Айналымға «Соңғы қалыңдық» атты қазақ триллері шығады
17 тамыз күні айналымға «Соңғы қалыңдық» атты қазақстандық фильм шығады. Картина режиссер Берік Ошақбаевтың дебютті жұмысы болды.
«Соңғы қалыңдық» фильмінің негізгі кейіпкері – қыздарды ұрлап әкететін маняьк такси жүргізушісі. Әсел есімді қыз оның кезекті құрбанына айналады. Көрермендер қыздың сұмдық қанішерден құтыла алатынын-алмайтынын көріп біле алады.
«Сценарий мен идеяның авторы өзім. Бірде жаңалықтарды қарап отырып, Астанадағы жолаушы қыздарды өлтіріп жүрген такси жүргізушісі туралы оқып қалдым. Содан кейін, кешкі уақытта таксиге отырғанда сақтанып жүруді ескертетін ролик түсірілді. Кейіннен аталған тақырыпты кеңірек ашу үшін толықметражды фильм түсіру идеясы келді. Сценарийді жазып болып, түсірілімге кірістік. Картина 2016 жылдың шілдесінен бастап, биылғы жылдың қаңтарына дейін түсірілген. Көрермендер фильмді көріп болған соң, тек ерекше әсерге бөленіп қана қоймай, белгілі бір қорытынды шығаратын шығар»,-деп айтып берді триллер туралы Берік Ошақбаев.
Режиссер Берік Ошақбаев
Триллердегі басты кейіпкерлерді ҚазҰӨА-ның түлектері Жұлдыз Әліманова мен Ерғұлан Жанпейісов сомдады. Қанішердің рөлі Теміртау қалалық Жастар театрының актері Айдар Мұқашевқа тапсырылды.
Түсірілім алаңында актерлар мен режиссердан бөлек, қоюшы-оператор Азамат Тоғызбаев және қоюшы-суретші Рүстем Омаржанов жұмыс істеді. Ошақбаевтың айтуынша, түсірілім тобының мүшелері толық метрмен бірінші рет айналысып отыр. Олар бұрындары әлеуметтік роликтер мен жарнамалар түсіріп жүрген болатын.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін