È

Наталья Иванова: «Вера өзінің ауруы туралы жақсы білетін, бірақ бұл тақырыпта сөз қозғамауымызды өтінді»

Наталья Ивановамен сұхбат

24 қыркүйек күні қапыда айырылып қалған режиссер әрі әдемі әйел, тамаша актриса Вера Глаголеваның өмірден өткеніне 40 күн болды. Бір аптадан соң Алматыға Мәскеуден Вера Глаголеваның «Саз шұңқыр» фильмін аяқтау үшін арнайы топ келеді. «Бродвей» редакциясы картина продюсері Наталья Ивановамен телефон арқылы тілдесті.


- Сіздің Верамен бұрыннан таныс екеніңізді білеміз әрі онымен бірге төрт картина түсірдіңіз. Сіздер қалай таныстыңыздар және қалай бірге жұмыс істедіңіздер?

- Бұл бұрын болған еді. Глаголевтар отбасымен студент кезімде Мәскеуге келе салысымен достасып кеттім. Әсіресе оның ағасы Бориспен дос болдым, екеуіміз бір жоғары оқу орнында оқыдық. Бориспен достасып жүріп, Вераны жақынырақ біле бастадым, оның жеке өмірі мен шығармашылығына қанық болдым.

2004 жылы Борис маған Вераның ойнамалы картинаға продюсер іздеп жатқанын айтты, мен сол кезде деректі киномен айналысып жүретінмін. Вера екеуіміз кездесіп, сөйлестік, ол бірге жұмыс істеуді ұсынды. Нәтижесінде, басты рөлді Александр Балуев сомдаған «Тапсырыс» атты бірінші фильмімізді түсірдік. Айтпақшы, актер Вера үшін бір тұмар сияқты болды, Вера өзінің кез-келген жаңа жұмысында Александрға рөл тауып беруге тырысатын.

Кейіннен, 2009 жылы «Бір соғыс» фильмін түсірдік. Картина көптеген белді фестивальдерде жүлделі болды. Бірақ, бұл бастысы емес. Аталмыш туынды Вера Глаголеваның өзіндік бағыты мен мінезі бар режиссер ретінде қалыптастырды. 2013 жылы Иван Сергеевич Тургеневтің «Ауылдағы ай» пьесасы бойынша классикалық мелодрама түсірдік, оған тамаша ағылшын актері Рейф Файнц атсалысты. Бұл керемет әрі бақытты кездер еді! Смоленск маңындағы ауылда өткен бір ай! Ракитин рөлін дәл сол актердің сомдағанын Вера армандап еді, оның арманы орындалды!

Вера Глаголева және басты рөлді сомдаушы Санжар Мәди

- Санжар Мәди бір сұхбатында Вера Глаголеваның қатал режиссер болғандығын және «Саз шұңқыр» фильмінің түсірілімі кезінде актерларға оңай болмағанын айтып еді.

- Иә, басқа картиналарда да актерларға оңай болған жоқ. Сыртқы нәзіктігіне қарамастан, Вера - түсірілім алаңында қатал, талапшыл режиссер. Себебі, ол түрлі мінезі бар бірнеше адаммен жұмыс істейді ғой. Оның барлығын басқара алуы қажет. қаласаң да, қаламасаң да қатал болуға тура келеді. Кино – бұл өндіріс әрі қатаң жоспарланған дүние! Вера біздің барлық картинамыздың қосалқы продюсері болған және кино түсіру кезіндегі қателіктердің неге әкеп соғатынын жақсы түсінетін. Вера өзі актриса болғандықтан, актерларды көп қинамайтын, тіпті сынамаға өзіне толық сенімді болған кезде ғана шақырған.

- Неге Вера өзінің ауруы туралы біле тұра, «Саз шұңқыр» фильмінің жұмысын тоқтатпады?

- Әрине, Вера өзінің ауруы туралы жақсы білетін, бірақ жақын достары мен құрбыларынан бұл тақырыпта сөз қозғамауын өтінді. Бұл табу болатын. Ол қажетті сөзін айтты, ал Вера өзінің айтқанынан қайтпайтын. Ол осы драманы түсіргісі келді, сондықтан өз ойындағыдай фильмді жарыққа шығарды. Бұл үшін қандай қадамға барғанын біле беріңіз!

Вера Қазақстанға ұмтылды. Қиялында сіздердің өлкелеріңіздің сұлулығын елестетіп, Санжар Мәди сомдаған басты кейіпкер Рустамның түсі арқылы соны экранда көрсеткісі келді. Фильмдегі бұл естеліктер басты кейіпкер мінезін ашуда негізгі рөл атқарады, сондықтан Қазақстандағы түсірілім фильм үшін өте маңызды болып табылады.

«Саз шұңқыр» фильмінің операторы Александр Носовский және суретші Рустам Одинаев

- Қазақстандағы түсірілім қашан және қайда болады? Қазақстанмен бірігіп жоба жасауға қалай қарайсыз?

- Түсірілім орындары таңдалды, ол Қапшағай да және соның маңайында, Талғар мен Түргенде болмақ. Қазан айының басында түсірілімді жалғастыратын боламыз, бастысы ауа-райы жақсы болса екен! Қазақстандағы тобымыз өте керемет, оның жетекшісі - суретші Рустам Одинаев. Ол Верамен бірге «Снайперлер» фильмінде бірге жұмыс істегенін айтқанда, Вераның өзі соған алып келгенін түсіндік.

Жалпы, Ресей мен Қазақстанның киноөндіріс саласында бірігіп жұмыс істеуіне толық негіз бар, болашағы зор деп ойлаймын. Біздің тарихымыз ортақ, тілдерімізді түсінеміз, қалай достасуды және бірге жұмыс істеуді де жақсы білеміз! Тек нормативті құжаттарды ретке келтірсек болды, сонда ресейлік және қазақстандық кинематографшылар өз жобаларын тең дәрежеде жүзеге асыра алады, мен оған сенімдімін. Әзірге ондай жобалар аз, бірақ бәрі алда!

Вера Глаголева жарқын жүзді адам болатын. Ол құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, өте шықты ғой.

 

Әңгімелескен Диана Әшімова

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер