес пайыз үстінде, қалған тоқсан бес пайызы астында, ойдың түбінде, жанның тамырында. Кенжебек Шайқақовтың «Күрке» фильмі қазақ кино өнерінің тарихында өзінің лайықты орнын табады дегенге сенімдімін.

Аида МЕЙРАНОВА, «Кинотану» бөлімінің студенті:

– Шынайы оқиғаның негізінен алынған «Күрке» фильмі басталғанынан-ақ өзінің кәсіпқойлығымен, актерлік ойындарымен, таза кадрларымен көзге түседі. Қарапайым оқиғаға құрылған бұл фильмде режиссердің балалық шағынан бері жинаған естеліктері мен ұлттық құндылықтар жатыр. Режиссердің айтуы бойынша, ол дебюттік фильмінде белгілі бір философияны қуудан гөрі, кейіпкер тағдырының жетегіне еруді жөн көрген екен. «Қожайындар», «Асланның шығармасы» сынды фильмдердегідей философиялық оқиғаларға құралмаса да, Кенжебек Шайқақовтың бұл фильмін осы фильмдермен қатар қоя аламыз. Фильм желісі қарапайым қала өмірінен шет қалған кішкентай адамдардың бірқалыпты өміріне бір серпін алып келген ерекше оқиға жайлы. Фильмдегі басты кейіпкерлер ауылда тұратын Сапар мен қырғыздың қызы Айшүрек. Бұл екеуін байланыстырып тұрған жалғыз-ақ күрке. Себебі кеш батысымен екеуі екі жаққа кетеді, ал таң атысымен олар осы күркелеріне қайтып оралады. Қырғыздар мен қазақ шекарасының дәл ортасына салынған бұл күрке екі жастың үйіне айналғандай болды. Екеуінін де биік армандары бар: бірі – әнші, бірі әртіс болуды арман етеді. Алайда фильм соңында біз ауылда тұрып жатқан кішкентай адамдардың көптеген армандары күркенің лап етіп жанғанындай жанып, тез-ақ сөнгеніндей армандары да тез-ақ күл болғанын сеземіз. Бала арманы, бала махабаты, бала достығының бәрі күркемен бірге жанып кетті.

Тартымды комедиялық элементтері бар бұл фильм фестивальдерге арналып түсірілетін авторлық фильм бола тұрса да, қарапайым көрермендерге қабылдау жеңіл болары сөзсіз. Ұлттық дүниелері бар қазақтың иісі сезілетін осындай фильмдеріміз жоққа таяу екені бәрімізге белгілі. К.Шайқақовтың «Күрке» фильмі сыншылар мен фильмді көрген көрермендердің арасында жақсы пікірлер мен жоғары бағаға ие болды.

Айжан ІЗІМОВА, «Кинотеледраматургия» бөлімінің студенті:

– Фильмді көріп отырып, қазақы болмысты сезінуге болады. Ұлттық киноның образы нақты жасалған деп айтуға келмесе де, біраз элементтері бары анық көрінеді. Режиссердің әр детальді ұтымды қолданғанын кез келген эпизодтан байқай аламыз. К.Шайқақовтың дебюттік фильмі екенін ескерсек, өте жоғары дәрежеде жасалған жұмыс деп айтар едім. Ол кісімен кездесу кезінде сұрақтардың біріне өзі былай деп жауап берген болатын: «Қанша жылдан бері көріп, біліп келген дүниелерге менің түйсігім, ойым, мақсатым көрінеді бұл фильмде». Режиссердің осы сөзін алға тарта отырып, бірнеше жылдың төңірегінде жоспарланып, әбден бабына келген сәтте жасалынған жұмыс деп баға берер едім. Драматургиясына мән берсек, қазақ пен қырғыз қатынасын көрсете отырып, ішкі психологияға тікелей әсер ететін детальдарды алады. Немесе керісінше, бас кейіпкердің өмірін көрсете отырып, қазақ пен қырғыз қатынасын жеткізеді. Қай жағынан түсінсек те, осы екі нәрсе айқын көзделген жоспар ретінде алға шығып отырады. Бұлар тек нақты көрінетін элементтер деп қара­сақ, оның астарында қоғам өмірі, ауыл тіршілігі, тұрмыс жағдайлары, тіпті мылқау жандардың өмірі де аздап көрінеді. Бұл тұрғыдан алғанда, автордың барлық мәселелерді қозғап кетуге ұмтылғандығын аңғаруға болады. Фильмнің шешімі арқылы бас кейіпкердің ішкі психологиясын сөзсіз-ақ түсінесің. Режиссердің тағы бір ұтымды қолданған әдісі көрерменді бас кейіпкермен бірге ерте отырып, алдай алғаны. Осы әдісте жасалған сценаларын бірнеше эпизодтан байқайсың. Сонымен қатар фильмге тән характердің ашылуы. Белгілі бір нәзіктік пен ішкі гармонияның үндесуі. Оған дәлел, фильмдегі қатынастардың ашық көрсетілмеуі. Ол қатынастар метафорамен жеткізілген. Кішкене ғана детальдар арқылы сол сәттердің, оқиғаның характерін сезінесің. Ашықтықтың қажеті де жоқ. Бәрі нақты өлшеммен, сәйкестендіріп жасалған. Қарапайым кино ретінде көрінгенімен, астарын ұғынған адам үшін ойланарлық дүние. «Күрке» фильмі нағыз қазақылықты аңсайтын, ұлттық болмысты қалайтын «тұлғалар» бар болатын болса, бір күні биік деңгейде көрінеді деп ойлаймын.

Назира ӨТЕГЕН, «Кинотану» бөлімінің студенті:

– Бұл кинокартина соңғы жылдары жарық көріп жатқан қазақ фильмдерімен салыстырғанда, мүлдем басқа қырымен, өзгешелігімен, мән-мағынасымен есте қалды. Фильм ұлттық негізді кең алқапты әсем табиғатпен, тіршілігі қайнаған ауыл тынысымен, өмір ағысында жүзген қарапайым адамдармен және махаббаттың дәмін достық арқылы татқан екі кейіпкердің ықыласымен бейнелеген.

Күрке. Бұл кинотуынды жай ғана қарапайым күркені жылулық пен ықыласқа, сезім мен махаббатқа толтырған қарапайым екі жас туралы. Бір-бірінен достықтың арқасында жылулық таба білген қазақ жігіті Сапар мен қырғыз қызы Айшүректің хикаясы. Фильмде махаббат дастаны біз білетін, оқыған «Қыз Жібек», «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» сынды ға­шықтық жырларындағыдай аяқталса да, махаббаттың негізі мүлдем басқа. Себебі бұл махаббат екі жақты қарсылық немесе өлім себепші болған махаббат емес, пәк сезім мен достықты жалау еткен жалғыздықтың орнын толтырған, алайда адалдыққа негіз болған махаббат дастаны. Осы арқылы-ақ фильм драматургиясының қазіргі қазақ фильмдеріндегі драматургия­дан нәрлілігімен, болмысымен алдыңғы шепке шығатынына сенімдімін. Сондай-ақ фильмнің алғашқы демінен-ақ ұлттық, қазақылық леб еседі. Соңғы жылдары қазақ кино қоры көптеген картиналармен толығып жатыр. Бірақ ұлттық құндылықты, қазақы иісті көрермен жанына жеткізіп, визуалды түрде көрсете білген бірден-бір кинотуынды деп осы Кенжебек Шайқақовтың картинасын айта алмыз. Иә, көрермен заманауи фильмдерге заман талабына сай жақын, әрі сұраныста жасайды. Бірақ әңгіменің ашығына келгенде, бүгінгі көрермен бүгінгі режиссерлерден қазақ киносының классикасына айналған «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Алдар көсе», «Гауһартас», «Көксерек», «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс» сынды фильмдер күтеді. Міне, дәл осы жікті бүгінгі күні жалғай алатын кинокартинаға осы «Күрке» фильмін анық жатқыза аламыз.

 

Дайындаған Ержан Жұмабеков

Мақаланың қысқартылған нұсқасы Айқын Республикалық қоғамдық-саяси газетінің № 215 (2609) санында жарияланған

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер