È

Авторлар «Айка» жайлы

Авторлар «Айка» жайлы

Самал Еслямова есімі осы жылдың мамыр айынан бастап, Қазақстанға ғана емес, күллі әлемге таныс есім бола бастады. «Канн» фестивалінен «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын иемденген отандық киножұлдызын қазақ елі бірден үлкенді-кішілі марапаттарға лайықтап жатты. Сондай марапаттау рәсімінің бірінде актрисамен сөз алмасудың сәті түсті. Самалды алғаш кездестіргенде, ең алдымен биязылығына, табиғи сұлулығына қарап тамсанасың. Әңгімелесе келе сырт келбетіне ғана емес, ішкі сұлулығына да ғашық боласың. Оның тамаша дауысы, көкшіл көздері сені бірден баурап алады. Неткен тамаша жан! Міне, алғашқы әсер осындай болды.

Ендігі кезекте Самалды киноға алып келейік. Ол Ресейлік театр өнері институтын бітіріп, Мәскеуде тұрақтағанына 10 шақты жыл болды. Ең алғашқы кинокартинасы «Қызғалдақ» («Тюльпан») фильмінде ойнайтын Самал өзінің табиғи болмысына ұқсайтын секілді. Ойда жоқта кино әлеміне тап болған Самал «Қызғалдақ» кинотаспасының түсірілімі аяқталған соң, актерлік шеберлікті кәсіби деңгейде игеруді құп көреді. 19 жасар Самал ешқандай тәжірибесіз-ақ өзінің рөлін жақсы алып шықты. Бұл әрине, режиссер екеуінің тыңғылықты жасалған жұмысының арқасында.

Ал «Айка» фильміне келсек, Самал мұнда өзгеше. Алғашында Айканы қорқақ, әлжуаз қыз деп ойлаған көрермен шын мәнінде оның артында өжет, есесін жібермейтін әйел тұрғанын білмейді. Оның кейіпкері – қырғыз елінен келіп, Мәскеуден пана іздеген жан. Үлкен қалаға келіп, «үйіме көмек көрсетемін, қаражат табамын» деп келген жалғыз Айнұр емес. Дәл өзі сияқты қыз-келіншектер, ер-жігіттер қаншама?! Сол бейбақ адамдардың барлығымен бірге тұрудың өзі Айка үшін қасірет. Біреуі балапандарына хабарласып, «Мәскеу керемет, көшелері кең», «менде бәрі жақсы, жақында келем» деп өзін де, өзгелерді де алдаумен әлек болса, енді бірі көршісі оған төрт қабырғада өсетін қызғалдақ беріп әлек. Осы қосалқы кейіпкерлерді қосу арқылы режиссер Сергей Дворцевой бір жағынан Мәскеудегі мигранттардың халін көрсетсе, екіншіден өзінің алдыңғы «Қызғалдақ» кинокартинасын еске салады. Бұл жөнінде режиссерден сұрағанда: «Мен шынымен төрт қабырғада топырақ сеуіп, гүл өсірген адамдарды көрдім. Бұл оқиға «Айка» фильміне дәл келгенде оны зор ынтызарлықпен қолдандым», - дейді.

Фильм бастала сала алаңдатын бір нәрсе – камераның тұрақсыздығы. «Неге ол бір орыннан екіншісіне көзді ауыртып, жүйкені жұқартып ауыса береді» деуіміз әбден мүмкін. 10 минут... 10 минут уақыт қана сені фильмнің ауанына ендіреді, жарық сөнген соң, Айканың артынан ересің, басынан кешкен қиындықтарын бірге өткересің. Бұл – оператордың ерекше айласы. Сені сол тұңғиыққа тастап жіберетін де оператор.

Оқытушылар қандай да бір фильмді көргеннен кейін, әр талдау сайын картинаның негізгі идеясын сұрайды. «Айканы» көріп болған соң, өз-өзіме осы сұрақты қойдым. Бұл қырғыздардың әлсіз тұстарын көрсету ме? Жо-жоқ, еліне сүйіспеншілікпен қарайтын Дворцевой бауырлас елімізді осылайша төмендетуі мүмкін емес. Мәскеудің біз білмейтін тұстарын көрсету арқылы оның беделін түсіру ме? Режиссер этникалық орыс бола тұра, Мәскеуден қоныс тебе тұра, арқадан пышақ сұққан секілді опасыздық жасай алмайды ғой. Әлде көкек ана жайлы ма? Түнімен дөңбекшіп шыққан мен, ертесіне «Айка» фильмінің баспасөз конференциясына бардым. Бұл сұрақтың жауабын режиссердің өзі айтты: «Фильм мүлде қырғыздар туралы емес. Бұл таспа адамзат туралы емес пе?! Нақтырақ айтар болсақ, ананың балаға деген махаббаты... Айка қансырап жүрген кездегі мұз, қан, орамал - осының барлығы сәбиді еске түсіретін детальдар. Өмір мен табиғаттың, Жаратқанның бізден мықты екендігі жайлы. Бүгін «мынаны», ертең «ананы» істейміз деген біздер – соларға бағынышты екендігімізді көрсетеді. Анасың ба? Демек, балаңды емізуге міндеттісің. Болды», - деп жауап қатты Сергей Дворцевой.

Сондай-ақ, фильмнің сценарийі, түсіру тәсілдері жайлы режиссер: «Сценарий бәрінің көңілінен шықты. Бірақ, түсіре бастаған кезде сценарийдің кино емес, әдебиет ретінде ұнайтынын ұқтым. Геннадиймен бірігіп жазсақ та, кино ретінде толық ұнаған жоқ. Осы сәтте сол сөздерді визуалды бейнелерге ауыстыру керектігін түсіндім. Сол кезден бастап күнделікті көлемді жұмыс басталды. Сценарийдің алғашқы нұсқасынан 20 пайызы ғана қалды. 80 пайызы түсірілім алаңында туындады. Екі сағаттың ішінде басында нәрестесін жек көретін, бірақ соңында одан бас тартпайтын әйелдің оқиғасын қалай айтып беруге болады? Көріп болған соң, көрермен: «Бұл кино ғой. Кинода бәрі мүмкін» демес үшін оларды қалай сендіруге болады? Ал сендіру үшін Геннадий айтпақшы, драматургияны өте жақсы түсініп, оның заңдылықтарына жүгіне отырып қана, жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. Менің ұстанымым мынадай: кім драматургиямен жүрмесе, сол адам кинода оның құрбанына айналады және бұл экранда байқалып тұрады. Сондай-ақ, жанның қозғалысын білдіретін бейнені іздеу керек. Оның бүкіл тебіренісі ішінде жатыр. Неге картина сондай ауыр? Себебі, бұл психологиялық фильм. «Қызғалдақ» – адам кеңістігіндегі қақтығыстар жайлы аңғал визуалды картина болса, мұнда барлығы керісінше. Адамның ішкі жан-дүниесіне үңілесің. Байқасаңыздар, біз фильмде Айкадан басқа ешкімді көрмейміз. 99 пайыз сонымен біргеміз. Ал жан-дүниесін көрсету үшін не істеу керек? Ең жеңілі, кадрдан тыс мәтін беріп, керек жерін нақтылап беретін әдемі музыканы қосып қоюға болар еді. Өз басым, бұл шешімді дұрыс деп қабылдамаймын, себебі алдымда визуалды бейнелерді іздеу керек деген мақсат тұрды. Барлығы сүзгіден өтті. Тиянақты қорытынды жасадық. Сондай-ақ, біз жасаған үлкен жұмыс көрерменге көрінбесе екен дедік. Барлығының шынайы болғанын қаладық. Соңында, мұның барлығы өмірге айналды. Әрине, ветеринарлы емхана, жануарлар, ауа-райы, қар, апат - осылар шынайы өмірді бейнеледі. Дегенмен, мұның барлығы шынайы оқиғаға негізделіп, ойдан құрастырылған өмір. Бірақ, деректі кино деп қабылдауың әбден мүмкін», - деп сөзін аяқтады.

 

Ал Самал Еслямова фильмде болып жатқан әр кадрды тегіннен, оқыстан түсірілген жоқ деп айтады. «Менің әр қимылым кездейсоқ шықсын деп көп нәрсеге үлкен мән бердік. Жоспарлаумен басталатын түсірілім жоспармен аяқталды, ал мен ертеңгі түсірілетін сахнаға қай жағынан болса да, дайын болуға тиістімін. Ертең Айканың ұйқыдан ояну сәтін ойнауым керек болса, сол сахнаға түн жамылғаннан бері моральдік тұрғыда дайындалатынмын. Ұзақтығы 4-5 секундқа созылатын кадрлардың өзін бірнеше мәрте түсірдік. Осының барлығына арналған жеке дайындық бағдарламам болды. Бұл жұмыстың жемісін көру үшін көп күш-жігер жұмсадық», - деп сөзін тәмамдады.

Ойланып қараңызшы... Елімізде ғана емес, Орта Азияда, одан әрі барсақ, тіпті КСРО-ға мүше мемлекеттен еш актриса «А» дәрежелі фестивальдерден, оның ішінде Канн фестивалінен «Ең үздік әйел адам рөлі» номинациясын жеңіп алған емес. Осы атақты лайықты түрде иемденген қазақ қызы Самал Еслямова кеудесін кермек түгілі өзінің ең үздік актриса екендігінен ұялатын секілді. 11 жылын екі ғана кинокартинаға арнаған Самал Еслямова кино әлеміндегі ең биік марапатқа ие болды.

Ал режиссердің кезекті туындысы жайлы айтылған жақсы пікірлер толассыз. Солардың ең құрметтісі, белгілі Корей кинорежиссері Ким Ки Дуктың: «Мен үнемі «Кино деген не?» деген сұраққа жауап іздеймін. 23 жылдық тәжірибесі бар мен бұл сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап бере алмай келемін. Күні кеше «Айка» фильмін тамашалап отырып, үлкен әсерге бөлендім. Бұл фильмді өте терең, тамаша туынды деп қабылдадым. Картинаны тамашалап отырып, мені мазалайтын сұрақтың жауабын тапқан секілдімін. Әрине, толыққанды жауап таба алдым деп кесіп айта алмаймын. Түйгенім – кино деген біз білмейтін болашақ. Сырлары ашылмаған құпиялар», - деген жылы лебізі режиссер Сергей Дворцевойдың картинасының сапасын айқындап бергендей. Әрине, бұл оймен келісу-келіспеу әркімнің өз еркінде. Дегенмен, кейде шеберлердің сөзіне құлақ асқан артық етпейді.

 

 

Егеубаева Еңлік

Қазақ Ұлттық өнер университеті

«Кинотану» мамандығы ІІ курс

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Жанель Әлікова

Актриса

Берік Арықбаев

Актер

Ақылжан Мақашев

Актер

Еркебұлан Тасынов

Актер

Меруерт Қасымбек

Актриса

Әділет Әбдірәсіл

Актер

Әсет Әбдірәсіл

Актер