Дархан Төлегенов «Фаджр» ХКФ аясында Talent campus-тің қатысушысы атанды
Қазақстандық режиссер Дархан Төлегенов Иранның Тегеран қаласында өткен «Фаджр» Халықаралық кинофестивалінің аясында ұйымдастырылған Talent campus арнайы бағдарламасына қатысатын болды. Talent campus – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін дарынды жас кинематографистердің алаңқайы.
«Talent campus – бұл атақты режиссерлардың шеберлік дәрістері өтетін апталық. Өз дәрістерін түрік режиссері әрі сценаристі Семих Капланоглу, ирандық кинорежиссерлер Поран Дерахшанде мен Мұхаммед Әли Саджади және өзіміздің отандық режиссер Дәрежан Өмірбаев оқыған. Студенттерде бос кесте болатын, барлығымыз кино көрсетілімдерге барып, шеберлік дәрістерін тыңдап, экскурсияға да шыға береміз. Әсіресе, маған «Ghazali Cinema Town» иран кино орталығына барған сапар қатты әсер етті. Бұл бірнеше аудандардан тұратын арнайы салынған қала. Әр аудан түрлі уақыт кезеңін еске салатын декорациялармен әрленген. Біздің экскурсиямыз кезінде толықтай қойылым ұйымдастырылған. Әртістердің өз рөлдері мен миниатюрасы болған. Оларды бақылау өте қызықты еді»,- деді Дархан Төлегенов.
Белгілі болғандай, фестиваль ұйымдастырушыларынан шақырту алу үшін өз түйіндемеңізді, жеке жобаңызды және уәждемелік хатты жазып жіберу керек екен. Біздің отандасымыздан бөлек, Talent campus оқуына Ираннан 90 студент, ал әлем бойынша 50 студент қатысқан.
«Мұндай орындар жаңа адамдармен танысуға, қажетті байланыс орнатуға өте тиімді. Мен танымал режиссерлармен, актерлармен жүздесіп, әңгімелескеніме қуандым. Оның үстіне, Тегеранда өткен уақыт бойы өкінішке қарай, Қазақстанда көре алмайтын Орта Азияның және иран кинематографтарының фильмдерін көріп үлгердім»,-деді режиссер.
Еске сала кетсек, Дарханның бұрынғы жұмыстары – «Таңғы шапағат нұры» мен «Бағыт» қысқаметражды фильмдері Халықаралық және отандық кинофестивальдердің жеңімпазы атанған. Оның ішінде, I Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалі, «Сыншылар таңдауы-2017» және т.б. бар.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін