È

«Анамның сыйлаған қанаттары» фильмінің алғашқы кассалық жинағы

14-17 қыркүйек аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада «Анамның сыйлаған қанаттары» отандық драмасы және «Серіктес» ресей комедиясы айналымға шығып, көрермендерді қуантты. Қос картина Қазақстандағы кассалық жинақ рейтингінде* лайықты орындарын тапты. Сонымен қатар, «Клаустрофобия» американдық триллері де назардан тыс қалмады. Қазақстандық айналымда кімнің үздік болып, кімнің жеңіліс тапқанын төмендегі материалдан оқи аласыздар.

«Оно» фильмі отандық айналымның үздіктері қатарында әлі тұр. Қорқынышты фильм екінші демалыста 45 619 200 теңге жинады. Беверли рөліне Хлоя Грейс Морец («Телекинез») қарастырылған еді. Алайда түсірілім барысына ұзақ дайындық кеткендіктен, кастинг кезінде актриса 19 жасқа толып қояды. Жас шамасы сай келмегендіктен, Беверлидің рөлі 15 жасар София Лиллиске бұйырады. Жас актрисаның фильмографиясында 2 толықметражды және 3 қысқа метрлі таспалар бар.

«Анамның сыйлаған қанаттары» фильмінен көрініс

Рейтингтегі екінші орынды «Әпкелі-сіңлілі жетеу» фантастикалық хикаясы да беруге асықпайды. Фильм 19 388 000 теңге көлеміндегі пайдаға кенелді. Сценарийдің бастапқы үлгісіне сенсек, басты кейіпкерлер жеті егіз ағайындылар болған. Бірақ режиссер Томми Виркола көп жылдар бойы Нуми Рапаспен бірге жұмыс істеуді армандайды. Актрисаның картинасына түсуге келісімін алған соң, сценаристерден егіз ағайындыларды әпкелі-сіңлілерге ауыстыруды сұрайды. Сценарий авторлары - Макс Боткинмени Керри Уильямсон.

«Серіктес» Ресей комедиясы үшінші орынға жайғасты. Кинотаспа тұсаукесерлі демалыста 11 534 700 теңге көлемінде касса жинады. Картина режиссері - Александр Андрющенко. Комедия оның екінші толықметражды таспасы: 2010 жылы ол «Шыршалар» фильмінің қосалқы авторы болған еді. «Серіктес» 2015 жылдың тамыз айында Владивостокта түсірілген.

«Серіктес» фильмінен көрініс

«Логанның сәттілігі» қылмыстық комедиясы кассаны 6 475 000 теңгеге толтырды. Стивен Содербергтің жұмысы айналымның үш аптасында 28 015 700 теңге жинады. Дэниэл Крэйг рөл үшін образын арнайы өзгерткен: актер блондин болды. Дэниэл түсірілім алаңында Адам Драйвермен бірге екінші рет жұмыс істеп отыр. Бұрын екеуі «Жұлдыздар соғысы: Күштің қайта жаңғыруы» таспасына түскен. «Логанның сәттілігі» Қазақстан бойынша 28 015 000 теңге жинаған.

«Клаустрофобия» американдық триллері 5 014 600 теңге пайда тапты. Картина Уилл Верниктің үлкен кинодағы дебюті болды. Оның бұрынғы жұмыстары - 2014 жылы түсірілген «4 очка?!» қысқа метрі және «Үзіліс» телефильмі. Жоба сценарист Ной Дорси үшін де дебютті болды. Авторлардың айтуынша, фильм түсірілімі кезінде олар «Ара» франшизасымен шабыттанған.

Ал «Анамның сыйлаған қанаттары» отандық драмасы үздік бестіктің қатарына ене алмады. Актер Қажымұқан Қалымбетовтың режиссерлік дебюті бірніші аптада 4 311 000 теңге жинады. Картина түсірілімі 2016 жылдың қыс мезігілде болып, 40 күнге созылған. Продюсер Дастан Сейітовтың хабарлауынша, бюджеті 15 миллион теңгеге тең. Кинотаспаның тұсаукесері Алматыда биылғы жылдың 13 қыркүйегінде болған.

«Клаустрофобия» фильмінен көрініс

«Брэд беделі» фильмінің кассалық жинағы 4 303 100 теңгені құрады. Сценарий авторы әрі режиссері - актер Майк Уайт. Картина оның төртінші режиссерлік жұмысы. Алдыңғылары – «Ит жылы», «Жарқын» хикаясы және «Mamma Dallas» телефильмі. Айта кету керек, Майк Уайт «Эмоджи фильм» сценарийінің қосалқы авторы болып табылады.

Бәсекеден тыс картиналар: «Эмоджи фильм» - 3 347 200 теңге, «Көңілді балақай» - 3 220 650 теңге және «Анашым!» - 2 474 500 теңге.

«Мадам» француз комедиясы көрермендерді қызықтыра алмады. Ол алғашқы аптада бар-жоғы 1 123 500 теңге жинаған.

 

*Материал «Меломан-Кинопрокат» компаниясының, Comscore және Ticketon.kz жүйелерінің мәліметтері бойынша дайындалған.

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер