È

«Дүбәрә» – қоғамның асқынған дерті

«Дүбәрә» – қоғамның асқынған дерті

«Дүбәрә»

«Дүбәрә» деген фильм шығыпты дегенді естігенде бүгінгі қоғамның ең бір дертке айналған тақырыптарының бірі лентаға арқау болары хақ деген ой келді. Өйткені қазіргі заманда дүбәрә емес дүние бар ма? Алайда Дүбәрә деген фильмнің бас кейіпкерінің есімі екенін білген кезде екіұдай күйде болдым. Өйткені қандай адам өзінің перзентіне осындай ат қояды? Тіпті фильмді бастан аяқ көріп болған соң да, сүп-сүйкімді қыздың есімі неліктен Дүбәрә болғанын түсіне алмадық. Ендеше, құрметті оқырман, фильмнен түйгенімді жаза отырып, өздеріңіздің де ой-пікірлеріңізді білсек дейміз.

Қазіргі біздің қоғамда шалыс басқан қыздардың жаңа туған шаранасын тастап кете баратыны туралы ақпараттарды ести-ести құлағымыз, көре-көре көзіміз үйреніп кеткен секілді. Тіпті жас қыздарды айтпағанда сол қыздардың аналары жалған намыстан жаңа туған нәрестелерді өлтіруге дейін барып жатыр. Тумай жатып, тағдырдың тепкісіне ұшыраған сәбилердің наласы тасбауыр аналарды жібере ме екен? Осындай сорақы жағдайлардың қоғамда белең алып кетуіне сәбиінен жеріген қыздарды, жалпы әйелдер қауымын кінәлап жатамыз ғой. Ал мәселенің тереңіне үңілсек, барлық мәселе біздің ғасырлар бойы жалғасып келген ата-бабаларымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі ұстанымынан айырылып қалғанымыздан болса керек.

Фильмге оралатын болсақ, лентаның режиссеры Хамза Көксебектің айтуынша, сюжеті өмірде болған оқиғаға негізделген. Яғни, картина өмірде бар адамның басынан өткен оқиғаның желісі бойынша түсірілді.

Ертемен өз үйінің терезесінен көшеге жайбарақат қарап тұрған ер адам көршісінің есік алдына белгісіз бір қыздың жаңа туған нәрестені тастап кетіп бара жатқанын байқап қалады. Туа сала анасының мейірімінен айырылған кішкене қыз әлгі ер адамның көз алдында өсіп, бойжетеді. Оны бауырына басқан ата-анасы, қызға Дүбәрә деген ат қояды. Мектепте озат оқушы болып, балалық шағын алаңсыз өткізген кішкене қыз бойжеткенде тағдырдың өзіне қандай сый әзірлеп қойғанынан хабарсыз еді.

Дүбәрәнің туған анасы жаңадан өмір бастап, өмірлік серігін тауып, дүниеге ұл бала әкеледі. Бәлкім ол осыдан ұзақ жылдар бұрын ауыр күнә жасап, кіп-кішкентай періштені біреудің табалдырығына тастап кеткенін ұмытқан да болар. Бірақ оның осы бір ісі қаншама адамның тағдырын талқан ететінін ол тіпті ойлаған да емес.

Мектепте оқып жүрген кезінде кішкентай сүйкімді қыздан өзінен бір жас кіші Алдияр есімді бала көз алмай, онымен дос болғысы келетін. Есейе келе олардың арасындағы достық махаббат сезіміне ұласты. Алайда ештеңеден хабары жоқ екі жеткіншектің бір-біріне деген жақындығын сыртынан бақылап жүрген әлгі көрші амалсыз іштен тынып жүрді.

Дүбәрә бойжеткен кезде өзінің асыранды бала екенін біліп қалып, әбден қапаланады. Осылайша әрі-сәрі болып жүргенінде ол Ақылбек атты өзінен біршама үлкен жігітпен көңіл қосты. Бұл жігіт кезінде оның туған анасына үйленуден бас тартып, жүкті етіп тастап кеткен адам болатын. Осылайша қатал тағдыр бейшара қызды туған әкесінің құшағына итермеледі.

Режиссер бас кейіпкердің айналасында қазіргі қоғамдағы көптеген мәселелерді қамуға тырысқаны аңғарылады. Мұнда жауапсыз әке, тасбауыр ана, қызқұмар еркек, шолжаң қыз, парақор мұғалім, жауапсыз еркек секілді біршама образдар бар.

О баста Дүбәрәны Саржанның келіншегі тауып алған кезде отағасы оны өзінің баласы екен деп есі шықты. Өйткені ол да отбасы бола тұра әдемі қыз көрсе өзін өзі ұстаай алмайтын қызқұмар жауапсыз еркектердің бірі еді. Ал мұндайлар қазір жетіп артылады. Өзінің туған қызы емес екеніне көзі жеткен кезде Саржан кішкентай кінәсіз сәбиге Дүбәра деген жексұрын ат қойды. Мұның өзі оның қандай адам екенін аңғартса керек.

Асырап алған бала мен туған балалардың арасындағы кикілжің, жас қыздардың білімнен көрі ақшаға, шылым тарту, сыра ішу секілді әдепсіз қылықтарға жақын болуы туралы мәселе де қамтылған фильмде.

Естеріңізде болса, қыз балалардың тағдырына байланысты мұндай әлеуметтік драма жанрындағы фильмдерді әуесқой режиссер Еркін Рақышев түсірген болатын. Режиссердың «Жаралы сезім», «Астанаға көктем кеш келеді», «Жетімдер» секілді фильмдеріне қазақ қоғамындағы өзекті мәселе арқау болған еді.

Әлпештеп қыз өсіріп, қорғаштап ұл өсіріп отырған әрбір отбасы баласының болашығы жарқын болғанын қалайды емес пе! Әр ата-ана баласының тамағы тоқ болғанын, киімі бүтін болса екен деп тынбай еңбек етеді. Бірақ кейде күйбең тіршіліктің кесірінен балаға назар аудару, жақсы тәлім-тәрбие беруге көңіл бөлмей жатады. Анасымен сырласпайтын қыздар көп жағдайда жігітке алданып, аяғы ауыр болып қалады. Ана мен қызының арасында сенімнің болмағанынан қыздар жүкті екенін анасына айта алмай, сәбилерін тастап кетуден басқа амал таппайтын секілді.

Хамза Көксебектің фильмдегі Дүбәрәнің туған анасы да махаббатқа масайрып, тәтті сезімге алданған бейбақтардың бірі. Ол да өзінше қызының тамағы тоқ, киімі бүтін болып, жылы үйде, баршылықта өскенін тілеп оны қалдырып кете барды... Бірақ...

 

Енді фильмнің атауына келер болсақ, бұл жерде режиссердың айтқысы келгені бүгінде осындай өзінің түп-тамырын білмейтін дүбәрә ұрпақтың өсіп келе жатқандығы туралы болса керек.

Ал «дүбәра» сөзінің төркініне үңілсек, түсіндірме сөздікте бұл сөз екі бөлек нәсілден жаратылған тұқым деп түсіндіріледі. Ауыспалы мағынада біз бұл сөзді әртүрлі қолданамыз. Не ары емес, не бері емес адамдарға қарата қолданылып жатады. Әсіресе, ана тілін білмейтіндерге қатысты не қазақ емес, не басқа емес, дүбәра деп жатамыз. Бірақ қалай десек те, бұл адамның аты болуға лайықты сөз емес.

Фильм әуесқойлық деңгейде түсірілген. Актерлердің басым көпшілігі кәсіби емес, жас актерлер. Лентада қазақ шоу-бизнес өкілдері Шахизада, Гүлнар Сиқымбаева, Нұрлан Еспанов секілді әншілер төбе көрсеткен.

Алдағы уақытта назарларыңызға режиссер Хамза Көксебекпен сұқбатты ұсынатын боламыз, көкейіміздегі біраз сұраққа жауап аламыз деп үміттенеміз.

 

«Бродвей» кинопорталы «Дүбәрә» фильмін көруге шақырғаны үшін «Көркем фильм» студиясына алғыс білдіреді.

Киноға барған Айнұр Сенбаева

Оцените рецензию

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Дидар Амантай

Сценарист

Досхан Жолжақсынов

Актер