È

Қарттар үйі тұрғындарының мәселелері «Қария» хикаясының негізгі тақырыбына айналды

Қарттар үйі тұрғындарының мәселелері «Қария» хикаясының негізгі тақырыбына айналды. Қазақстан киносы

Алматыда осы күзде эфирге шығатын «Қария» хикаясының түсірілімі аяқталуға жақын. Жобаның режиссері әрі сценарий авторларының бірі Асқат Мұсабай «Бродвей» кинопорталына фильмнің негізгі идеясы туралы баяндап берді.

«Хикаяда қазіргі таңда өткір мәселеге айналған жағдай – ата-аналарын қарттар үйіне өткізу туралы баяндалады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы қарттар үйінің 40%-ы қазақтар екен. Бұл жөнсіз құбылыс, ұят нәрсе. Қоғамымызда мұндай арсыздыққа ешқашан жол берілмеген еді. Дәстүріміз бен моральды түсінігімізге жат нәрсе болатын. Осы хикая арқылы әр көрерменге ата-ана алдындағы жауапкершілік пен міндеттерді көрсетіп, ұғындыра алатын шығармыз деп ойлаймын. Сондай-ақ, картинада жанұя тақырыбы, отбасы мүшелерінің түсіністігі, ұрпақтар сабақтастығы, адамгершілік, достық пен сенім секілді құндылықтар баяндалады»,-деп бөлісті Асқат Мұсабай.

«Қария» хикаясының түсірілімінен сурет

Картинадағы негізгі оқиға Алматыдағы қарттар үйінде болады. Басты кейіпкер – құқық қорғау органының қызметкері болған зейнеткер Әбілғазы. Келінімен келісе алмаған қарт қарттар үйінде тұрақтауға мәжбүр болады.

Режиссер үшін «Қария» жобасы дебютті картина болды. Асқат Мұсабай бұл жобаға ерекше дайындалды. Бір жыл бұрын ол сынамалы нұсқасын түсіріп, «Хабар» телеарнасының басшылығына ұсынған болатын. Жоба бекітілген соң пре-продакшн жұмыстары ұзаққа созылды. Түсірілім тобы актерларды, локациялар мен реквизиттерді іздеді.

«Қария» хикаясының түсірілімінен сурет

«Түсірілім 3-сәуір күні басталды, бұйыртса биылғы жылдың шілдесінде аяқталады. Хикаяны кәдімгі қарттар үйінде түсіріп жатырмыз. Көрермендерге ұсынылатын барлық көріністер осы үйдің тұрғындарының шынайы оқиғаларынан алынған. Жалпы, сценарийдің 80%-ы шынайы оқиғаларға құрылған. Картинада барлығы 6-7 сюжеттік желі бар. Негізгі кейіпкерлер қарт адамдар болғандықтан, соған сай жасы келген актерларды іздей бастадық. «Қария» хикаясына барлығы 170-ке жуық актер түсті»,-деп түсіндіре кетті режиссер.

Басты кейіпкерді Бауыржан Қаптағай сомдайды. Қалған рөлдерде Досжан Жанботаев, Мадина Оспан, Айқын Төлепберген, Алмас Сақатов және т.б. ойнайды.

Көрермендерге 40 минуттан 12 бөлім көрсетіледі. Авторлардың айтуынша, хикая тұсаукесері ағымдағы жылдың қыркүйек айында болмақ.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Бибігүл Ақтан (Сүйіншәлина)

Актриса

Тимур Жақсылықов

Сценарист