È

Алматыда III Baikonyr Short Film Festival-ге арналған баспасөз конференциясы өтті

Алматыда III Baikonyr Short Film Festival-ге арналған баспасөз конференциясы өтті

Алматыда «Тұран» университетінің акт залында III Baikonyr Short Film Festival-ге арналған баспасөз конференциясы өтті. Республикалық көлемдегі кинокөрсетілім 20-23 қыркүйек аралығында Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында болады.

Baikonyr Short Film Festival-дің бас демеушісі - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, жобаның бас серіктестері – Kinopark Theatres және Kinoplexx Cinemas.

Журналистердің алда өткізілетін байқауға қатысты қойылған сауалдарына фестиваль директоры Әнуар Кенжибаев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жобаларының аға координаторы Тимур Исмаилов, сондай-ақ іріктеу комиссиясының мүшелері Ержан Жұмабеков пен Кәрім Қадырбаев жауап берді.

Фестивальге қатысуға бағытталған өтініштерді қабылдау 2018 жылдың 31 тамызында аяқталған болатын. Өтініштер тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен қатар Грузия, АҚШ, Латын Америкасы, Ресей және Ливан елдерінен келді. Дегенмен, байқау бағдарламасына келіп түскен 195 өтініштен отандастарымыз түсірген 47 фильм енді. Көрсетілімді Жаннат Алшанованың 71-ші Канн кинофестивалінің Cinefondation байқауына қатысқан «Маусым соңы» қысқа метрі ашады.

«Қазіргі таңда Baikonyr Short Film Festival – бағдарламасы ойнамалы, деректі және анимациялық кино бөлімдерінен тұратын Қазақстан аумағындағы жалғыз фестиваль. Негізгі байқауға 27 ойнамалы картина, 11 анимациялық және 9 деректі таспа өтті. Бұл тізімге «Тұран» университетінің, Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, ҚазҰӨУ, Нью-Йорк киноакадемиясы, Сергей Герасимов атындағы БМКИ, «Сталкер» отандық киномектебінің түлектері мен студенттері түсірген жұмыстар, сондай-ақ «Қазақфильм» жанындағы «Дебют» ШӨБ түсірген фильмдер енді», - деді Ержан Жұмабеков.

Іріктеу комиссиясының мүшесі Ержан Жұмабеков
Іріктеу комиссиясының мүшесі Ержан Жұмабеков

Байқау бағдарламасының қатысушыларын актер, режиссер әрі продюсер Нұртас Адамбай, актриса Аружан Жазылбекова, продюсер, актриса Баян Алагөзова, Өзбекстан жас кинематографшылар кеңесінің төрағасы, продюсер Ойбек Абдушукуров, дыбыс режиссері Денис Коноплев, режиссер, II Baikonyr Short Film Festival жеңімпазы Баймұрат Жұманов, «Қазақфильм» жанындағы «Анимациялық кино» ШӨБ жетекшісі Адай Әбелдинов, дерекші-режиссер Катерина Суворова, қоюшы-суретші Яна Тюлькина бағалайтын болады.

Қазылар алқасының төрағасы ретінде кинотанушы әрі киносыншы, FIPRESCI пен NETPAC мүшесі, Қырғызстан кинематографшылар одағының мүшесі Гүлбар Толомушова шақырылды.

«Үшінші фестиваль тосын сыйларға толы. Біріншіден, біз қырғыз және өзбек киноларының ашық кештерін өткіземіз. Көрермендеріміз бен қатысушыларымызға сол елдердің үздік қысқаметражды фильмдерін ұсынамыз. Екіншіден, кинокөрсетілім жүлдегері атануға мүмкіндік жоғары. Біз «Үздік дыбыс» атты жаңа номинацияны енгіздік. Үшіншіден, фестиваль барысында қызықты шеберлік сағаттары өткізіледі. Сонымен қатар, ашылу күнінде елімізге белгілі киноқайраткерлер арнайы қызыл кілемшемен жүріп өтеді», - деп атап өтті Әнуар Кенжибаев.

Фестиваль директоры Әнуар Кенжибаев
Фестиваль директоры Әнуар Кенжибаев

Кинокөрсетілімнің бас демеушісі екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры болып отыр.

«Қордың басым бағыттарының бірі – дарынды, ғылыми, шығармашыл жастарды қолдау. Фестиваль өз алаңында ондаған жас режиссерларды біріктіріп, оларға кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік береді және ең бастысы, жаңа есімдерді ашуға септігін тигізіп келеді. Сондықтан, осы жобаға тағы да қолдау білдіруді ұйғардық», - деп қоса кетті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жобаларының аға координаторы Тимур Исмаилов.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жобаларының аға координаторы Тимур Исмаилов
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жобаларының аға координаторы Тимур Исмаилов

Еске сала кетсек, Baikonyr Short Film Festival 2016 жылдан бері «Бродвей» кинопорталымен өткізіліп келеді. Биылғы жылы жеңімпаздар 23 қыркүйек күні анықталады және олар естелік дипломдармен, жез бен алтын жалатылған эксклюзивті мүсіншелермен марапатталады.

Шара мен көрсетілімнің толық кестесі фестивальдің baikonyr.brod.kz ресми сайтында және «Бродвей» кинопорталында жарияланады.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ахат Ибраев

Режиссер

Әлішер Хайыров

Актер

Қуан Ликеров

Актер

Айнұр Ниязова

Актриса