È

«Шақылдақ және төрт патшалық» қазақ тілінде көрсетілуде

«Шақылдақ және төрт патшалық» қазақ тілінде көрсетілуде

 

Алматыда Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында «Шақылдақ және төрт патшалық» картинасының қазақ тіліндегі тұсаукесерлі көрсетілімі өтті. Картинаның дубляжымен «Болашақ» корпоративтік қоры айналысты.

Клара анасынан айырылып қалған, оны қатты сағынып жүреді. Бір күні ол Рождествода марқұм анасы қалдырып кеткен сыйлыққа - құпияға толы қобдишаға ие болады. Оны ашатын кілтті табу мақсатында Клара ертегі әлеміне тап болады. Ол ертегіге қауіп төніп тұрғанын, оны тек өзі ғана сақтап қала алатынын біледі.

Клара Штальбаумның дауысымен Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі Айкөркем Әділгереева сөйледі. Оның анасы Мари Штальбаумды Алтынай Нөгербек дыбыстады. Кіндік әкенің рөлін сомдаған Морган Фриманға Боранбай Молдыбаев өз дауысын сыйлады. Тәттілер перісін (Кира Найтли) актриса Санди Госман дубляждады.

«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінен көрініс
«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінен көрініс

«Дыбыстау кезінде аса қиындық болған жоқ, Клара менен 5 жасқа кіші болғандықтан, дауысым соған сай келді. Сонымен қатар, ол сабырлы және эмоцияға берілмеген. Дубляжға дайындалып жүріп, «Шақылдақ» туындысының өзін оқып шықтым», - деп бөлісті Айкөркем Әділгереева.

Дубляж режиссері - Шах-Мұрат Ордабаев.

Көрсетілімге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек келіп, сөз сөйледі: «Қазақ тілі Disney студиясының 37-ші тілі болып табылады. Қазір біз megogo.net және ivi.ru сайттарымен келісімге отырдық, енді қазақстандықтар мемлекеттік тілде дыбысталған 25 фильмді онлайн түрде тамашалай алады. Бұл елімізде қазақ тілінің қарқынды дамып жатқанының жарқын көрінісі деп ойлаймын».

«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінен көрініс
«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінен көрініс

Сондай-ақ, әкім «Болашақ» корпоративтік қорының BI Group компаниясымен бірлесе отырып, келесі жылы мемлекеттік тілде дубляждалған 5 диснейлік картинаны жарыққа шығаратынын айта кетті.

«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінің көрсетілімі жүріп жатыр.

Көрсетілім кестесі кинотеатрлар афишасында қол жетімді.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер

Жанель Әлікова

Актриса