«Жетінші арна» «Япыр-ай» жаңа ситкомын дайындап жатыр
«Kerec cinema» студиясы «Жетінші арнаның» тапсырысы бойынша «Япыр-ай» атты жаңа комедиялық хикая түсірді. Жобаның продюсері - Бақыт Қасқараулова. Режиссерлік орынды бұрын «Бастық боламын» ситкомымен жұмыс істеген Ерлан Қасымжанұлы иемденді.
«Япыр-ай» - қазақ тілінде қуанғанда айтылатын сөз тіркесі. Хикаяда қала тұрғындарының күнделікті өмірі баяндалады. Әр бөлімде түрлі жағдайларға тап болған адамдар туралы 9 оқиға бар. Ситкомда әйелінің айтқанынан шықпайтын еркектің хикаясы, арықтағысы келетін, бірақ жалқаулығы басым екі толық жігіттің оқиғасы және отанға қызмет етуге бағытталған құлшынысты әзілмен көрсететін 40 күндік әскери дайындық көрсетіледі»,-дейді Бақыт Қасқараулова.
Жобаға актер Әбунасыр Серіков қатысты. Авторлардың айтуынша, ол «Япыр-ай» арқылы жаңа образда көрінеді. Актер қыздарының таңдауына қатал қарайтын полковникті ойнаған. Сонымен қатар, картинадағы басты рөлдерді Ерлан Қасымжанұлы, Дәнекер Оразбаев, Бауыржан Орда, Ардақ Кенже, Нұргүл Мыңғатова, Берік Түменбаев және Тағай Нұралиев сомдады.
«Хикаяның сценарийі 20 күннің ішінде жазылды. Түсірілімі шілде айының басында басталып, бір жарым айға созылды. Осы уақыттың ішінде барлығымыз тату топқа айналдық, бір-бірімізді әрдайым қолдап жүрдік»,-деп қоса кетті продюсер.
Комедия эфирге алдағы күзде шығады.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін