Латвия кинематографшылары «Қазақфильмге» ат басын бұрды
Жақында «Қазақфильм» киностудиясына Латвиядан қонақтар келді. Режиссер әрі продюсер Дзинтра Гека түсірілім тобымен бірге Алматыға ат басын бұрды. Олардың мақсаты – кинооператор Эдуард Тиссэ туралы фильм түсіруге қажетті ақпарат жинау. Өткен жүзжылдықтың 40-жылдары ол Алматы Біріккен киностудия орталығында қызмет атқарған болатын.
Дзинтра Гектің айтуынша, Тиссэ туралы фильм түсіру идеясы 20 жыл бұрын пайда болған. Бірақ, бірнеше себептерге байланысты картина түсірілімі кейінге шегеріле береді. Тек биыл ғана режиссер әйгілі кинооператор қызмет істеген Алматыға арнайы келіп отыр.
Шетелдік мамандар «Қазақфильм» киностудиясының павильондарын аралап қана қоймай, «Алматыдағы АБКО» таспасын көрді.
Эдуард Казимирұлы Тиссэ – танымал режиссер Сергей Эйзенштейннің картиналарымен жұмыс істеген қоюшы-оператор. Олардың алғашқы біріккен туындысы – 1924 жылы түсірілген «Стачка» таспасы. Эдуард Казимирұлы «Ұлы Иван», «Владимир Ильич Ленин» және «Қош көрдік, Мексика!» сынды 30 кинотаспамен айналысқан. Кинооператор жүлделерінің арасында Локарно мен Венеция ХКФ-дегі үздік операторлық жұмыс үшін марапаты және үш Сталин сыйлығы бар.
Суреттерді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұсынды
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін