È

Шарипа Оразбаева «Тұл» фильмін аяқтады

Шарипа Оразбаева «Тұл» фильмін аяқтады

Жас режиссер Шарипа Оразбаева «Тұл» қысқаметражды драмасын бітіруге таяп қалды. Шынайы оқиғаға құрылған кинотаспа өткен жылы Астана қаласында түсірілген. Түсірілімге атқарушы продюсер Гүлім Еркін және қоюшы оператор Самат Курбиев атсалысты.

«Тұл» - таныстарым айтып берген, өмірде болған шынайы оқиға негізінде құрылған деректі фильм. Әңгіменің маған ұнағаны соншалық, көрермендермен бөліскім келді. Бастапқыда толық метр түсірсек деген едік, алайда қаржының тапшылығына және техникалық мүмкіндіктің аздығына байланысты бұл ойымыздан бас тарттық. Сондықтан, идеяны іске асыру мақсатында драма жанрында қысқа метр түсірдік, оның сценарийін Майра Жұмабекова жазып шықты», -дейді режиссер.

«Тұл» фильмінен көрініс

Сюжет бойынша жасөспірім қыз анасының өтініші бойынша перзентханаға барады. Кейіпкер бұл жақта өліммен бетпе-бет жолығады. Бұл жағдай оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді.

Басты рөлді Аружан Ардаққызы сомдады. Шарипаның айтуынша, жас актриса режиссерді ерекше көзқарасымен баурап алған.

«Қазіргі таңда, «Тұл» фильмі халықаралық кинофестивальге дайындалу үстінде. Кейіннен толық метр түсіру жоспарда бар. Бірақ, басқа біреулер менен фильм түсіруімді күтеді екен деп түсіре салғым да келмейді. Мен бұл жұмысқа моральді тұрғыда және қаржылық жағынан дайын болғым келеді. Мен үшін ең бастысы, мейлі ол қысқаметражды немесе толықметражды фильм болсын, көрерменге жеткізетін ойы болса болды», - деп қосты режиссер.

«Тұл» фильмінен көрініс

Еске сала кетсек, Шарипа Оразбаеваның алдыңғы жұмысы «Картоп жегіштер» («Едоки картофеля») «Байқоныр» I Республикалық кинофестивалінде «Гран-при» жеңіп алған. Сондай-ақ, «Saryarka short film festival» фестиваліне қатысқан, «Киносыншылар таңдауы-2017» киножүлдесін иеленген.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Аян Өтепберген

Актер

Дастен Шәкіров

Актер