Жоэль Шапрон: «Қазақстан француз кино мамандары үшін қызықты»
Алматыға «Бүгінгі француз киносы» фестивалі аясында француздық продюсер, актер, Орта және Бастыс Еуропадағы «UniFrance» ұйымының өкілі Жоэль Шапрон келді. Ол Қазақстан нарығындағы француз киносы туралы айтып берді.
«Айта кету керек, Қазақстанда француз киносына деген қызығушылық өте жоғары. Егер Францияда жыл сайын 200-ге жуық фильм түсірсе, соның 20-30 шақтысы Қазақстан айналымына шығып жатады. Сонымен қатар, Қазақстан француз кино айналымымен айналысатындар үшін өте тиімді мемлекет, өйткені мұнда 200-ден астам киноэкрандар бар. Бұл Болгариямен және Украинамен салыстырғанда әлдеқайда көп. Бірақ, негізгі мәселе мынада: Қазақстан кино нарығы Ресей кино нарығына тәуелді. Өйткені, қазақстандықтарға Ресейде көрсетілген кинолар ғана келеді. Яғни, жергілікті кино нарығының өкілдері Франциядан тікелей фильм сатып алмайды, оларды арнайы адамдар арқылы әкеледі»,-деді Жоэль Шапрон.
Сонымен қатар, француз көрермендері Қазақстан режиссерларының жұмысын тек арнайы шараларда ғана көре алатынын айтты. Мысалы, қазақ мәдениетінің күндері немесе Қазақстан киносының апталығы секілді іс-шараларда ғана тамашалай алады. Бұл мәселені шешу үшін біріккен өнімнің көлемін ұлғайту керектігін де атап өтті.
«Франция серіктестікке әрқашанда дайын. Шетелдік продюсерлермен, ұйымдармен бірігіп ортақ жобаны жүзеге асыратын халықаралық келісім-шарттар бар. 1967 жылы Францияның КСРО-мен біріккен өнімге қатысты келісім-шарты жасалған. Келісім-шарт бүгінгі күні де жалғасып келеді, оның мұрагерлері бұрынғы Кеңес Одағының мемлекеттері. Соның ішінде Қазақстан да бар. Өкінішке қарай, екі ел арасында тікелей жасалған келісім-шарт жоқ. Дегенмен, оның жоқтығы бірігіп кино түсіруге еш кедергі келтірмейді. Ең маңыздысы - Канн фестивалінде жеке павильонының болуы. Осы арқылы мемлекет өзін және бар мүмкіндігін әлемдік киноорталыққа көрсете алады»,-деп қосты продюсер.
Еске сала кетсек, отандық режиссер Эмир Байғазиннің «Раненый ангел» атты жұмысы Қазақстан, Франция және Германияның біріккен өнімі болып табылады. Фильм өндірісіне «Capricci productions» француз кинокомпаниясы және «Augenschein filmproduktion» неміс компаниясы атсалысқан.
Фото: Vlast.kz
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін