«Мег: Тереңдік құбыжығы» айналымда алдыңғы қатардан көрінді

Өткен аптада көрермендер «Мег: Тереңдік құбыжығы» триллерінен Джейсон Стэйтемнің ойынын, «Мені лақтырып кеткен тыңшы» комедиясынан бұрынғы жігітін қуып жүрген Мила Кунисті және «Кристофер Робин» драмасынан Винни Пухтың жаңа хикаяларын тамашалаған болатын. Көрермендерге қай хикая көбірек ұнады екен, оны Қазақстандағы кассалық жинақ* рейтингінен оқыңыздар.
Алдыңғы орынға алып акула жайлы баяндайтын «Мег: Тереңдік құбыжығы» фильмі шықты. Картина 88 329 100 теңге жинады. 2006 жылы New Line компаниясы фильмді айналымға шығармақ болған. Бірақ, жобаның потенциалды бюджеті 200 миллион долларға жақындады, ал New Line-нің кірісі шыққан шығынды жаба алмады. Нәтижесінде, 2015 жылы сценарийді Warner Bros. студиясы сатып алды.

«Көрінбейтін қонақ» испандық картинасы 26 676 000 теңге көлемінде пайда тапты. Таспаның тұсауы 2016 жылы күзде Техас штаты, Остинде Халықаралық Fantastic Fest фантастикалық тақырыптағы фильмдер фестивалінде кесілді. Фильмнің түпнұсқа атауы - «Contratiempo», аударғанда «жағымсыз жәйт» деген мағынаны береді.
«Мені лақтырып кеткен тыңшы» комедиясы 21 689 950 теңге жинады. Фильмді режиссер Сюзанна Фогель түсірді, ол бұрын «Өмірге құлшыныс» және «Танымал әрі ғашық» хикаяларын жарыққа шығарған. Оскарлы актер актер Брайан Грейзер («Сана ойындары») продюсер ретінде жұмыс істеді.
«Орындалмайтын тапсырма. Салдары» атыс-шабыс фильмі 10 424 700 теңге жинады. Түсірілім кезінде барлық трюктерді өзі орындаған Том Круздың ғана денсаулығына қауіп төнген жоқ, Ребекка Фергюсонге де қиынға соқты. Актриса фильмге аяғы ауыр бола тұра түсті. Түсірілім аяқталар уақытта Фергюсон іштегі 7 айлық сәбиін көтеріп жүрді.

«Құбыжықтар демалыста 3: Теңіз шақырады» мультфильмі айналымдағы бесінші аптасын өткізді. Өткен аптада оның жинағы 12 094 034 теңгені құрады. Актер Кигэн-Майкл Ки қайтадан Энди Сэмбергпен бірге жұмыс істеді. Бұрын екеуі «Құбыжықтар демалыста 2» (2015) және «Дегелек» (2016) кейіпкерлерін дыбыстаған болатын.
«Кристофер Робин» кинотаспасы 9 371 357 теңге жинады. Кейіпкер Винни Пухты актер Брэд Гэррет дыбыстады. Бұл - оның Disney студиясының кейіпкерлерін дыбыстаған 15-ші фильмі. Еске салсақ, 90-жылдары Брэд Гэррет Disney-дің балаларға арнап шығарған ойын таспаларында Винни Пухты дыбыстаған болатын.
«Слоунның қауіпті ойыны» тыңшылық фильмі кассаны 3 318 548 теңгеге толтырды. Режиссер Джон Мэдден сценарийді оқып болған соң, басты рөлге Джессика Честейнді шақыруды ұйғарды. Актрисаның (ол режиссердің 2010 жылғы «Жаза» түскен) қабілетін білетін қоюшы сценарийді оның өз қолына тапсырды.

«Қиямет түні. Бастама» триллері 3 215 250 теңге көлемінде пайда тапты. Картина франшизадағы режиссер Джеймс ДеМонако түсірмеген алғашқысы болды. Ол тек сценарист әрі продюсер ғана болды. Ал режиссерлік орынға Герард МакМюррей ие болды, оның «Ыстық құмдар» (2017) фильмі «Санденс» кинофестивалінің Бас жүлдесіне ұсынылған болатын.
Үш миллион теңгеден төмен жинаған фильмдер: «Зәулім ғимарат» - 2 996 000 теңге, «Йети іздеу кезінде» - 2 789 700 теңге және «Зұлымдық» - 2 140 200 теңге.
Ал «Еуропадағы ерлер кеші» картинасы 1 430 930 теңгемен және «Әзәзілдің панасы» фильмі 896 515 теңгемен ең төменгі көрсеткіштерге ие болды.
*Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды.
.jpg)







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін