«Alma Pictures» продюсерлік компаниясы «Бойжеткен» толықметражды фильмінің өндірісімен айналыспақ
Жақын арада режиссер Абдель Фифтибаевтың «Бойжеткен» атты романтикалық фильмі түсірілетін болады. Картина «Alma Pictures» продюсерлік компаниясы өткізген байқауда толық метрдің үздік идеясы үшін жеңіске жеткен. Жеңімпазды компания басшысы Алмагүл Тілеухан таңдады. Ұйымдастырушылардың аталмыш байқауды өткізу идеясы «Байқоңыр» I Республикалық қысқаметражды кинофестивалінің уақытында туындаған.
«Біз «Байқоңыр» кинофестивалінің директоры Әнуар Кенжибаев екеуіміз халықтың арасында сценарий жаза алатын, таныла алмай жүрген таланттарды байқап, олардың жұмыстарын көпшілікке көрсетудің кереметтілігі жайында әңгімелесіп, пікір алмастық. Сол кезде толық метрге арналған сценарийлер байқауын жариялаған едім. Іріктеу кезеңі оңайға соқпады. Мен авторлармен кездестім, барлығымыз сөйлесіп, жұмыстарды талқыға салдық. Өзім кәсіби филолог болғандықтан, мен үшін сценарийдің драматургиялық құрылымы маңызды болды. Өйткені, киноның қалыптасқан арнайы ережелері, заңдары бар. Соларды сақтай отырып, сапалы әрі коммерциялық өнімді ала аламыз. Сондықтан, мен «Бойжеткенді» таңдадым. Маған сценарийі ұнап қалды: ол жерде музыка мен махаббат туралы қарапайым әрі жеңіл жазылған»,-деп түсіндірді Алмагүл Тілеухан.
«Alma Pictures» компаниясына 50-ге жуық өтініштер келіп түскен. Өтініштерді тек Қазақстаннан ғана емес, Грузия, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстан елдерінен жіберген. Байқауға тәжірибелі мамандармен қатар, кәсіби емес сценаристер, түрлі жанрдағы: арт-хаустан бастап, триллерге дейінгі сценарийлерді ұсынған студенттер қатысты.
Алмагүл Тілеухан
«Бойжеткен» фильмінің түсірілімі биылғы жылдың күз мезгіліне жоспарланып отыр. Режиссерлік жұмысты картинаның қысқаметражды нұсқасының сценарий авторы Абдель Фифтибаев қолға алмақ.
Байқаудың ұйымдастырушылары мынадай авторларды: Рустам Мұхит (Ақтөбе, Қазақстан), Светлана Кожевникова (Сургут, Ресей), Ғани Құраш, Герман Сапегин (Ростов-на-Дону, Ресей), Медет Кенжебеков (Бішкек, Қырғызстан), Олжас Шаханов, Джами Бейсенов, Нариман Төребаев, Жанар Омарованы белгілеп, өз идеяларын ұсынған барлық қатысушыларға алғыстарын білдірді.
Алмагүл Тілеухан «Alma Pictures» компаниясының дарынды жандардың барлығымен жұмыс істеуге әрқашан дайын екендігін атап өтті.
1 пікір
Пікір қалдыру үшін
Ануар
28 қазан 2019, 19:45Плохая компания , сотрудники безответственные бессовестные , зарплату не заплатили , отработал водителем пять смен , без замечаний. А воз и ныне там...