È

Нұргелді Садығұлов: ««Балуан Шолақ» фильмімен 2 жыл бұрын жұмыс істей бастадық»

Нұргелді Садығұлов: ««Балуан Шолақ» фильмімен 2 жыл бұрын жұмыс істей бастадық». Қазақстан киносы

«Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Балуан Шолақ» фильмін түсіріп жатыр. Картина режиссері - Нұргелді Садығұлов. Ол халық балуаны, композитор Нұрмағамбет Баймырзаұлы туралы кинокартина түсіруді көп жылдар бойы армандаған еді.

«1998 жылы Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да оқып жүрген кезімде Балуан Шолақ өмірін экрандау идеясы пайда болды. Фильммен 2 жыл бұрын жұмыс істей бастадық. Таспа негізіне Дулат Исабековтың «Жаужүрек» пьесасы арқау болды. Жазушы туындысын киносценарийге лайықтап қайта жазды. Бірақ, біз түсірілімге былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап кірістік. Алла қаласа, картинаны осы күзде түсіріп бітірмекпіз. Ал соңғы нұсқасын жылдың аяғында тапсырамыз»,-деді Нұргелді Садығұлов.

Негізгі көріністерді - Балуан Шолақтың ауылы мен Қызылжар жәрмеңкесін - Алматы облысында орналасқан Кеген мен Жалаңаш ауылдарында түсірдік. Қоюшы-суретші Еркін Сүлейменов пен оның тобы жәрмеңкені қайта жасауға екі ай жұмсаған. Декорациялар архивті мәліметтерге сәйкестелініп, сақталған фотосуреттерге қарап жасалды.

«Балуан Шолақ» фильмінің түсірілімінен сурет

Картинадағы басты кейіпкерді Еркебұлан Дайыров сомдады. Режиссердің айтуынша, халық сүйіктісінің рөлін сомдайтын актерды ұзақ іздеген. Көптеген үміткерлердің сырт бейнесі сәйкес келмеді, бірі балуанның образын аша алмады. Актер Дайыров қана барлық талаптарға сай келді. Садығұловтың пікірінше, Балуанды сомдау оңай емес.

«Нұрмағамбет Баймырзаұлының даралығы өз алдына бір бөлек: оның бойында нәзік шығармашылық болмыспен қатар, физикалық күш бар. Еркебұлан экран арқылы осы мінезді бере алды. Актерлік ойыннан бөлек, біз кейіпкердің сырт пішініне, физикалық бітіміне баса назар аудардық. Сол себепті, актер бірнеше ай бойы арнайы мамандардың бақылауында жүріп, өзін қажетті қалыпқа келтірумен болды»,-деп түсіндірді Садығұлов.

«Балуан Шолақ» фильмінің түсірілімінен сурет

Ол сонымен қатар, Балуан Шолақ образының эмоционалды жағынан қиын екендігін айтты. Басты кейіпкердің көңіл-күйі мен күйінішін дәл беру үшін барлық топ мүшелері мен актер үнемі ізденіс үстінде жүрді.

Көрермендер кинокартинадан әйгілі балуанның танымалдылыққа ие болған 26-27 жастағы кезін көре алады.

2 пікір

Пікір қалдыру үшін

Ануарбек Доспанов

10 мамыр 2020, 23:39

H

Ануарбек Доспанов

10 мамыр 2020, 23:43

Балуан Шолак из рода САМБЕТ , а вфильме говорится ,что он УЙСЫН. Режиссёр наверное Ойык.

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер