È

«Қазақстан» телеарнасы балаларынан бас тартқан аналар туралы «Анашым, мені қалдырма» хикаясын ұсынды

«Қазақстан» телеарнасы балаларынан бас тартқан аналар туралы «Анашым, мені қалдырма» хикаясын ұсынды. Қазақстан киносы

«Қазақстан» телеарнасында «Анашым, мені қалдырма» хикаясының көрсетілімі басталды. Картинада жаңадан туылған сәбиінен бас тартқан аналар мәселесі баяндалады. Тележобаның дүниеге келуіне «Ана үйі» қоғамдық қорының меценаттары себепші болған, ал фильм өндірісімен «Астана Телефильм» кинокомпаниясы айналысқан. Режиссері - Елдар Қапаров («Дода»).

«Анашым, мені қалдырма» хикаясы – қиын жағдайға тап болған жас қыздардың шынайы оқиғалары. Отбасы және қоғам тарапынан қолдау көрмеген, күйзеліске түсіп кеткен қыздар сәбилерін далаға тастап немесе өздеріне қол жұмсап кешірілмес қадам жасайды. Тек кейбіреуі ғана қоғам пікіріне қарамай, тағдырымен күресіп, балаларын аяққа тұрғызып жатады.

Хикая түсірушілер басты кейіпкер Назымның оқиғасы арқылы білімінің таяздығы салдарынан қыздардың қандай қиын әрі қауіпті жағдайларға тап болатынын, «қаланың» аңқау бойжеткендерді қалай пайдаланатынын және «Ана үйінен» қалай қолдау табуға болатынын көрермендерге көрсеткісі келеді.

16 бөлімнен тұратын фильмнің шығуына сценарист Лейла Ахинжанова мен продюсер Әлия Увальжанова атсалысты. Картинада актерлар: Назым рөлінде - Әйгерім Жүнісова, анасының рөлінде - Айзада Сатыбалдиева, қыздың өгей әкесін Данияр Базарқұлов сомдады.

Жоба авторларының сөзіне сәйкес, «Аналар үйіндегі» әйелдердің шынайы оқиғалары хикая түсіруге түрткі болған. Оның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарға қатысты сұрақтарға қоғам назарын аударту. Авторлар кино тілі арқылы қоғамның дүниеге некесіз бала әкелген әйелдерге деген қарым-қатынасын өзгертіп, өмір мен бала денсаулығының қоғам пікірінен гөрі маңыздылығын, сондай-ақ, ата-аналардың балаға қатысты жауапкершілігін арттыруға үндейді.

«Ана үйі» қоғамдық қорын 2013 жылы қайырымдылық жоба ретінде жекелеген адамдар негізін қалаған. Мақсаты – жетімдерді жебеу, балалар үйіне түсіп жатқандардың санын азайту және қиын жағдайға тап болған балалы әйелдерді қолдау.

«Анашым, мені қалдырма» хикаясы «Қазақстан» телеарнасында демалыс күндері 15:10-да көрсетіледі.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер