Ақтөбелік режиссерлер «Второе дыхание» атты фильм түсірді
22 сәуір күні Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе драма театрында «Второе дыхание» фильмінің тұсаукесері өтеді. Кинотаспа - өз өңірінде танымал режиссерлер Серік Айжанов пен Еркебұлан Закировтың біріккен туындысы. Бұрындары олар «Бедный богатый жених» драмасын ұсынған болатын.
«Біз «Второе дыхание» картинасын біраз үзілістермен үш жыл бойы түсірдік. Фильм шоу-бизнес туралы. Оның басты кейіпкерлері – танымал болуды көздеген жігерлі жастар. Алайда, жеңіс пен сәттілік оларға бірден келе салмайды. Сценарийін Серік Айжанов екеуіміз жаздық. Әзірге, туындының көрсетілімі Ақтөбе қаласында өтеді. Дегенмен, республикалық айналымға шығару жоспарда бар»,- дейді Еркебұлан Закиров.

Режиссер фильмнің көптеген композициялармен әрленгенін, сол себепті оны музыкалық кино санатына жатқызуға болатынын айтып өтті.
Кейіпкердің бірін сомдаған Аслан Умбеталин өз рөлі туралы айтып берді:
«Мен «Бедный богатый жених» фильмінде басты рөлді сомдаған едім. Соның авторлары мені жаңа жобаға шақырғанда, қуана келістім. «Второе дыхание» картинасындағы кейіпкерім – ер адамдарға арналған брэндті шығаратын табысты дизайнер. Ол мақсатына ұмтылғыш әрі жас таланттарға қол ұшын созуды жөн көретін елгезек жан. Біздің топ тек кино түсіріп қоймай, үлкен оқиғаны баяндауды дұрыс көрді. Көрермен еңбегімізді бағалайды деп ойлаймын»,-деді актер.

Сонымен қатар, түсірілімге Назым Жәнібек, Әнел Дарискалиева, Гүлжахан Сағымбаева және т.бб актерлар қатысты.
Фильм «Патриот Синема» АҚ қолдауымен түсірілді.







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін