È

Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмінің тұсаукесері Венеция кинофестивалінде болады

Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмінің тұсаукесері Венеция кинофестивалінде болады

Режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» атты жаңа фильмі 75-ші Халықаралық Венеция кинофестивалінде көрсетілетін болды. Таспа «Көкжиектер» байқау бағдарламасына енді, оған заманауи кинематографтағы үрдістерді көрсететін жұмыстар қатысады.

«Өзен» картинасы жасөспірімдердің өмірін баяндайтын трилогияның соңғы бөлімі болып табылады. Алдыңғылары – «Үндестік сабақтары» (2013) және «Жаралы періште» (2016). Үшінші бөлімнің түсірілімі 2017 жылы басталып, Оңтүстік Қазақстан облысында өтті. Таспа кейіпкерлерін Жалғас Кланов, Жасұлан мен Руслан Өсербаевтар, Ерік Тазабеков, Бақдәулет Сағындықов және Қуандық Қыстықбаев сомдады. Фильмнің пост-продакшны биылғы жазда Варшавада Польша кинематография институтының қаржылай қолдауымен аяқталды.

«Өзеннің» түсіріліміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақфильм» киностудиясы, Emir Baigazin Production, Norsk Film produksjon норвегиялық компаниясы және польшалық Madants продакшн-компаниясы атсалысты. Сценарий барысында жобаны MPA APSA Азиаттық-Тынық мұхиты киноқауымдастығы грантпен қолдады.

Еске салсақ, Халықаралық Венеция кинофестивалі - 1932 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлемдегі көне әрі беделді кинофестивальдердің бірі. Биылғы жылы кинокөрсетілім 29 тамызда басталып, 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Фестивальдің бас жүлдесі – «Алтын арыстан».

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер