È

«Мистер Штейн идет в онлайн»: Жеңіл, әдемі өмір

 «Мистер Штейн идет в онлайн» фильмі туралы пікір

«Мистер штейн идет в онлайн» – өмірге құлшындыратын махаббат, өмір, жастық шақ пен шабыт туралы, өмірдің әр сәтін бағалап, ғашық болуға үндейтін әлемге танымал аңыздар мен ертегілерден құралған француз киносы. Бұл - күнделікті тұрмыс-тіршіліктің жарқын сәттерін еске салатын, жеңіл әрі әдемі өмірді сезіндіретін нағыз көктемге арналған картина.

Фильм «UniFrance» компаниясының және оның серіктестері Қазақстандағы Франция елшілігінің, «Alliance française» қоғамдық ұйымының, «Арман» киноорталығының ұйымдастыруымен өткен «Бүгінгі француз киносы» сегізінші фестивалі аясында ұсынылып отыр. Бірнеше күн бойы бұл шара арқылы Алматыдағы «Арман» кинотеатрында (сондай-ақ, Астанада) заманауи француз кинематографтарының үздік жаңа туындылары (оның ішінде әлемдік жұлдыздар - Пьер Ришар мен Катрин Деневтың қатысуындағы фильмдер де бар) көрсетілді.

«Мистер Штейн идет в онлайн» – 80 жасқа таяп қалған Пьердің өмірін баяндайтын комедия, басты рөлді әйгілі Пьер Ришар сомдайды. Кейіпкердің актермен аттас болуы бекер емес – бұл танымал француз актеріне көрсетілген құрмет. Олардың ұқсастығы да байқалады, кейіпкер де актер секілді тартымды, кейде көңілсіз, өз жасының қиын жақтарын көріп жүрген, бірақ әлі де жақы көруді білетін қарт. Сюжет бойынша оның әйелі мен туыстары қайтыс болады (ең алдымен қызы), оны күйзелістен құтқару үшін және ойын басқа арнаға бұру мақсатында (Пьер әйелі қайтыс болған соң, екі жыл бойы үйінен шықпаған) арнайы мұғалім жалдайды (француз киносының жарқырап келе жатқан жұлдызы Янис Леспере). Ол мұғалім Пьерге компьютерді, ғаламторды және «онлайн» режиміндегі басқа да дүниелерді үйретеді. Фильмнің басты қызығы - мұғалім Пьердің қызының жігіті болып шығады. Бірақ, қарт мұны білмейді. Пьер қыздармен ғаламтор арқылы танысуды үйреніп алады, бірақ, өз суретінің орнына қызының жігіті, өзінің ұстазы болған Алекстің суретін қояды. Фильм осы екі қызықты комедиялық сәттерден бөлек, отбасылық қарым-қатынасты, махаббат пен өмірдің қуанышты сәттерін дамытатын бірнеше көріністерді бейнелейді. Фильмді «Екеуге арналған профайл» деп те атауға болады. Бұл шындыққа ұласып, ақырында Пьер мен Алекс ғаламтор арқылы бір қызға ғашық болып қалады, ол бойжеткен бүкіл фильм бойы екі кейіпкер өмірінің басты сәніне айналады. Бастапқыда көріністер шиеленісіп кеткендей болуы мүмкін, дегенмен картинада барлығы өз орнымен көрсетіледі, тіпті, ешқандай артық сұрақ та туындамайды. Фильм көріп болған соң, француздардың ғана (аздап итальяндықтардың да) махаббат тақырыбын ешқандай ұятсыз көрініссіз, қалыптасып қалған ережесіз және қайталаусыз мың құбылта алатынына таң қаласың. Жауыр болған тақырыпты қашанғы қозғай беруге болады екен деп те ойлайсың. Бірақ, түрлі әдістер мен тұздықтар қосылып жатса, неге көрмеске?

Басты рөлде – Пьер Ришар. Таныстыруды қажет етпейтін актер (кем дегенде кеңес аудиториясы үшін). Оны көбі бала күнінен біледі, жақсы көреді. «Игрушка», «Невезучие», «Беглецы», «Робинзон Крузо» фильмдерінде керемет ойнағанын әлем бойынша миллиондаған көрермендердің ұмыта қоймасы анық. «Мистер Штейн идет в онлайн» картинасы да осы актердің таусылмас дарыны мен кәсіби ойыны арқылы жарқын бола түсті. Тек оның қартайғанына аздап қынжыласың, бұрынғыдай басы бәлеге қалып жүретін қызықты қылжақбас жоғала бастағандай. Дегенмен, кейде оның жанарынан баяғы бір отты, жарықты сезесің, жылдам өтіп жатқан өмірдің әр сәтіне қуана білетін кішкентай бала сияқты кейбір қылықтары сыр беріп қалады. Айта кету керек, өзінің 82 жасына қарай ол әлі де тың көрінеді. Ол кадрда өзін ұстамды көрсетіп, көптеген елдердегі көрермендерді баурап алған қайтпас күшінің бар екендігін сездіреді. Фильмнің сценаристі әрі режиссері - Стефан Робели, бұл оның үшінші фильмі. Ришармен екінші мәрте жұмыс істеп жатыр. Ол өзінің бес қарттың өмірі туралы баяндайтын «Бәріміз бірге тұрайық?» картинасында осы актерді түсірген (қарттың бірін Ришар сомдаған). Актерлік құрам кәсіби түрде таңдалған, оны Францияда көптеген жастарға арналған фильмдер мен хикаялар арқылы танымал болған жас Янис Леспере толықтырып тұр. Ришар екеуінің жан-жағында аса белгілі емес, бірақ әдемі әрі тартымды француз актрисалары - Фанни Валетт, Стефани де Крэенкур, Стефан Биссо, Анна Бедерке ойнайды. Олар біз үшін танымал болмағанымен, атақты француз режиссерлерінің картиналарында түсіп жүреді, шығармашылықтары да қызығушылық тудыруда.

Бұл фильм – көрерменнің жоғары талғамын қанағаттандыратын, зор өнегесі бар кино деуге келмейді. Бұл авторлық та, коммерциялық та фильм емес. Ол француз шарабы секілді: жеңіл, әдемі, жігерлілік пен үміт сыйлайды, қиял жетегіне еріп, көкке самғауға ерік бере қоймайтын күнделікті күйбеңнен, жұмыстан, шулы қаладан бір сәт демалғысы келетін қарапайым адамдарға, орта тапқа, жас және егде жастағы жұптарға арналған фильм.

Фильм тұсаукесерінде басты рөлдердің бірін сомдаушы Янис Леспере болды. Көрсетілім соңынан кейін ол көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Нәзік жандылар бірден сахнаға жақынырақ бос тұрған орындарға жайғаса бастады. Түрлі қызықты сұрақтар қойылып, тілектер айтылды. Сондай-ақ, «UniFrance» компаниясының өкілі Жоэль Шапрон да төбе көрсетті. Осы кісінің арқасында біздің көрермендеріміздің дәстүрлі шарасына айналып үлгерген аталмыш фестиваль өтіп жатыр. Әрі қарай да жалғасын тауып, одан сайын заманауи француз киноларымен қуанта береді деп үміттенеміз.

Киноға Бағлан Құдайберлиев барды

Оцените рецензию

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Камилла Ермекова

Актриса

Санұржан Сүлейменов

Актер