È

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған телебағдарлама

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған телебағдарлама

«Бродвей» кинопорталы барша ер азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтай отырып, мерекелік күндерді әрлеп қана қоймай, көптеген дүниелерге басқаша көзқараспен қарауға үйрететін фильмдер топтамасын ұсынады.

«Хабар» телеарнасында бірден екі отандық фильм көрсетілмек. Көрермендерге алдымен «Аманат» картинасы ұсынылады. Режиссер Сатыбалды Нарымбетов түсірген тарихи драма қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов туралы баяндайды. Басты кейіпкерді Берік Айтжанов, ал оның жарын - Қарлығаш Мұхамеджанова сомдады. 2016 жылы «Аманат» фильмі «Оскар» киножүлдесінің «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша үздік топқа енген болатын. Картина сағат 15:45-те көрсетіледі.

Сағат 22:00-де экранға Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің толықметражды нұсқасы шығады. Сюжетте Шайбаншах ұлысынан көшіп кетуді ойлап жүрген Керей мен Жәнібек сұлтандар көрсетіледі. Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген кейіпкерлер жаңа мемлекет – Қазақ хандығын құрады. Адайда, жаңа хандықтың алдынан көптеген қиындықтар туындап, мықты жаулары пайда болады. Қазақ мемлекетінің негізін қалаушыларды Қайрат Кемалов және Еркебұлан Дайыров сомдады.

«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінен көрініс

«НТК» телеарнасы отандық фильмдердің орнына шетелдік туындыларды ұсынады. Сағат 21:00-де Венсан Касселдің басты рөлді сомдауымен «Сұлу ару мен құбыжық» көркем таспасы көрсетіледі. Фильмді 2013 жылы режиссер Кристоф Ганс түсірген. Картина нағыз махаббат пен батылдықтың алмайтын қамалы болмайтынын еске түсіретін аттас ертегінің желісімен қойылған. Венсан Кассельден бөлек, ертегі кейіпкерлерін Леа Сейду мен Андре Дюссолье сомдады.

Әсерлі оқиғадан соң сағат 23:10-да Майкла Бэйдің «Бұзық жігіттер 2» комедиясы көрсетіледі. Фильм кейіпкерлері – нашақорлыққа қарсы күрес детективтері Маркус пен Майк. Серіктестер әдеттегі жұмыстарын істеп жүріп, жергілікті нашақор саудагерлерінің арасында ірі шайқастың болатынын біліп қояды. Алайда, осы мәселені шешудің орнына, жігіттер өз араларындағы кикілжіңді шешумен әлек болады. Детективтерді Уилл Смит пен Мартин Лоуренс сомдады.

«Бұзық жігіттер 2» фильмінен көрініс

«31 арна» кішкентай көрермендерге сыйлық дайындап қойды. Эфирде сағат 17:10-да По есімді панданың қызықты оқиғаларын баяндайтын «Кунг-фу Панда» мультфильмі көрсетіледі. Кейіпкер бала кезінен бері кунг-фу шебері болуды армандайды. Бірақ ол мақсатына жете алмаймын деп ойлайды. Алайда, Қытайды қаһарлы Тай Лунгтан құтқару үшін жақында айдаһармен күресетінін Панда үш ұйықтаса да түсінде көре алмас еді.

«КТК» телеарнасы көрермендерге «Танктер батпақтан қорықпайды» атты 4 бөлімнен тұратын ресейлік фильмді ұсынады. Басты оқиға театр сахнасын армандап жүрген Саша Круглов төңірегінде өрбиді. Оған әскери әулетте туып-өскендіктен, актерлік салаға қатысты сөз қозғауға болмайтын. Отбасылық дәстүрді жалғастыру үшін кейіпкер танкшілер жасағы әскери училищесіне оқуға кетеді. Бірақ, Сашаның осы жерден нағыз достар мен өз махаббатын табатынын кім білген?! Картина сағат 12:00-де көрсетілмек.

«Кунг-фу Панда» мультфильмінен көрініс

«Жетінші арна» режиссер Акан Сатаевтың «Анаға апарар жол» драмасын көрсетіп, көрермендерді бір қуантпақ. Фильм XX ғасырдың басындағы оқиғаны баяндайды. Жас Ілиясты қапыда туған анасынан айырады. Кейіпкер ұзақ жылдар бойы үйге қайтқысы келіп жүреді, алайда оның алдынан үнемі кедергілер шыға береді. Рөлдерде: Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Алтынай Нөгербек және т.б. Фильм сағат 11:35-те ұсынылады.

«Алматы» телеарнасы өткен жылдардағы батырларды еске алып, «Жаужүрек мың бала» тарихи картинасын көрсетуді ұйғарыпты. Фильм 1729 жылы қазақтар мен жоңғарлар арасында болған ұлы «Аңырақай шайқасын» баяндайды. Соғыс кезінде жоңғарлардың мыңдаған әскерлерімен күрескен жас әскери қазақ жігіттерінен тұратын «Мың бала» жасағы құрылған. Кинотаспа 2012 жылы жарыққа шығып, Асылхан Төлепов, Құралай Анарбекова, Әлия Әнуарбек, Артур Төлепов, Аян Өтепберген сынды отандық жас киножұлдыздардың бағын ашты. Кинокартина сағат 14:40-та көрсетіледі.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Әмір Қарақұлов

Режиссер

Бибігүл Ақтан (Сүйіншәлина)

Актриса