Серік Апрымов «Әкеге қоңырау шалу» драмасын таныстырды
«Арман» кино орталығында Серік Апрымовтың «Әкеге қоңырау шалу» көркем фильмінің тұсауы кесілді. Режиссер, сценарист әрі продюсердің фильмографиясындағы бұл жетінші толықметражды картинасы болып табылады. Кинематографшының айтуынша, «Әкеге қоңырау шалу» фильмі өзін-өзі сынап көруге мүмкіндік берген.
«30 жыл бұрын топсыз, қаржысыз және техникалық жабдықсыз «Екеуі мотоциклмен кетіп барады» атты өзімнің алғашқы картинамды түсірген едім. Дегенмен, ол фильм ойдағыдай шықты. Келесі фильмім топпен, қажетті қаржымен түсірілді, бірақ жоспарлағанымыздай болмады (күлді). Сондықтан, қайтадан тәуекелге бел буып, тәжірибе жасап, аздаған қаржыға, топсыз әрі сценарийсіз кино түсіріп көргім келді. Көп жылдардан соң өзімді сырт жақтан бақылап, киномның қандай болып шығатынын білуді жөн санадым. Бір шетінен, өзімнің қаншалықты қартайғанымды, құндылықтарымның қаншалықты өзгергенін білгім келді. «Әкеге қоңырау шалу» фильмі мен үшін бір сынақ болды»,-деп бөлісті Серік Апрымов.
Фильмде Еркен есімді ауылдың баласы туралы баяндалады, ол өзінің қатарластарынан біраз өзгешеленеді. Бала шынайы өмірді қиялындағы әлеммен шатастырады. Анасының көңіліне қаяу түседі, себебі «мұндай» баланы қарапайым мектепке алмайды ғой, ал қалаға көшу мүмкін емес. Бірақ, кейіпкердің басты арманы – мектепте оқу. Кейіннен, анасы отбасын тастап кетеді, ал Еркен әкесімен қалады.
«Әкеге қоңырау шалу» фильмінің постері
Картинадағы кейіпкерлерді Айзада Сатыбалдиева, Ерболат Оспанқұлов, Жігер Мырзабек, Нұрлан Жұмағали және Темірлан Қисықбаев сомдады.
«Мен Серік Апрымовпен екінші рет жұмыс істеп отырмын. Бірнеше жыл бұрын оның «Іні» атты картинасына түсіп, мектеп мұғалімін сомдаған едім. Ал бұл драмадан көрермендер мені учаскелік полицейдің рөлінде көретін болады. Апрымовтың түсірілім алаңына қайтадан тап болғаныма қуанамын. Ол – кәсіби, оркестр адам. Бұл фильмде ол режиссер, продюсер, сценарий авторы әрі қоюшы-оператор»,-дейді Нұрлан Жұмағали.
«Әкеге қоңырау шалу» фильмі Жамбыл облысы, Ақсүйек ауылында түсірілді.
Серік Секенұлы келесі фильмін еркек пен әйелдің арасындағы қарым-қатынасқа арнауды жоспарлап отыр.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін