Ольга Коротько «Ана үйі» деректі фильмі жайында
Отандық режиссер Ольга Коротько «Ана үйі» деректі фильмін түсірді. Кинокартина жас аналарға көмек көрсететін орталық жайында және олардың мәселелерін баяндайды.
«Мені режиссер әрі адам ретінде Қазақстан қоғамындағы әйелдер орны ерекше толғандырады. Бізде шешімін табуы тиіс мәселелер көп. Өкінішке қарай немесе қуанышқа орай, мен саясаткер емеспін. Сол себепті, бұл мәселеге тікелей әсер ете алмаймын. Дегенмен, режиссер ретінде аталмыш мәселені кинода көтере аламын. Осылайша, қоғам назарын аударуға болады. Менің ойымша, «Ана үйінің» болуының өзі – отбасы мен қоғамда әйелдерге бағытталған қарым-қатынастың нашар екендігінің айғағы. Фильм осы мәселені басты назарға алып отыр»,-деді Ольга Коротько.
Фильм түсірілімі Алматы мен Орал қалаларындағы «Ана үйінде» болды. Режиссер көбінде түсірілімді жалғыз өзі жүргізді. Өйткені, орталыққа түсірілім тобын сыйғызу қиын еді. Түсірілімнен кейін, фильмді аяқтауға Ольгаға желілік продюсер Айгүл Нұрболатова мен монтаждаушы Ерлан Айғожинов көмектесті. Картинаға ерікті ретінде актриса Толғанай Талғат асталысты.
«Ана үйі» деректі фильмінің постері
«Фильмді 2016 жыл бойы ұзақ үзілістермен түсірдік. Түсірілімнен кейін мен материалды кейінге қалдырып қойдым. Өйткені, тез арада бітуі тиіс басқа да жобалар басталып кеткен еді. Осылайша, монтажы аяқталмай қалған болатын. Кейіннен бос уақыт пайда болған кезде, фильмді аяқтап, фестивальдарға жібере бастадық»,-деді режиссер.
«Ана үйі» деректі таспасы Багам аралдары Достастығы өткізген «Carribbean Film Festival and Market» кинофестивалінің қатысушысы атанды.
Ольга Коротьконың айтуынша, фестивальдің өзіне қатысу маңызды емес, Қазақстан қоғамындағы және отбасындағы әйелдер жағдайына қатысты мәселеге назар аударту басты мақсат болатын.
Еске сала кетсек, 2016 жылы Коротько «Жәй ғана қыс» толықметражды дебютті фильмін түсірген еді. Ол экранға келесі жылы жол тартпақ.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін