È

«Ғажайып-әйел» Қазақстандағы кассалық жинақ бойынша «Кариб теңізінің қарақшылары. Өлгендер ертегі айтпайды» фильмін жеңе алмады

1-4 маусым аралығындағы кассалық жинақ

Көрермендерге откен аптада «Ғажайып-әйел» суперкейіпкерлі киносы, «Малибу құтқарушылары» комедиясы, «Махаббат емес» ресейлік драмасы және «Су астындағы эра» анимациялық фильмі ұсынылды.

Қазақстандық айналым үздіктерінің арасында екінші рет қатарынан «Кариб теңізінің қарақшылары. Өлгендер ертегі айтпайды» шытырман оқиғалы фильмі алда келеді. Әйгілі франшизаның бесінші бөлімі 384 074 820 теңге жинады. Генри есімді жаңа кейіпкерді көрермендерге «Көгілдір лагуна» (2012) және «Арнау» (2014) картиналары арқылы таныс австралиялық актер Брентон Туэйтс сомдады. Салазар капитанды Оскар иегері Хавьер Бардем ойнады. Айта кету керек, «Кариб теңізінің қарақшылары. Біртүрлі жағалауда» атты алдыңғы бөлімде актердың жары Пенелопа Крус түскен болатын.

«Кариб теңізінің қарақшылары. Өлгендер ертегі айтпайды» фильмінен көрініс

Рейтингтегі екінші орынды алғашқы аптада 378 350 800 теңге жинаған «Ғажайып-әйел» иеленді. Суперкейіпкер туралы жоба 1996 жылдан бастау алған. Ол кезде режиссер Айвен Райтман («Елес аңшылары» 1984) болған. 2005 жылы режиссерлік орынға Джосс Уидон («Кек алушылар: Альтрон эрасы» 2015) жайғасты. Бірақ, ол 2007 жылы шығармашылық келіспеушіліктерге байланысты жобадан бас тартқан. Жеті жылдан кейін фильм қоюшысы ретінде Мишель МакЛарен («Жабайы батыс әлемі» хикаясы) бекітіледі де, жобадан 2015 жылы шығып қалады. Соңында режиссерлік жұмыс Пэтти Дженкинске («Опасыздық», «Өлтірушілік» хикаялары) сеніп тапсырылады.

«Малибу құтқарушылары» комедиясы 58 967 200 теңге табыс тауып, айналымның үштік үздіктерінің арасынан орын тепті. Бастапқыда, режиссер мен сценарист ретінде Джереми Гарелик («Топас және топастан ары 2») ұсынылған еді. Кейіннен бұл қызметке Роберт Бен Гарант («Музейдегі түн 3» сценарийі) лайықты деп танылған. Соңында, жобаның режиссері 2011 жылы «Адам төзгісіз бастықтар» фильмін түсірген Сет Гордон болды. Картинаны Флорида штатында, Майямиде және Джорджия штатында, Саваннада түсірген.

«Малибу құтқарушылары» фильмінен көрініс

«Артур патшаның қылышы» қиял-ғажайып драмасы 44 920 700 теңге жинады. Гай Ричи мен актер Джуд Лоу (Вортигерн патша) үшін фильм бірігіп жасаған үшінші жобалары болды. Бұрын екеуі «Шерлок Холмс» картинасының екі бөлімімен жұмыс істеген. Ол жақта Джуд Лоу Ватсон Дәрігерді сомдаған. Ал Чарли Хэннем (Артур патша) бұл жобада Гай Ричимен бірінші рет жұмыс істеуде. Фильм түсірілімі үшін «Ливсден Warner Bros.» студиясында үлкен 9 түсірілім алаңы салынған. Түсірілім алаңын түгел айналып шығу үшін 10 минутқа жуық уақыт кетеді.

«Бөтен. Өсиет» кинофантастикасы айналымның үшінші аптасында 25 285 400 теңге табыс тапты. Фильм түсірілімі 2016 жылдың сәуір айында басталып, 74 күнге созылған. Триллерді Жаңа Зеландиядағы Фьордленд ұлттық саябағында және Австралиядағы 20th Century Fox маңында түсірген. Авторлар жобаны түсіріп, айналымға шығару үшін 100 миллион доллар жұмсаған. Ал әлем бойынша картина ортақ жинақтан 170 миллион доллардан астам қаржы жинап үлгерді.

«Галактика сақшылары. 2 бөлім» фильмінен көрініс

«Галактика сақшылары. 2 бөлім» ғарыш аңызы рейтингтен түсіп келеді. Айналымның бесінші аптасында кинотаспа ортақ жинақты 12 194 400 теңгеге толтырды. Жұлдызды Лордтың әкесінің рөліне - Эго тірі ғаламшарына – авторлар Гари Олдманды, Вигго Мортенсонды, Кристофер Пламмерді және Лиам Нисонды лайықты санаған. Ақыры, ұзақ уақыт болған кастингтің нәтижесінде рөлді Курт Рассел иеленді. Актер үшін жоба екінші суперкейіпкерлі фильм болды. Біріншісі – 2005 жылғы «Ең жоғары пилотаж».

Ең аз касса жинаған картиналар: «Махаббат емес» - 5 356 000 теңге және «Дарынды» - 5 739 200 теңге.

Жеңіліске ұшырағандардың арасында айналымға жаңа шыққан картиналар бар: «Су астындағы эра» - 4 551 200 теңге және «Спарк. Әлем Батыры» - 3 208 000 теңге.

 

* Материал Rentrak пен Ticketon.kz жүйелерінің мәліметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Rentrak жүйесіне «Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісі қосылған.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Меруерт Қасымбек

Актриса

Әділет Әбдірәсіл

Актер

Әсет Әбдірәсіл

Актер

Ахат Ибраев

Режиссер