«Ерекше» фильмі және қазіргі қоғамдағы адам мәселесі

Қазақстандық кино өнерінде соңғы жылдары әлеуметтік тақырыптарды терең қозғайтын фильмдер көбейіп келеді. Солардың бірі – жақында ғана экранға жол тартқан кинорежиссер Ернар Нұрғалиевтің «Ерекше» фильмі. Бұл туынды көрерменге ерекше тағдыр иелерінің өмірін, олардың ішкі әлемін және қоғамдағы орнын шынайы әрі әсерлі түрде жеткізеді. «Ерекше» фильмі – драма жанрында түсірілген. Фильмнің негізгі идеясы – қоғамдағы өзгеше адамдардың (мүмкіндігі шектеулі немесе қоғамға бейімделуі қиын жандардың) өмірін көрсету арқылы адамгершілік, мейірімділік, түсіністік сияқты құндылықтарды насихаттау.
Фильм – көрерменді тек оқиға желісімен ғана емес, сонымен қатар терең эмоциялық әсерімен де баурап алады. Туындының сюжеті басты кейіпкердің өмір жолына негізделген. Ол – қоғам тарапынан толық түсіністік таппаған, бірақ өзінің ішкі күшінің арқасында қиындықтарды жеңуге тырысатын жан. Басты кейіпкердің тағдыры арқылы режиссер әр адамның ерекше екенін, әркімнің өмірде өз орны бар екенін жеткізеді. Кейіпкердің басынан өткен қиындықтар, оның күресі мен үміті көрерменді бейжай қалдырмайды. Фильмде кейіпкерлердің психологиялық жағдайына ерекше назар аударылған. Әсіресе, басты кейіпкердің ішкі күйзелісі, қоғамнан шеттетілуі, бірақ соған қарамастан алға ұмтылуы өте шынайы бейнеленген. Бұл – фильмнің ең басты ерекшеліктерінің бірі. Сонымен қатар, қосалқы кейіпкерлер де маңызды рөл атқарады: олардың әрекеттері арқылы қоғамның әртүрлі көзқарастары көрсетіледі. Сюжет барысында кейіпкер түрлі қиындықтарға тап болады. Кейде адамдардың мазақ етуі, кейде түсінбеушілік, кейде жалғыздық. Бірақ ол осының бәріне қарамастан, алға ұмтылады. Фильмде оның ішкі жан дүниесі, қорқынышы мен үміті қатар көрсетіледі. Бұл көрерменге кейіпкерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Фильмдегі маңызды эпизодтардың бірі – басты кейіпкердің қоғам алдында өзін көрсетуге тырысқан сәті. Бұл эпизодта ол көпшіліктің алдында өнер көрсетеді. Яғни өзінің айналысатын спорт түрі боччадан олимпиадаға қатысады. Алғашында адамдар күмәнмен қарағанымен, оның талпынысы мен шынайылығы көпшіліктің көзқарасын өзгерте бастайды. Бұл көрініс фильмнің негізгі идеясын айқын көрсетеді: әр адамға мүмкіндік беру керек.
Екінші маңызды эпизод – кейіпкердің жақын адамымен болған эмоционалды әңгімесі. Бұл сәтте ол өзінің ішкі күйзелісін, жалғыздық сезімін ашық білдіреді. Осы диалог арқылы көрермен кейіпкердің жан дүниесін толық түсінеді. Сонымен қатар, бұл эпизод адамдар арасындағы шынайы қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Фильмнің соңғы бөлігінде кейіпкер белгілі бір деңгейде өз орнын табады. Ол толық өзгеріп кетпесе де, қоғамның көзқарасы біртіндеп өзгере бастайды. Бұл – үмітке толы, бірақ шынайы аяқталу. Режиссер көрерменге өмірдің оңай емес екенін, бірақ әрқашан өзгеруі мүмкін екенін жеткізеді. Режиссерлік шешімдер де фильмнің мазмұнын тереңдете түседі. Камера жұмысы, музыка, кадрлардағы тыныштық – барлығы да көрерменге кейіпкердің жан дүниесін сезінуге мүмкіндік береді. Музыкалық сүйемелдеу әсерлі роль атқарады. Ол кейбір сәттерде мұңды, кейде үмітке толы көңіл күйді жеткізеді. «Ерекше» фильмі –
тек бір адамның тарихы емес, ол – бүкіл қоғамның айнасы. Фильм адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы қандай болуы керектігін, төзімділік пен жанашырлықтың маңызын көрсетеді. Бұл туынды көрерменді ойландырады, өз көзқарасын қайта қарауға итермелейді. Мұндай фильмдердің экранға жол тартуы – қазіргі қазақ киносының жанрлық, тақырыптық тұрғыдан дамып келе жатқанын дәлелдейді және көрерменге маңызды әлеуметтік мәселелерді жеткізеді. Мұндай фильмдер қоғамның рухани дамуына ықпал етеді және адамдарды бір-біріне жақындата түседі.
Қарақат Ержанқызы
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Кинотану мамандығының 1 курс студенті







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін