È

Арман ба, әлде махаббат па?

Арман ба, әлде махаббат па?

Жақын арада көрермен назарына ұсынылған «Ғашықпын саған» көркем фильмі – қазіргі қазақстандық кинодағы урбанистік мелодрама жанрына тән жаңа бағыттағы туындылардың бірі. Фильмнің режиссері Думан Еркімбек, продюсерлері – Жалын Тілеуберген, Олжас Дәлелхан. Бұған дейін көпшіліктің жылы қабылдауына ие болған «Қайтадан» фильмін ұсынғанымен, «Ғашықпын саған» жанрлық әрі идеялық тұрғыдан мүлде басқа көркемдік кеңістікке бет бұрады.


Фильмнің негізгі тақырыптық өзегі – махаббат, арман, жеке таңдау және мегаполис жағдайындағы әлеуметтік-психологиялық бейімделу мәселелері. Картина қалалық романс пен әлеуметтік драманың тоғысында орналасып, қазіргі жастардың ішкі күйзелісі мен өмірлік бағдарын көрсетуге талпынады. Бұл тұрғыда фильм дәстүрлі мелодрамаларға тән сентиментализмнен ішінара бас тартып, махаббат феноменін тұлғалық даму мен өзін-өзі тану үдерісі аясында қарастырады.

Нарративтік құрылым Алматы қаласының әлеуметтік-мәдени кеңістігімен тығыз байланыста өрбиді. Алматы фильмде тек оқиға өтетін орта ретінде емес, дербес көркем бейне – «қала-кейіпкер» ретінде ұсынылады. Оның қатігез әрі мейірімді қырлары жас кейіпкерлердің тағдыры арқылы ашылады. Урбанистік орта кейіпкерлердің арманы мен шындығының, үміті мен күйзелісінің айнасына айналады.

Басты кейіпкер Еңлік – ауылдан келген студент қыз, әлеуметтік қысым салдарынан білімін жалғастыру мен отбасына материалдық қолдау көрсету арасында таңдау жасауға мәжбүр болады. Еңлік – құрбандық архетипіне жақын образ. Осы арқылы фильм әйел бейнесін тек романтикалық объект ретінде емес, әлеуметтік шешім қабылдаушы тұлға ретінде көрсетеді. Бұл бейне қазіргі қазақ қоғамындағы жастардың әлеуметтік мобильділігі, аймақтық теңсіздік және отбасылық жауапкершілік мәселелерін айқын көрсетеді. Ал Арман – шығармашылық жолын енді ғана қалыптастырып жүрген жас музыкант. Оның бейнесі өнер адамының тұрақсыз әлеуметтік мәртебесі мен өзіндік болмысын іздеу процесін сипаттайды. Арман – арманшыл жас ұрпақтың жиынтық бейнесі. Оның есімі де (Арман) символдық мәнге ие: ол болашаққа сенетін, бірақ нақты жолын әлі таппаған буынды көрсетеді. Музыка оның ішкі әлемінің айнасы. Сөзбен жеткізе алмайтын сезімін ол әуен арқылы білдіреді. Екі кейіпкердің кездейсоқ таныстығы біртіндеп достыққа, кейін махаббатқа ұласады. Алайда мегаполис ұсынатын мүмкіндіктер мен талаптар олардың қарым-қатынасына сынақ болып, оларды өмірлік таңдауға итермелейді: жеке арманды жүзеге асыру ма, әлде сезімге адалдық па?

Фильмнің көркемдік құрылымында музыка мен саундтрек маңызды қызмет атқарады. Әуендер кейіпкерлердің ішкі эмоциялық күйін вербалды емес деңгейде жеткізіп, визуалды қатармен үйлесе отырып, эмоционалдық әсерді күшейтеді. Музыка кей сәттерде диалогтың орнын басып, сезімнің динамикасын дәл жеткізетін құралға айналады.

Операторлық шешімдер мен қалалық пейзаждар фильмге визуалды тұтастық пен эмоционалдық тереңдік береді. Алматының әсем көріністері мен күнделікті тіршілігі бір-бірімен контраст жасай отырып, жас ұрпақтың үміті мен шынайы өмір арасындағы алшақтықты айқындайды. Қала кеңістігі әлеуметтік қысым, экономикалық күрес және тұлғалық өсу процестерінің сахнасы ретінде бейнеленеді. Алматының қатыгездігімен қоса, көркем жақтарын да жеті себеп арқылы керемет жеткізеді.

Қорытындылай келе, «Ғашықпын саған» – қазақстандық мелодрама жанрында сирек кездесетін, әлеуметтік мазмұны терең, урбанистік тақырыпты жүйелі түрде көтере алған көркем туынды. Романтикалық желі мен әлеуметтік-философиялық ойды бір арнаға тоғыстырған фильм, әсіресе жас аудиторияға бағытталып, қазіргі қала жастарының өмірлік таңдауы, арман-мақсаты және эмоционалдық күйзелісі туралы ой салуды мақсат етеді. Бұл картина ұлттық кинодағы жастар тақырыбын жаңа деңгейде пайымдауға жасалған маңызды қадам ретінде бағалануға лайық.

Ділнәз Төлеуханова

Киносыншы

Оцените рецензию

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Төлепберген Байсақалов

Актер