È

«Менің қызым– құбыжық»: Ауысудың қиындықтары

«Менің қызым– құбыжық» фильмі туралы пікір

«Менің қызым– құбыжық» – сценарист әрі режиссер Начо Вигалондоның канада-испандық фильмі, басты рөлде Энн Хэтэуэй. Бір қарағанда, жеңіл әрі есерсоқ комедия дерсіз, бірақ фильм кинематографиялық және сюжеттік элементтерден тұрады. Фильмді төрт нұсқаға бөліп қарауға болады, олардың әрқайсысының өз шындығы бар.

Бірінші нұсқасы: «Менің қызым– құбыжық» - айналымға бағытталған кезекті өнім, ауыр күн мен жағымды кешке арналған, кока-кола ішіп, попкорн жеп, демалып отырып көретін туынды. Фильм көрермендерді аса қатты ойландырмайды. Сюжет бойынша Энн Хэтэуэй сомдаған кейіпкер Глория қиындықтарға тап болады, оны жігіті үйінен қуып жібереді (енді ол туған қаласына барып тұруы керек, ал ол жақта ауыл жігіттерінен құралған сыныптастары көрші болады), бір жыл бойы жақсы жұмыс таба алмайды және ең бастысы – Глория алкогольді өнімдерді тұтынуын тоқтата алмайды. Бұдан өткен жамандық жоқ шығар деп ойлайсың. Бірақ... Бір күні Сеулге әйгілі Годзилланы еске салатын үлкен құбыжық тап болады. Бұл жерде тек Токионың орнына басқа азиаттық астана көрсетілген. Қаланың барлық тұрғындары алаңдаулы, бойларын қорқыныш билеп алған.

Мұның барлығы әрине сұмдық, бірақ жолы болмайтын Глориямен қандай байланысы бар дерсіз? Түсіндіре кетейік: бұл құбыжықты Глория басқарады. Ал қалай басқаратыны беймәлім. Оның және табиғаттың өмірінде барлығы шиеленісіп кеткен. Глория белгілі бір уақыт аралығында және белгілі бір жерде (таңғы 8:05-те, бір үйлердің есік алдында) қысқа мерзімде түсініксіз әрі үлкен құбыжықты басқара алады (фильмнің негізгі атауы «Аса ірі»). Әрі қарай бойжеткеннің өмірлік соқпақтары көрсетіледі (бұрынғы және қазіргі жігіттерімен қарым-қатынасының қиындығы, байқаусызда миллиондаған адамдарды өлтіріп алғандықтан өзін-өзі жегідей жеу, қиындыққа толы балалық шағының естеліктері). Мұның барлығы құбыжықтың әрекеттеріне әсер етпей қоймайды. Өздеріңіз байқағандай, оқиға түрлі әрекеттермен шиеленісе түседі. Дегенмен, оқиға өзіңді еркін ұстауға жетелейді.

Екінші нұсқасы: «Менің қызым– құбыжық» - жанр ауысушылыққа қатысты түрлі зерттеу жүргізетін шебер испандықтың постмодерндік тәжірибесі. Фильм бүкіл көрсетілім бойы түрлі жанрларды қамтып шығады. Басында көңілсіз нотамен басталады (айырылысу, көз жасы, т.б.), одан кейін фильм фантастикаға (құбыжықтың пайда болуы) ұласады, ақырындап шым-шытырыққа жалғасады да, комедияға айналып кетеді (Глория күлкі үшін билей жөнеледі, осы уақытта Сеул тұрғындарын үрейлендірген құбыжық та билеп кетеді – бүкіл әлем таң қалады). Әрі қарай, картина ортасында драма элементтері көрініс табады (Глория мінезінің психологиялық аспектісі), содан кейін біз ортаңқол триллерді көре аламыз (Глория мен американдық әзілкеш Джейсон Судейкис сомдаған сыныптасы Оскар екеуінің шайқасын көрсеткен камера өткірлігі) және соңына қарай түсіруші топ бізді жеңіл драма арқылы комедияға жібереді. Жанрлардың бұл саяхаты кинематографқа қызығушылық танытатын адамдар үшін қызықты болуы мүмкін, алайда, қарапайым көрерменге жанрлық, стилистикалық ботқа қиындау боп көрінеді. Фильм көрсетіліп жатқан уақытта көрермен туындының мән-мағынасына бірден еніп кете алмайды, ұзақ ойланады. Ол біртүрлі фильмді қандай заңдылықпен көру керектігін түсінбей, алақ-жұлақ етіп отырады. Бұл фильмнің кемшіліктерінің бірі (бірақ кейбіреулер үшін қызықты белгісі болуы мүмкін).

Үшінші нұсқасы: «Менің қызым – құбыжық» - кинематографтың табиғат анализіне бағытталған фильмі. Құбыжық – гиперболаланған құбылыс. Сонымен қатар, кино да – барлық адамзаттың үлкейтілген түрі (физикалық түрде (біз, қарапайым көрермендер, экраннан үлкен адамдар мен үлкен заттарды көреміз) және ішкі, рухани жағынан кішкентай кемшіліктерді ұлғайтып, өмірлік сәтсіздіктерді үлкен шығынға айналдырып жібереді). Бұл біртүрлі болғанымен, фильмдегі құбыжық – киноның символы. Бір жағынан шынайы өмірден басқа әлемге ауысу секілді.

Төртіншісі және менің ойымша, ең қызықты әрі шындыққа жақын нұсқасы: «Менің қызым – құбыжық» - сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, ішкі жан-дүниесі таңғажайып құбылыстарға толы адамдардың аллегориялық оқиғасы. Бұл қалыпты естілгенімен, жәйдан-жәй ойластырылған жоқ: «кімнің ішінде не барын кім білсін». Әр адамның ішіне құбыжық қана емес, бүкіл әлем сыйып кетеді. Бұл нұсқада құбыжық – адам болмысының символы. Біз оны кейде жасырамыз, кейде ол сыртқа шығып кетеді, біреуінде ол мейірімді, енді бірінде ашулы кейіпте болады. Шынымен де, басқа адамды тану, түсіну қиынға соғып жатады, менің ойымша, фильмнің негізгі айтары осы болса керек.

Кейде айналымға осындай біртүрлі фильмдер шығады. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, анықтап қараса ойлануға қызықты әрі пайдалы болып жатады. Сонымен қатар, тек кинематографиялық материал үшін ғана емес, өзің үшін де пайдалы болмақ. Ал бұл өте маңызды, өйткені шындық біреу ғана - nosce te ipsum.

«Менің қызым - құбыжық» комедиясының кестесін кинотеатрлар афишасынан көре аласыздар

Киноға Бағлан Құдайберлиев барды

«Бродвея» редакциясы «Менің қызым – құбыжық» фильмінің көрсетіліміне шақырғаны үшін «Меломан» компаниясына және StarCinema 3D (ТРЦ Mega Alma-Ata) кинотеатрына алғыс айтады.

Оцените рецензию

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Аян Өтепберген

Актер

Дастен Шәкіров

Актер