«Бойжеткен мен теңіз» әлеуметтік драмасының түсірілімі басталды
Алматыда «Бойжеткен мен теңіз» көркем фильмінің түсірілімі басталды. Жобаның режиссерлары әрі сценарий авторлары - Әзизжан Заиров пен Мұхамед Мамырбеков. Авторлардың айтуынша, кинотаспа «Шексіз мүмкіндіктер» дилогиясының екінші бөлімі болмақ. Бірінші бөлімі көрермендерге өткен жылы ұсынылған «Бола ма, әлде болмай ма?» фильмі болатын.
«Бойжеткен мен теңіз» фильмі әлеуметтік драма жанрында түсірілуде. Таспа ДЦП ауруымен ауыратын Әсел есімді жас қыздың өмірін баяндайды. кейіпкер өз махаббатын тауып, отбасын құрып, балалы болуды армандайды. Кейіннен бойжеткен дәл өзінікіне ұқсас физикалық мәселесі бар Тахирді жолықтырады. Әсел оған ғашық болады да, арманына жету үшін көптеген сынақтардан өтуі керектігін түсінеді.
«Бойжеткен мен теңіз» фильмінің түсірілімі
Картинаның негізіне Динара Шарипованың «Арди» реабилитациялық орталығының емделушісінің шынайы хикаясы арқау болған. Сол емделушінің өзіне басты рөлді сеніп тапсырған. Жалпы, жобаға орталықтың оқушылары қатысады. Фильмдегі негізгі кейіпкерлерді Тахир Омаров («Бола ма, әлде болмай ма?») және Қанағат Тасқараев («Жаралы періште») сомдайтын болады.
Сонымен қатар, түсірілім тобының құрамына қоюшы-оператор Тимур Утенов, қоюшы-суретші Джал Ибрагимов, костюм бойынша суретші Наталия Баженова мен атқарушы продюсер Дина Нұрмұханова кіреді.
Драма ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясының негізінде өндірілген.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін