«Французское кино сегодня» сегізінші фестивалі басталды
Алматыда Қазақстандағы Франция елшілігі мен «UniFrance» компаниясының ұйымдастыруымен «Французское кино сегодня» сегізінші фестивалі басталды. Көрсетілім 22-25 сәуір аралығында Алматы қаласында басталып, Астанада аяқталады. Қонақтарды кинофестивальде не күтетінін киноорталықтың директоры Бауыржан Шүкенов пен «UniFrance» компаниясының Орта және Шығыс Еуропа бөлімінің жетекшісі Жоэль Шапрон айтып берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендерге француз кинематографтарының жаңалықтары ұсынылатын болады.
«Біз Алматыда кинофестивальді сегізінші рет өткізудеміз және оның қалалық тұрғындар арасында танымал болғанына қуанамыз. Сондықтан, фестиваль бағдарламасын дайындау барысына тереңірек тоқталамыз. Фильмдерді жыл сайын Бауыржан Шүкенов екеуіміз іріктейміз. Біз қазақстандық көрерменге қызықты, сапалы әрі жаңа дүниелерді таңдауға тырысамыз. Дегенмен, жыл өткен сайын бұл қиындай түсуде. Біріншіден, Қазақстанға алып келуге болатын фильмдерді табу өте қиын. Екіншіден, өздерінің тығыз кестесі болғандықтан, әртістерді шақыру да оңайға соқпайды. Бірақ, барлық қиындықтарға қарамастан, 6 толықметражды картинаны жинап үлгердік. Олардың арасында айналымға мамыр айында немесе жазда шығатындары бар. Негізі, фестиваль аясында кейбір фильмдердің тұсауы Қазақстанда кесілейін деп тұр»,-дейді Жоэль Шапрон.
«Если б я была мужчиной» фильмінен көрініс
Фестиваль бағдарламасына толықметражды картиналардан бөлек, қысқаметражды туындылардың көрсетілімі де кірген. Жалпы, көрермен назарына Францияның жас режиссерлерінің 15 жұмысы ұсынылады.
«Биылғы жылы екі мемлекеттің елшілігі мен серіктестерінің арқасында фестиваль алғаш рет Астанада өткелі тұр. Негізінен, шара француз киносына қызығушылық танытатын өзіндік тұрақты көрермендерін Алматы қаласында қалыптастырып үлгерді. Астанадан да осындай көрермендер табылады деп үміттенеміз. Фестиваль арқылы отандық көрермендерге тәрбие беріледі деп ойлаймыз. Яғни, әлемде тек америкалық блокбастерлер ғана емес, басқа да кино бар екенін түсінуге септігін тигізеді. Ұйымдастырушы ретінде біз бағдарламаны жанр жағынан кеңейтуіміз қажет. Биылғы жылы көрермендерге анимациялық және биографиялық таспалап, комедия және драма көрсетіледі»,-деп қосты Бауыржан Шүкенов.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін