È

Режиссер Дарханбек Кальменов «Знакомьтесь, Ибалы» фильмінің түсірілімі жайында айтып берді

Режиссер Дарханбек Кальменов «Знакомьтесь, Ибалы» фильмінің түсірілімі жайында айтып берді

Көрермен назарына «Знакомьтесь, Ибалы» («Танысып қойыңыз, Ибалы») атты ерекше атауы бар қазақстандық фильм ұсынылады. Комедияны көпшілікке «Потому что Шымкентский» картинасы арқылы танылған Дарханбек Кальменов түсірді.

Режиссердің айтуы бойынша, оған бұл комедияны түсіру идеясы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жүргенде келген.

«2015 жылы досым екеуіміз, қазіргі фильм продюсері Алимша Алтеевпен Өзбекстаннан бір қонақты күтіп алу керек болатынбыз. Күте отырып, түрлі әңгімелер айтылды, нәтижесінде осы идея туындады. Барлығы сол күннен басталды. Ерекше шабыттанған біз түсірілім тобын жинай бастадық. Осылайша, жобаның ең маңызды бөлігі - сценарий жазуға кірістік. Алтеев екеуіміз оны ұзақ жаздық. Фильм атауын қою үшін көп ойландық, басында «Ләп story Ибалы» атауын қойсақ па деп жүргенбіз. Бірақ, соңғы монтаждау кезінде ақыры «Знакомьтесь, Ибалы» («Танысып қойыңыз, Ибалы») деп атауды жөн көрдік»,-деді Дарханбек Кальменов.

Авторлардың қарқынды екпініне қарамастан, фильм тек бір жылдан соң ғана түсіріле бастады. Себебі, түсірілім тобы актерларды 6 ай бойы іздеген, ал басты рөлді сомдайтын қызды табуға 9 ай уақыт кеткен.

«Басты кейіпкердің рөліне көптеген актрисалар келіп бақ сынады, алайда ешкім бізге қажетті образды шығара алмады. Ақыр соңында, кейіпкерді өзім іздеуге кірістім, біраз жоғары оқу орнын аралап шығып, Арна Мақұлбек есімді бойжеткенді таптым. Актерлік құрамды бекітіп алған соң, азғантай үзілістермен қоса санағанда 3 айдай уақыт бойы түсірілім жұмыстарын жүргіздік. Фильмді Қаратау тауының етегінде, Астана мен Шымкентте түсірдік. Негізінде, өз жұмысымызға қанағаттанамыз деуге болады. Бастысы, көрермен оң бағасын берсе болғаны»,-деп ағынан жарылды режиссер.

Дарханбектің айтуынша, түсірілім барысында түрлі қызықты оқилар орын алған. Солардың бірі, Астанада көктемде болған түсірілім ерекше есте қалыпты. Актерлар күн жылы болатын шығар деген оймен астанаға жұқа киініп келген. Бірақ, далада аяз болғандықтан, актерлардың жылы киімдері келгенше 2 күн қатарынан суықта тоңып жүріп жұмыс істеуге мәжбүр болған екен.

Естеріңізге сала кетсек, «Знакомьтесь, Ибалы» комедиясында ауылдан Астанаға келетін момын қыздың өмірі баяндалады. Осылайша, қаладан өз махаббатын жолықтырып, болашаққа жоспар құрады. Алайда, оқиға Ибалының ауылдағы жігіті Астанаға келген кезде шиеленісіп кетеді.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Құралай Анарбекова

Актриса