Қысқаметрлі кино қозғалысы: Үрдістер және даму перспективалары
ҚЫСҚАМЕТРЛІ КИНО ЖАЙЛЫ
Қысқаметрлі кино – толықметрлі фильмдер секілді, киноға қойылатын көркемдік, стилдік талаптармен қатар, көрерменнің толқулары мен эмоцияларын тудыратын кино тілін, фильмнің идеясын шағын уақытқа сыйғызатын кино өнерінің өзіндік бір бөлімі. Кинематографияның пайда болуы қысқаметрлі фильмдерден бастау алады.
Заманауи көрермен үшін қысқаметрлі фильмдердің орны ерекше екенін атап өткеніміз жөн болады. Ірі мегаполистердегі уақыттың тығыздығына байланысты, қысқаметрлі фильмдердің маңыздылығы арта түсуде.
Еліміздегі жыл сайын түсірілетін 200-ден астам қысқаметрлі фильмдердің үштен бір бөлігін студенттік фильмдер алады. Студенттік фильмдер – ең әуелі, алғашқы тәжірибелер мен режиссер толғанысының шынайы көрінісі. Өзіндік стилін қалыптастыру және ойын емін-еркін жеткізу мүмкіндігі. Қысқаметрлі туындылар үлкен жұмыстардың бастамасын хабарлайтын, режиссердің шығармашылығындағы визиткасы екені анық. Бұл дегеніміз, кино саласының қалыпты өндірістік жағдайына ұрынбай, эксперименталды көрсеткіштер арқылы режиссердің көзқарасын жеткізетін өзіне тән кино тілін, стилін қалыптастыратын мүмкіндігі. Сондықтан, қазақ киносының өркендеу жолында қысқаметрлі фильмдерге баса назар аударып, жете зерттеу нысанына айналдыру маңызды. Жас кинематографистердің шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Жаңа көзқарас», «Дидар», «Шәкен Жұлдыздары» кинофестивальдері өз уақытында дарынды режиссерлерді айқындап, ұлттық кино бағытындағы жаңа есімдерді ашты. Алайда, осы уақытқа дейін қысқаметрлі фильмдерді қолдауда жасалған жұмыстар тұрақтылыққа жетпеді. Қысқаметрлі фильмдерге арналған фестивальдер арасында «Бастау» халықаралық студенттік фильмдер фестивалі жұмыс атқаруда. Дегенмен, бұл фестиваль өз форматы бойынша тек студенттік фильмдерді қабылдай алады және өндірістік толқынды толығымен қорыта алмайды. Оның өзінде бір оқу орнынан санаулы фильмдерді ғана қабылдайды. Бұл жағдайды, 2015 жылы «Бастау» халықаралық студенттік фильмдер фестивалінен шет қалған фильмдердің «Три дня отверженных» атты көрсетілімі айшықтап берген секілді. Өз деңгейінде бағаланбай келе жатқан студенттік фильмдер осындай наразылығы арқасында кино мамандарының назарын өзіне аударып, жаңа қозғалыс алды.
Студенттік фильмдерден бөлек, оқу орындарын тәмамдаған режиссерлердің қысқаметрлі туындылары және жеке студиялар арқылы түсірілген қысқаметрлі фильмдер назардан тыс қалып отырды. Бұл фильмдер тек шет елдік фестивальдерге ғана үміт артатындай күйге жетті. Бүгінгі таңда, осы бағытта жасалып жатқан талпыныстар бар. Мысал ретінде, Байқоңыр қысқаметрлі фильмдер фестивалін атап өтуге болады. Фестиваль форматы бойынша, қысқаметрлі киноның барлық бағытын қамтып, ары қарай сол фильмдердің танылуы үшін барынша жұмыс атқарады. Оның ішінде, әр түрлі халықаралық кинофестивальдерге ұсыну, көрсетілімдер ұйымдастыру, ақпараттық қолдау және т.б.
ОРТАҚ ТЕНДЕНЦИЯЛАР
Қысқаметрлі фильмдердің өзара сайысқа түсулері – алған бағытын, көркемдік ерекшеліктерін және жалпы тенденцияларды саралауға мүмкіндік болып отыр. Соңғы жылдардағы тақырыптық тенденциялардан – жанұялық драма, оралу мотивациясы, бала бейнесі, әлеуметтік мәселелер, өлім тақырыбын атап өтуге болады.
Жанұялық драма – режиссерлер отбасылық қарым-қатынастың күрделі мәселелерін қозғайтын фильмдер. «Жаңа толқын» бағытынан бергі фильмдермен салыстырғанда бұл фильмдердегі кейіпкерлер орын алған мәселенің шешімін іздеуге тырысады және болашаққа үмітпен қарайды.
(«Таң шапағының шуағы», «Маршрут» реж. Дархан Төлегенов; «Әке» реж. Фариза Танаева; «Қаттырақ қағыңыз!», реж. Мәлік Зеңгер; «Шыңырау» реж. Рахымжан Қалдыкөз)
Оралу мотивациясы бар фильмдердің кейіпкерлері кездейсоқ немесе арнайы түрде ауылға, өзінің туып-өскен жеріне келеді. Кейіпкер жан дүниесіндегі қуыстың түпкі негізін осы жерден іздейді.
(«Аялдама» реж. Диас Құлмақов; «Жер-ана» реж. Бану Рамазанова; «Закрыто на зиму» реж. Жәнібек Мұртазин; «Ақшатау» реж. Қайша Рахымова)
Қазақ киносындағы буындар байланысың көрінісі болып табылатын бала бейнесі қоғамдық, саяси жағдайларға байланысты өзгеріп отырды. Аталмыш фильмдердің басты кейіпкерлері екі-жақты көзқарас қалыптастырады. Бірі – өзіне сенімділікті, жауапкершілікті мойнына алатын кейіпкер болса, екіншісі керісінше, қорғансыз, әлсіз, әлдебір оқиға салдарының құрбаны болады. Мұндай көрсеткіш еліміздегі балалар тақырыбындағы фильмдердің баяу қозғалысының әсері болу мүмкін. Бүгінде, бала бейнесінің болмысы, қоғамдағы орны беймәлім. Және де мұндай жағдайға жас режиссерлердің алаңдаушылығы байқалады.
(«Картоп жегіштер» реж. Шарипа Оразбаева; «Шатырдағы кептер» реж. Ольга Коротько; «Еркек» реж. Берік Жаханов; «Шиебөрі» реж. Айсұлтан Сеитов; «Тығылмақ» реж. Венера Қайыржанова)
Әлеуметтік мәселелер тақырыбындағы фильмдердің негізгі мақсаты кейіпкердің қоғамдағы орнын анықтау. Сондай-ақ, бүгінгі қоғамның әлеуметтік мәселелерін қозғайтын фильмдер ретінде қарастыруға болады. Әсіресе, осы жылдары актуал болған «Партизандық кино» қозғалысының әсері айқын байқалады.
(«Қатал мінезді» реж. Баймұрат Жұманов; «Пәтер» реж. Ербол Бораншы; «Мама» реж. Бегалы Шібікеев)
Өлім тақырыбындағы фильмдерде кейіпкер және оның оқиғасы өлімнің әсерінен үлкен өзгеріске ұшырайды. Бұл фильмдерде режиссерлер өлім арқылы берілген мәселелерден құтылуды, арылуды ұсынады.
(«Қош бол, досым» реж. Тимур Сердалин; «Цирк уродов» реж. Мырза Байсанбеков, Самрат Иржасов; «Толғау» реж. Аян Найзабеков; «Мараттың видеосы» реж. Алимжан Құдабаев; «Бітеу жара» реж. Сая Омар; «Асан» реж. Берік Жаханов)
ҚЫСҚАМЕТРЛІ ФИЛЬМДЕРДІҢ БҮГІНГІ МҮМКІНДІКТЕРІ
Толықметрлі фильмдермен салыстырғанда, қысқаметрлі фильмдер өндірістік тұрғыда үлкен қаражатты, көп уақытты талап етпейді. Сонымен қатар, қысқаметрлі кино режиссерлері өз фильмдерін прокаттық формат заңдылығымен шектемейді. Дегенмен, толықметрлі фильмдер секілді, фестивальдер мен әлеуметтік желілер арқылы айтулы табысқа жете алады.
Соңғы жылдары қысқаметрлі фильмдерге арналған фестивальдер пайда болып келеді. Әр оқу орны өз фестивалін ұйымдастыруға тырысуда. Мәселен, ҚазҰӨУ «Ұшқын» фестивалі, Тұран университетінің «Тұран жұлдыздары» фестивалі. Осы сынды өзге де алаңдардың фестиваль құру талпынысы байқалады. Жуырда бастау алған Павлодар қаласындағы «Ертіс cinema», Шымкент қаласындағы «Самғау», «КиноАРТ» сынды фестивальдер қысқаметрлі фильмдердің дамуына мүмкіндік туғызуда. Республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан осындай шаралар қысқаметрлі фильмдерді танытуда үлкен роль атқарады.
Ержан Жұмабеков
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін