È

Жәнібек Нұрбекұлы: «Қазақ аниматорларының бірлестігін» мемлекет өз қамқорлығына алса екен»

Жәнібек Нұрбекұлы: «Қазақ аниматорларының бірлестігін» мемлекет өз қамқорлығына алса екен»

Жалпы, сіздің ойыңызша қазіргі таңда қазақ анимациясының жағдайы қандай? Қандай мәселелер қозғалмай қалып жатыр?

Дәл қазіргі кездегі қазақ анимациясының жағдайы жаман емес. «Өркендеу кезеңі» деуге де болатын сияқты. Себебі, Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық өнер университеті мамандарды үздіксіз жыл сайын шығарып жатыр. Және болашақ мамандардың дипломдық жұмыстарының өзі қазақ анимациясы үшін әжептәуір септігін тигізуде. Ең бастысы, осы мамандар шығару үзіліп қалған жоқ, және жылдан жылға жаңа технологиямен жұмыс жасауды үйреніп келеді. Бұл мамандардың сапасының да жақсарып келе жатқандығының белгісі. Жалпы алғанда, алдағы уақыттағы үлкен өндіріске дайынбыз деген сенім бар. Қуантатын тағы бір жәйт, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ 2006-2007 жылдардан бастап жылына 4-5 қысқаметрлі анимацияларды қаржыландырып келеді. Соның нәтижесінде, бүгінгі күні «Қазақфильмде» екі толықметрлі мультфильм жасалып жатыр.

Қозғалмай тұрған мәселе дегенде, бірінші кезекте, «Қазақ аниматорларының бірлестігін» мелекет өз қамқорлығына алса екен деген ой мазалайды. Екіншіден, ұрпақ тәрбиесі деген мәселе. Кез келген ата-ана өз баласының болашағы үшін ештеңе аямайды. Дәл сол сиякты мемлекет те, өз болашағы, ертеңгі мұрагері, жас ұрпақ тәрбиесі үшін аянбай тұрақты түрде анимация саласына қаражат бөлуге тиісті. Мемлекет басына қандай қиыншылық түссе де бұл қолдау өзгермеуі керек. Өйткені, сол ұрпақ ертеңгі күні бұл жақсылықты басқалай жолмен қайтарады: мемлекеттің мәртебесін көтеретін, рухы мықты, сауатты да салауатты азаматтар болады. Үшінші мәселе, сапалы толықметрлі анимациялық фильм деген- екі жылда, үш жылда бір шығатын дүние. Біздегі билік басындағылардың бір асығыстық танытатын тұсы осы: көктемде қаражат бөлсе, қыстың кезінде дайын жұмысты алғысы келеді. Бұндай асығыстық анимациялық фильмнің сапасының жақсы болуына нұқсан келтіреді. Сондықтан, толықметрлі мультфильмге екі, үш жылдан уақыт беріліп, жыл сайын 9-10 қысқаметрлі анимациялық шығармаға қаражат бөліп отырғандығы абзал. Сол жағдайда, мамандар шынығады, анимация саласында бәсекелестік пайда болады, бұл бәсеке өсу процесіне ұласады.

Мультфильмді үлкендер де, кішілер де сүйіп көреді. Дегенмен, басым көрермені балалар екені дау туғызбас. Бүгінгі бүлдіршіндер экраннан не көргісі келеді және олардың талаптарын отандық өнімдер қаншалықты орындай алады?

Кішкентай көрермендер экраннан не көргісі келеді дегенде, түсінікті ғой: ұл балалар супергерой болғысы келеді, қыз балалар мультфильмдегі әсем, де сұлу кейіпкерлерге еліктейді. Сондықтан, ұл балаларға арнап, өзіміздің жыр- дастандарымыздағы батырлар бейнесін жасауға болады. Қыз балаларға «Күн астындағы Күнікей» немесе «Қыз Жібек» секілді образдарды жасағанда тамаша болар еді. Әрине, бұл шығармалардың тақырыбы балаларға ауыр. Алайда, сюжеттерін өзгертіп, немесе тым болмағанда кейіпкерлерін алып, басқа оқиға төңірегенде жасауға болады Сонда, адамгершілікке, өнерге баулитын, кереметтер данагөй қыздардың бейнесін шығаратын едік. Ұл балаларды да, қыз балаларды да да қызықтыратын өнімдер жасауға мүмкіндік жетіп жатыр. Мәсесен, өзіміздің, эпостық жыр дастандар, мифтік әңгімелер анимациялық туындыларда әлі де қозғалмаулы күйінде тұр. 100 %- дан 10 %-ға жетер-жетпесі ғана жасалды десек те қате болмас.

Айтқанға ауыр болса да, тағы бір қозғауға тұрарлық мәселе, «Балапан» телеарнасының толығымен өзіміздің өнімдермен толықтыра алмай жатқандығымыз. Ескірген шетел өнімдерін аударып, балаларымызға ұсынып жатқандығымыз жүректі ауыртады. Шындығына келгенде, осы тірлігіміз дұрыс емес. Өйткені, бұл мәселе 10-15 жыл бұрын қозғалған болса, әрине, мамандар аз, істеу қиын деген сылтаулар қабылданатын еді. Ал, бүгінде мамандар жеткілікті, соларды өндіріске араластыру керек.

Қазақ балалары қазақ анимациясын керек қылады, іздейді, бірақ таппайды. Бұған әбден көзім жетті. Мәселен, поезда немесе ауыл-аймақтарда, тіпті, көшеде балалармен әңгіме айтып, сөйлесіп, қазақ анимациясы жайлы сұрастырсаңыз, ғаламтордағы біздің жасаған кішігірім 10-15 минуттық- «Оттан жаралғандар», «Жерұйық», «Аңшы» деген сынды дүниелерімізбен таныс болуы таң қалдырмай қоймайды. Бұл, өте қатты қуантарлық дүние. Яғни, балаларымыз ғаламтордан қазақ анимациясын іздеп, қызығушылық танытатын болса керек. Дәл осы жерден, қазақ анимациясы ақсап тұрғандығы аянышты-ақ. Себебі, іздеп көретін дүниенің өзі аз болып тұр.

Өткен жылы өткен «Алтын сақа» және «Қарлығаш» фестивальдеріне байланысты қандай пікір білдіре аласыз? Бұндай фестивальдерді өткізудің қаншалықты маңыздылығы бар?

Шыны керек, «Алтын сақа» деген фестивальдің өткендігін өзіңнен естіп отырмын. Шымкентте «Алтын жебе» деген фестиваль болатын еді, бірақ кейінгі кезде естілмей кетті, сонымен байланысы бар фестиваль шығар деп ойлап отырмын.

Ал, «Қарлығашқа» келетін болсақ, біз студенттерімізбен бардық. Жалпы, алғанда өте жақсы өтті. Студенттерге ең қызықты болғаны шетелден келген мамандардың, өзіміздің мамандардың өткізген мастер-класстары. Сонымен қатар, Алматыдағы аниматорлар мен Астанадағы аниматорлар бір-бірімен кездесті, байланысты, жұмыстарын көрді. Бір-бірінен шабыттанып қайтты. Соның арқасында, биылғы өтететін конкурсқа міндетті түрде қатысамыз деген оймен жұмыс жасап жатқан студенттердің болуы да қуантарлық дүние. Бірақта, әттеген-ай деген жері- студенттік жұмыстарға бір ғана номинацияның болуы. Менің ойымша, студенттік жұмыстарға бөлек номинациялар болуы керек еді: бірінші, екінші, үшінші орын, «үздік сценарий», «үздік кейіпкерлер» деген сияқты. Бұл жерде еш сыйлықтың да керегі жоқ. Айтпақ ойым, жүлделерді көбейткенде, студенттердің құштарлығын ашып, оларды шабыттандырып, риза қылар еді. Мәселен, егер студенттерге бір ғана номинация беретін жағдайда, кей студенттер өз-өзіне сенімділігін жоғалтып, қатыспай-ақ қойуым керек еді деген ойға салынуы да мүмкін. Және де, студенттік жұмыстардың көп болуы, анализ жасауға да, болашақ мамандардың сапасын, ой-өрістерін бақылауға мүмкіндік берер еді. Бұл ұсыныс болашақта ескеріледі деп үміттенемін.

Болашақта әлемдік деңгейде бәсекеге тұрарлық анимациялар жасалуы үшін қандай іс-шаралар жасалуда?

Бүгінде «Қазақфильмде» Мәдениет Министрлігінің қаржыландыруымен «Мұзбалақ» деген қысқаметрлі мультфильмді «Тастүлек» деп толықметрлі анимациялық фильм етіп жасап жатыр. Және де, «Күлтегін» атты толықметрлі мультфильм өндіріске жіберілді. Ал, осы жердегі ең қуантарлығы, бұл жобаға Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің шәкірттерінің бастары бірілігіп, ат салысып жүрген жайы бар. Сол себепті, бұл өте сәтті шығатын дүние болса екен деп сенеміз.

Тағы да атқарылып жатқан іс-шараға қосарым, Ғали Мырзашев анимациялық кино режиссерының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының анимация киногерлерінің одағы» өз іс-әрекеттерін бастауда.

Қазақ ұлттық өнер университетінде жас маман ретінде, шәкірттеріңізден зор үміт күтуге болады деп айтатын студенттеріңіз бар ма?

Осы ұлттық өнер университетінде курс алғанымызға 5 жыл болды. Биыл алғаш түлектерімізді шығарамыз. Бірінші кезекте айтарым, бұл дайын мамандар- анимацияның келешегі. Оларға зор үміт артамыз. Шәкірттерімнің өздерінің қолтаңбасы, стильдік ерекшеліктері, режиссерлық көзқарастары бар деп айта аламын. Олардың ішінде әртүрлі конурстардан жүлде алып жатқандары да аз емес. Мәселен, Мейіржан Сандыбай (қоюшы-режиссеры), Әлділбек Баян мен Қыдырбаев Сұлтанның бірігіп жасаған «Көксерек» қысқаметрлі жұмысы «Қарлығаш» кинофестивалінде «Үздік студенттік жұмыс» деп танылды. Тағы да, Қыдырбаев Сұлтанның «Таң атты» деген анимациялық фильмі Беларусияда өткен ХIX Халықаралық «Анимаёвка» анимациялық фильмдер фестивалінің сараптауынан өтіп, каталогқа енді. Бұл жігіттердің дебютты жұмыстары болғандықтан мақтанышпен атап өтуді жөн көрдім. Сонымен қатар, Сахиолла Қасиет «Абайдың жастық шағы» атты көпсериялы анимациялық туындының қоюшы суретшісі болғандығы ұстазы ретінде мен үшін де, жалпы, университетіміз үшін де қуаныш.

Сұхбаттасқан Айдана Бауыржанқызы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер