È

«Қарабұжыр» фильміндегі үнсіз трагедия

«Қарабұжыр» фильміндегі үнсіз трагедия

Кинорежиссер Кенжебай Дүйсембаевтың «Қарабұжыр» фильмін алғаш көргенде, ауыр, бірақ өте шынайы атмосфера сезімін сыйлайды. Басында бәрі қарапайым сияқты көрінеді – әдеттегі өмір, тыныш орта, үлкен бір оқиға болмайтындай әсер қалдырады.


Десе де, фильм алға жылжыған сайын ішкі шиеленіс біртіндеп күшейіп, соңында ауыр трагедияға алып келеді. Ең қызығы – мұнда айқай-шулы экшн, ерекше эффектілер жоқ. Барлығы қарапайым, бірақ сол қарапайымдылықтың ішінде үлкен мағына жатыр.

Оқиға бір фермердің өмірі төңірегінде өрбиді. Ол жалғыз өмір сүріп жүрген адам, кейін бір әйелге үйленеді. Әйелдің бұрынғы некеден туған жасөспірім ұлы бар, сол баланың фермерді қабылдай алмауы – фильмнің негізгі конфликті. Бұл өте таныс, өмірде жиі кездесетін жағдай. Әсіресе жасөспірім кезеңдегі мінездің тұрақсыздығы, ішкі қарсылық бәрін одан сайын қиындата түседі. Фильмнің ең мықты тұсы – оның табиғилығы. Барлығы өмірдегідей көрінеді: дала, ферма, қарапайым тұрмыс. Камера көбіне қозғалыссыз, ұзақ кадрлар бар. Бұл кейде баяу сияқты көрінгенімен, керісінше, көрерменді сол ортаның ішіне кіргізіп жібереді. Музыка да көп қолданылмайды, көбіне желдің дыбысы, жануарлардың үні – осының бәрі атмосфераны күшейтеді.

Фермердің өзі де біржақты кейіпкер емес. Оны толық жаман деп те айта алмайсың. Бірақ мінезі қатал, өз дегенімен жүретін адам. Ең үлкен мәселесі – адамдармен дұрыс сөйлесе алмауы. Сол себепті бала мен оның арасында түсініспеушілік туындайды. Ал жасөспірім керісінше, ішіндегі эмоциясын сөзбен емес, қимылымен, көзқарасымен жеткізеді. Оның үндемеуі кейде сөзден де қатты әсер етеді. Фильмде тағы екі әйел кейіпкер бар. Олар негізгі ауыр атмосфераны сәл жеңілдетіп тұрады. Кейбір сәттерде олардың сөздері мен көзқарасы ирониямен берілген, сол арқылы фильм біржақты болып кетпейді.

Фильмдегі ерекше әсерлі эпизодтың бірі – дастархан басындағы көрініс. Сыртынан қарасаң бәрі тыныш, ешкім айқайлап жатқан жоқ. Бірақ ішкі кернеу өте қатты сезіледі. Кейіпкерлердің бір-біріне қарауы, қимылдары – бәрі бір нәрсенің дұрыс емес екенін көрсетеді. Сол сәттен бастап фильмдегі шиеленіс тіпті күшейе түседі. Финалы шамамен болжанатын сияқты, бірақ соған қарамастан өте ауыр әсер қалдырады. Жасөспірімнің фермерді өлтіруі – жай ғана күтпеген әрекет емес, бүкіл фильм бойы жиналған ашудың, түсінбеушіліктің нәтижесі. Жалпы фильмді еуропалық артхаус бағытындағы туындыларға ұқсатуға болады. Мұнда бастысы – оқиға емес, атмосфера мен кейіпкерлердің ішкі күйі. Көп нәрсе ашық айтылмайды, көрермен өзі ойлануы керек. Бұл бір жағынан фильмді терең етеді.

Режиссерлік шешімнің ерекшелігі – үнсіздігінде. Қазір көп фильмде эмоцияны музыка арқылы береді, ал мұнда керісінше тыныштық арқылы. Сол тыныштық кейде өте ауыр сезіледі. Фильмнен кейін қалатын негізгі ой – адамдар бір-бірін түсінбесе, сөйлемесе, оның соңы жақсы болмайды. Бұл тек бір отбасының тарихы емес, жалпы қоғамға да қатысты мәселе. Қорытындылай айтсам, «Қарабұжыр» фильмі – сырттай қарапайым, бірақ ішінде өте терең фильм. Баяу өтеді, бәріне бірдей ұнай бермеуі мүмкін. Бірақ ойланатын, шынайы дүниені бағалайтын адамға қатты әсер етеді.

 

 

Мұхтар Нуриддинов

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 2 курс студенті

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Аян Өтепберген

Актер

Құралай Анарбекова

Актриса