È

Қазақстандағы кинофестивальдер қозғалысы

Қазақстандағы кинофестивальдер қозғалысы

Кинофестиваль - кино өндірісінің бағытын қалыптастыруға және деңгейін саралауға мүмкіндік беретін арнайы шаралардың бірі. Осы орайда, қазіргі Қазақстан кинофестивальдерінің бағыт - бағдары, деңгейі және пандемия жағдайындағы мәселелер төңірегінде кинотанушылардың пікірін білген едік.


Ержан ЖҰМАБЕКОВ, кинотанушы, Baiqonyr ISFF бағдарлама директоры

Қазақстан - Орта Азия аумағындағы кинофестивальдер ең көп шоғырланған мемлекет. Санап отырсақ,10 - нан астам кинофестивальдер бар екен. Оның ішінде ауқымды көлемде аталып өтетін «Еуразия», «Шәкен Айманов атындағы халықаралық кинофестиваль», «Almaty Film Festival» халықаралық кинофестивальдері бар. Бұл кинофестивальдердің негізгі бағдарламасы толықметрлі фильмдерге арналған. «Еуразия» кинофестивалі Еуразия контингенті, Ш.Айманов атындағы фестиваль түркі халықтарының фильмдері, Алматы кинофестивалі коопродукциялық фильмдерге бағытталған. «Еуразия» және Ш. Айманов атындағы кинофестивалі NETPAC, FIPRESCI сынды халықаралық ұйымдар сарапшыларының назарында. Бұл ұйым сарапшыларының жұмысы фестивальдің халықаралық көрсеткіші үшін маңызды.

Келесі кезектегі кинофестивальдер студенттік кино, қысқаметрлі фильмдердерге арналған. Олар: Бастау ХКФ - студенттік кино және дебюттік фильмдер, Байқоңыр ХКФ - қысқаметрлі фильмдер, Ұшқын ХКФ - студенттік кино, ATAU ХКФ - қысқаметрлі кино. Бұл кинофестивальдер өзіндік форматы, бағдарламасы бойынша ерекшеленеді. Сонымен қатар республикалық кинофестивальдердің де жұмысын атап кету қажет. Ол Шымкент қаласында былтыр алғашқы рет ұйымдастырылған Shymkent Film Festival. Фестиваль бағдарламасына қысқаметрлі көркемсуретті, деректі, анимациялық фильмдерді қабылдайды.

Қазіргі пандемия жағдайына байланысты кинофестивальдер көптеген мәселелерге жолығып отыр. Бірінші кезекте фильмдер, қатысушылар және көрермендер контенті бойынша. Көпшілік кинофестивальдер өткізу уақытын кейінге шегерді. Онлайн форматта өтіп жатқан кинофестивальдерде бар. Қазақстандағы кинофестивальдер жұмысы бойынша «Байқоңыр» және «Shymkent SFF» өтетін уақыты белгіленді. Алайда, еліміздегі пандемия жағдайы жақсармаса, онлайн форматта өткізуі мүмкін.

Баубек НӨГЕРБЕК, кинотанушы, PhD докторы

Пандемия жағдайында әсіресе ірі кинофестивальдер үшін ауыр кезең орын алып жатыр. Себебі толықметрлі бір немесе бірнеше фильмді фестиваль аясындағы онлайн форматта көрсету тиімсіз болады. Екіншіден авторлық құқық мәселесі бар, яғни пираттық көшірмелер жасалынып таралып кетуі мүмкін. Үшінші мәселе шараның атмосферасына байланысты. Мысалы онлайнда мерекелік атмосфера бере алмайсыз. Фильмнің үлкен экрандағы алғашқы көрсетілімі, фильм көрсетілімінен кейінгі сұрақ-жауап алу деген сияқты атмосфераны онлайнда беру мүмкін емес.

Бәлкім, қысқаметрлі кинофестивальдер үшін мүлдем өткізбегеннен гөрі онлайн түрде өткізген тиімді болар. Себебі, қөп жағдайда қысқаметрлі фильмдер кинотеатрлар арқылы прокатқа түспейді. Сондықтан олар үшін онлайн түрде көрсету ешқандай да бір қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Мәселен, жыл сайын Германияда өтетін Оберхаузен қысқаметрлі фильмдер фестивалі биыл онлайн өтті. Оберхаузеннің онлайн түрде өтуі заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені, бұл жалпы эксперименталды фильмдер фестивалі. Демек бұл да бір эксперимент сияқты. Сондай-ақ, Еуропадағы көрермен онлайн түрде ақылы, яғни белгілі бір соммадағы билет сатып алып, сілтеме арқылы өз үйлерінде көруге дағдыланған. Ал бізде ондай тәжірибе әлі қалыптасқан жоқ.

Дайындаған: Алихан Туренов

ҚазҰӨА, І курс, кинотанушы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Baiqonyr ISFF: Ұлттық байқаудың қатысушылары

Байқауға 22 қысқаметрлі фильм енді

Brod.kaz

Францияда Қазақ киносының фестивалі өтті

Қазақ киносының фестивалі «Айка» фильмімен ашылды

Brod.kaz

Таныс бейне

Құралай Анарбекова

Актриса