È

Жаннар Шураева: «Арал – біздің өміріміздің айнасы»

Жаннар Шураевамен сұхбат

Жас режиссер Жаннар Шураева 2016 жылдың күзінде түсірілім тобымен бірге «Ақырғы теңізге» («К последнему морю») фильмін түсіру үшін Арал теңізіне экспедицияға барады. Картина арқылы тартылып қалған теңіз жағдайы ғана емес, автордың осы мәселені жүрекпен сезінгені байқалады. Жаннар қысқаметражды фильм туралы, түсірілім жұмыстары жөнінде және картина желісі жайында толығырақ «Бродвей» кинопорталына айтып берді.


- Арал теңізі туралы фильм түсіруге не себеп болды? Түсірілім жұмыстары қалай өтті?

- Қазіргі таңда мен үшін Арал – бір аллегория, метафора, таңба секілді. Бұл авторлық кино үшін маңызды рөл атқаратын локацияның әдемі шығуына әдейі таңдап алынған жер емес. Арал мен үшін ішкі жағдайымды бейнелеу секілді. Негізі туған жерім Солтүстік Қазақстан, қазір Алматы қаласында тұрамын. Арал теңізінде ешқашан болған емеспін, бірақ тартылып бара жатқан теңіз мәселесіне қанықпын. Мен үшін бұл көптен бері ойда жүрген жоба болды. Өзімді тану мақсатында мен ойша аралға саяхат жасап көрдім. Осылайша фильм идеясы дүниеге келді.

Шопенгауэр торығушылықтан ешқашан қорықпау керектігін айтқан. Осы арқылы өзіндік «меніңді» қазбалап, қайта жоғарыға өрлеуге мүмкіндігің бар. Бұл ой маған қатты ұнады. Тек қана өзіңнің тұңғиығыңа батып, өз бейнеңе анықтап қарап, қорқыныш, күмән, кемшіліктер секілді мінездемелеріңе қарай отырып, маңызды сұрақтарға жауап таба аласың.

Оқиға бір сағаттың ішінде туындады. Кезінде екеуіміз дипломдық фильм түсірген танысым, оператор Женя Махметовқа сценарийімді жібердім. Ол мені «Sezar» студиясының продюсері Айдар Баталовпен таныстырды. Барлығы осылай басталды. Ақырындап топ пайда бола бастады.



Картина бюджеті айтарлықтай көп емес. Балалар аз ғана қаражатқа, ерекше шабытпен жұмыс істеді. Барлығының да Аралға барғысы келді, жағдайды өз көзімен көруді құп көрді. Әрине, түсірілім шарттары қаталдау болды. Сондықтан, тығыз кесте жасалды. Қысқа ғана уақытта барлық материалды түсіріп үлгердік. Дегенмен, барлығына уақыт жете қоймады. Балалар бар күшін салып жұмыс істеді. Бізбен жүрген барлық түсірілім тобына алғысым шексіз. Фильм ойдағыдай болады деп ойлаймын. Дегенмен, режиссер ретінде картина көңілімнен шыға қоймады, өйткені, ең адал сыншы – ол өзің ғанасың.

- Қысқа метр түсіруді басынан-ақ жоспарлап қойдыңыз ба?

- Иә. Бұл қысқа ғана оқиға болып шықты. Бірақ, қаржылау қолдау болғанда маңызды әрі нақты оқиғалармен толықтырылған толықметражды фильм түсіруге болатын еді. Дегенмен, сол кезде барымен базар болып, демеушілерді іздей қоймадым.

- Актерлік құрамды қалай таңдадыңыз?

- Фильмде барлығы үш-ақ кейіпкер. Кейіпкердің біреуін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Райхан Айтқожанова, екіншісін жас дарынды актриса Салтанат Наурыз, ал үшінші кейіпкер – баланың рөлін тоғыз жасар Самуил Туралиев ойнады. Райхан Айтқожанова сценарий оқып болған соң, бірден келісімін берді. Ал жастар жағын таңдау қиынға соқты. Жаз бойы кастинг өткіздік. Бізге қазақ тілін жақсы білетін қалалық қыз керек болды. Кейіпкер - болмысы жағынан төрт құбыласы түгел болғандықтан ештеңеге қызыға қоймайтын табысты, толыққанды қалалық қыз. Біз Салтанатты таңдадық.



- Түсірілім жұмыстары қай уақытта өтті?

- Фильмге табиғаттың түрлі көріністері қажет болғандықтан, қыркүйек айын таңдадық. 7 күндік түсірілім ішінде біз шыжып тұрған күнді, найзағайды, қатты соққан желді, таңсәріні және күннің батуын түсіруіміз керек болды.Біз барлығын ойдағыдай атқарып шықтық. Табиғат та бізге оң көзқарас танытып, қажетті көріністерді ұсына білгендей. Бұл тағдырдың сыйй деп білеміз.

- Барлығын 7 күн ішінде түсіріп үлгердіңіздер ме?

- Актерлердің қатысуынсыз сол жерге тән ұсақ-түйектерді түсіруге тек бір күн ғана жетпей қалды. Әр көріністі бірнеше дубль арқылы түрлі ракурста түсірдік. Актерлар шаршап жүрді, әсіресе Самуилға қиындау болды, себебі, бұл оның алғашқы экспедициясы және кинодағы бірінші рөлі еді. Дегенмен, анасы екеуіне қарыздармыз, бала өзіне берілген міндетті жақсы атқарып шықты.

- Әңгіме жазылып жатқанда, Сіз арнайы жерді ойша елестетіп отырдыңыз. Ойыңыздағы картина Сіздер түсірген жермен сәкес келді ме?

- Сценарий сюжеті бойынша тартылып бара жатқан теңізді зерттеп жүрген ғылымдар орналасқан кеңес заманында салынған үй болуы керек еді. Мұндай үй шынымен де Барсакелмес аралында бар. Үй жаңа қалыпта сақталған, бірақ ол жақта ешкім тұрмайды. Үйдің ішінде жұмыс үстелі, қазыналық жиһаздар орналасқан.

Сонымен қатар, үй жанында тұратын кеме іздедім. Іздегенімді таптым десем де болады, бірақ олар бір-бірінен 200 км қашықтықта тұрды. Сондықтан, түсірілім тобына табылған кеменің жанынан үй салуға тура келді. Ұйымдастырушылық жағынан бізге жергілікті билік пен тұрғындар көмектесті.



Көліктен бізде тек ПАЗ ғана болды. Ол Алматыдан барлық құрал-жабдықтармен, азық-түлікпен, реквизиттермен түсірілім алаңына барды. Сондай-ақ, атқарушы продюсердің көлігі де жүрді. Бізге басты кейіпкер Аралға келу үшін көлік қажет болған. Осы екі көлік түсірілім бойы бізді азық-түлікпен, сумен қамтамасыз етіп отырды. Ол жақта ауыз судың тапшылығынан қандай су ішкенімізді білмейміз, бірақ әйтеуір ешкім ауырған жоқ. барлығын аяқтап, үйге қайтып келген соң қандай тәуекелге барғанымызды түсіндім. Маған кейін екінші режиссер Равиль Трумов «Жаннар, кинодағы ең қиын нәрсе — ол балаларды, жануарларды түсіру» деген еді. Осы фильмде мен барлығын жинадым. Әрқайсысынан аз да болса фильм осы көріністерден тұрады.

Жануарлар арасында түйелер болды. Бірақ, олар сценарийіңде жазылғандай бола қоймайды екен. Олар камераға жоламайды, алыстан қашады. Қала тұрғындарына, яғни бізге айтқаныңа көне қоймайтын жануарларды ыңғайымызға қарай келтіру керек болды. Фильм үшін тірі реквизиттер арасында балық қажет еді. Алматыдан бірнеше балық алып келуіміз тиіс болды, өйткені Аралдан тірі балық табу қиындау.

- Түйелерді қайдан алдыңыздар?

- Ол жақта түйелер өте көп. Біз тұрған үй оларды асырайтын болып шықты. Тобымыздың әйелдер қауымы солардың жазғы үйіне жайғасса, ер азаматтар кеме жанынан құралған шатырда түнеді. Айтпақшы, олар сол жерде қатты боранды да, ұлыған қасқырларды да өткерді.



- Фильм түсірілімінен кейін осы жердің түйткілді мәселелеріне деген көзқарасыңыз, рухани ойыңыз өзгерді ме, қалай ойлайсыз?

- Суреткер ретінде Арал - менің айнам деуіме болады. Дегенмен, мәселеге кеңінен қараса, Аралдың барлығымыздың айнамыз екенін түсінеміз. Біз үлкен теңіздің тартылып қалуына жол беріп қойдық. Басқа жақьа емес, өз елімізде. Мен сол жақтың тұрғындарына таң қаламын. Олар тағдырларына налымайды. Өзгерген ортада жұмыстарын істеп, өмір сүріп жүр. Біз ол жақта бар болғаны 7 күн ғана болдық. Өзімізге үйреншікті емес жағдайларға тап болдық. Ал жергілікті халық үшін жолдың, дүкендегі нанның жоқтығы (олар өздері пісіреді) отынның тапшылығы (біз жанармай, су және азық-түлік үшін 50 км жол жүрдік) қалыпты нәрсе. Осы жағынан біраз ой түйдім. Адамға бақыт үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Мысалы, маған сүйікті ісімнің, сүйікті кітабымның, күнделікті тамақтың болуы, жақындарым мен достарыммен әңгімелесуім, саяхатқа шығуым болса болды. Күш-қуатымды азайтпай, керісінше арттыратын нәрселер жеткілікті. Мен үшін сыртқыдан гөрі, ішкі жан-дүниемнің байлығы маңызды.

- Болашақта «Ақырғы теңізге» картинасын не күтіп тұр?

- Мен үшін режиссер ретінде өз пікірімді білдіріп, мені тыңдаса болды. Мұндай мүмкіндік барлығында да бар, тек оны әркім әрқалай жеткізеді. Біреулер әлеуметтік желі арқылы, енді бірі сурет пен музыка, ән арқылы ішкі жан-дүниесін жеткізіп жатады. Ал мен киноны таңдадым, себебі режиссердің дипломын алғанмын. Суреткер ретінде өзім қалаған нәрсені жасадым. Фильмді толықтай аяқтамай жатып, оны не күтіп тұрғанын ойламаймын да. Әрине, «Ақырғы теңізге» туындысын көп адам көрсе екен деймін.

Жаннар Шураеваға сұхбаты үшін алғыс айтамыз.

 

Әңгімелескен Айдана Мамаева

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер