Инклюзия идеясы мен адам құндылығы

Өзіңіздің артық әрекеттен қашып, талпынысыңыздың біртіндеп жоғалып бара жатқанын байқайсыз ба? Әлде оны байқағыңыз келмей ме? Күн өткен сайын өз-өзіңізді кейінге ысыра беріп, «ертеңнен бастаймын» деген өтірік уәделермен өмір сүріп жатқан жоқсыз ба? Бұл жай ғана жалқаулық емес. Бұл – өз өміріңіздің жауапкершілігінен қашу.
Бізде бәрі бар сияқты. Денсаулық бар, мүмкіндік бар, уақыт бар. Бірақ соның бірін де толық пайдалана алмаймыз. Өйткені бізге үнемі бір нәрсе жетпей тұрады: ниет, тәртіп, немесе жай ғана шынайы өз-өзімізге қарау батылдығы. Оның орнына біз сылтау іздейміз. Шаршадым дейміз, уақыт жоқ дейміз, жағдай келмеді дейміз. Ал шын мәнінде – өзімізді өзіміз шектетіп жүрміз. Ең ащысы – осының бәрін түсіне тұра, өзгермеу. Қоғам ретінде де солай. Біз әлсіздікті ақтайтын, әрекетсіздікті қалыпты жағдайға айналдыратын деңгейге жеттік. Күресуді емес, шағымдануды тезірек үйрендік. Ал дәл осы кезде шынайы күрес дегеннің не екенін күн сайын дәлелдеп жүрген жандар бар. Олар – ерекше жандар. Егер біз өзімізге өзіміз шектеулер туындатып жүрсек, олар өздерінің қолында тұрмаған шектеуге өзін билеуге қарсы келу үстінде. Сонда сұрақ туындайды: бізде бәрі бола тұра, неге біз олардан әлсізбіз?
Кезінде Міржақып Дулатов атамыз «Оян, қазақ» деп тек ұлтты емес, сана мен ерікті оятуға шақырған еді. Алайда сол үндеудің әлі аяқталмағаны өкінішті. Себебі ояну – бір реттік әрекет емес, ол күнделікті таңдау. Осындай шындықпен бетпе-бет келуге мәжбүрлейтін туындылар сирек. Солардың бірі Ернар Нұрғалиев режиссерлік еткен «Ерекше» фильмі. Дегенмен, фильмнің жеткізу тәсіліне келгенде бәрі бірдей мінсіз деп айту қиын. Кей тұстарда туынды көрерменді өзімен бірге жетелеп қана қоймай, тіпті сүйреп әкететіндей әсер қалдырады. Айтқысы келген ойын астарлап жеткізудің орнына, бірден бетке айтуға бейім. Әр эмоция, әр ой алдын ала түсіндіріліп қойғандай сезіледі. Соның салдарынан көрерменнің өз бетінше ойлану, интерпретация жасау мүмкіндігі шектеліп қалады. Бұл – негізінде жалғыз осы фильмге тән мәселе емес. Жалпы бізде соңғы жылдары қалыптасып қалған бір тенденция бар: бәрін анық, бәрін түсінікті, бәрін «шайнап беру». Бір жағынан бұл көрерменге ыңғайлы. Бірақ екінші жағынан – киноның ең маңызды қабілеттерінің бірі, яғни ой тудыру қасиеті әлсірейді. Өкінішке қарай, бұл бүгін пайда болған мәселе емес, уақыт өте келе қалыптасқан, әрі кино мен көрерменнің өзара үйренісіп алған дүниесі. Сол себепті Арман кейіпкерін жай ғана жеке адам емес, белгілі бір деңгейде оның прототипін қоғамның жиынтық бейнесі ретінде қарастыру ойы туындайды. Оның бастапқы немқұрайдылығы, жауапкершіліктен қашуы, тіпті мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасы – бәрі де бізге таныс. Бұл тұрғыда кейіпкердің трансформациясы шын мәнінде маңызды.
Алайда фильм осы бағытты толық тереңдетіп үлгермейді. Себебі сонымен қатар бай мен кедей арасындағы айырмашылық та қатар қозғалады. Мұндай әлеуметтік қабаттарды қосу – өз алдына үлкен тақырып, бірақ оны дәл осы кейіпкердің бойына жинақтау оның бейнесін біршама бытыратып жібереді. Яғни, Арман бір мезетте бірнеше идеяны көтеруге тырысып, нәтижесінде олардың ешқайсысын толық ашып үлгермегендей әсер қалдырады. Соған қарамастан, фильмнің бұл деңгейде ой тастауға ұмтылуының өзі кездейсоқ емес. Бұның артында белгілі бір тәжірибе, белгілі бір ізденіс жатқанын байқауға болады. Режиссер Ернар Нұрғалиев үшін мұндай әлеуметтік тақырыптарға бару – жаңа бағыт емес, ал сценарий авторы Сержан Серикбай да кейіпкер психологиясына үңілуге тырысатынын бұрынғы жұмыстарынан аңғаруға болады. Продюсерлер Ерлан Бухарбаев, Бибижамал Бекенова, Акбота Кайсенова тарапынан да дәл осындай тақырыптарды экранға шығаруға деген қызығушылық байқалады. Сондықтан бұл фильмді тек нәтиже ретінде емес, белгілі бір процестің, ізденістің жалғасы ретінде қабылдаған дұрысырақ сияқты.
Фильм негізгі ерекше жандарға арналғандай көрінгенімен, оның 87 минуттық құрылымының алғашқы шамамен 30–35 минуты сол өзегінен әдейі айналып өткендей әсер қалдырады. Өйткені дәл осы уақыт аралығы қайта-қайта Арман мен Айгерім арасындағы «бір көріп ғашық болу» желісіне тіреліп, ойластырылған ойды кейінге ысырып тастайды, ал бұл тіпті негізгі тақырыпқа кіріспе болса да өте созылып кеткен. Мұндай шешім – көрерменді тез «ұстаудың» ең жеңіл жолы. Бірақ дәл осы жеңілдік оның әлсіз тұсына айналған. Себебі бұл жерде ұсынылатын әрекеттердің көбі алдын ала болжанатын, әбден таныс, тіпті банальды деңгейге дейін түскен. Онымен қатар, осы желіні көрерменге «жеңіл өткізу» үшін фильм ішінде әндердің жиі қолданылуы да көзге түседі. Бір қарағанда бұл эмоционалдық әсерді күшейтетін тәсіл сияқты. Алайда олар бірінен кейін бірі тым жиі қосылғанда, керісінше драмалық салмақты әлсіретіп жібереді. Тіпті кей сәттерде фильм толыққанды кино емес, бір-біріне жалғанған музыкалық бейнебаянның тізбегі сияқты қабылданады. Әсер бар, иә, бірақ ол көбіне сыртқы, тез өтетін әсер. Терең ой тудыратын, іште қалатын салмақ жетіспейді.
Бұл тұрғыда соңғы уақытта шыққан «Ғашықпын саған» фильмімен белгілі бір параллель жүргізуге болады. Режиссері Думан Еркімбек болған бұл туынды да махаббат тақырыбын дәл осындай жылдам, бірден берілетін формада ашуға тырысқан еді. Қызығы, екі фильмде де Жасұлан Көпбергенов сомдаған кейіпкердің есімі бірдей – Арман. Бұл бір жағынан ирония, ал екінші жағынан символ. Себебі екі түрлі оқиға, екі түрлі жағдай болғанымен, «Арман» бейнесі екеуінде де белгілі бір эмоционалдық жеңілдік пен шешім қабылдаудағы үстірттікті арқалап тұрғандай әсер қалдырады. Дегенмен, фильмді шын мәнінде алға сүйреп тұрған желі мүлде басқа. Ол – Арман мен Дидар арасындағы қарым-қатынас. Осы тұста «1+1» (The Intouchables) фильмімен салыстыру орынды. Онда ерекше жанның аяушылықты қабылдамайтыны, керісінше өзін тең дәрежеде көруді талап ететіні айқын көрсетілген. Бұл фильмде де Дидар дәл сондай позицияны ұстанады. Алайда айырмашылығы – мұнда бұл мінез көбіне оның жасына, пубертат кезеңіне сілтеніп түсіндіріледі. Яғни, терең философиялық қарсылықтан гөрі, «жас ерекшелігі» жұмсартылып беріледі. Арман бейнесі сырттай қарағанда сол фильмдегі күтушіге ұқсайды: еркін, тәртіпке бағынбайтын, кейде шектен шығатын. Бірақ негізгі айырмашылық – оның әлеуметтік позициясында. Арман – бай отбасынан шыққан, мүмкіндігі шексіз ортада өскен кейіпкер. Сондықтан оның еркіндігі – қажеттіліктен туған еркіндік емес, еркеліктен, жауапкершіліксіздіктен, қасарысылықтан туған әрекет. Соған қарамастан, фильмдегі ең сенімді трансформация дәл осы Арман мен Дидар арасындағы байланыс арқылы жүреді. Арман ішімдікті Айгерім үшін қоймайды – ол оны Дидар арқылы тастайды. Достарының, нақтырақ айтқанда «дос сымақтарының» шынайы бейнесін де Айгерім үшін емес, тағы да Дидар арқылы түсінеді. Ең маңыздысы – әкесіне қатысты ішкі қадамын да Айгерім емес, дәл Дидардың әсерімен жасайды. Бұл жерде бір нәрсе анық: Арманды өзгерткен – Дидар. Ал Арманның өзгеруі – нақты, тірі, сезілетін процесс ретінде дәл соған бағытталған.
Айгерім кейіпкері бастапқы қозғаушы фактор ретінде ғана қалады. Иә, дәл сол арқылы біз Дидармен танысамыз. Мүмкін, тіпті сценарий логикасы бойынша Арманның Дидарға жақындауы да Айгерімге ұнау үшін жасалған әрекет ретінде ойластырылған шығар. Бірақ бұл гипотеза фильмнің өз ішінде ұзаққа бармайды. Себебі Арманның нақты әрекеттеріне қарасақ, ол шектен асып кетеді. Айгерімді достарына «бір түнге» деп сөз беруі – оның сезімінің қаншалықты үстірт екенін ашық көрсетеді. Және бұл ең шаблонды тәсілмен беріледі: Айгерім осы сөзді естіп қойып, кетіп қалады. Бірақ ең маңыздысы – осыдан кейінгі реакция. Арман кешірімді бірінші Айгерімнен емес, Дидардан сұрайды. Және ары қарай оның әрбір өзгерісі, әрбір әрекеті, тіпті ең ұсақ детальдарына дейін Дидармен байланысты болып кетеді. Ол соның қалауын орындайды, соған ашылады, соның алдында өзгереді. Осыдан кейін «Арман бәрін Айгерім үшін жасады» деген ой толықтай маңызын жоғалтады. Тіпті керісінше сұрақ туындайды: осының бәрінен кейін әлі де бұл «махаббат» Айгерімге бағытталған деп айтуға бола ма? Егер Дидар кейіпкерінің жасы басқа контексте берілсе және индустрияның тақырыптық шектеулері сәл еркіндеу болса, бұл қарым-қатынас мүлде басқа деңгейде оқылар еді. Өйткені экранның ішінде ең шынайы сезілетін байланыс дәл сол жерде пайда болады. Бірақ фильм бұл мүмкіндікті ашық қалдырмайды, керісінше оны айналып өтіп, әлдеқайда қауіпсіз, дәстүрлі жолды таңдайды. Онымен қатар фильмдегі тағы бір ауыр әрі көзге бірден түсетін мәселе – Айгерім кейіпкерінің ішкі қарама-қайшылығы. Бір жағынан, ол өз өмірінің көп бөлігін бауырына арнағанын ауыр жүк ретінде сезінеді, Дидарды сол ойдан айнытқысы келеді, тіпті оның кешіріміне қарсы шығады. Ал екінші жағынан, көп уақыт өтпей жатып, дәл сол бауырына «мен саған қараймын деп өзімді ұмытыппын» деп оңай айта салады. Бұл жай ғана сөз емес – кейіпкер логикасын бұзатын сәт. Өйткені мұндай мойындау терең ішкі күрестен кейін келуі керек еді. Ал мұнда ол жеңіл, тіпті немқұрайлы айтылғандай әсер қалдырады. Соның салдарынан оның бауырына деген қамқорлығы әлсіреп, сенімсіз көріне бастайды. Бір сәтте ол өзін толық арнаған әпке болса, келесі сәтте – сол құрбандыққа мән бермейтін адамға айналады. Бұл – бейненің тұтастығына нұқсан келтіретін деталь. Осылайша фильмнің ең тірі, ең шынайы, ең сенімді желісі – Арман мен Дидар арасындағы байланыс.
Ал орталыққа шығарылған махаббат желісі, керісінше, сол байланысты әлсіретіп, кей тұста артық жүк ретінде сезіледі. Жауапкершілік тақырыбына өтсек, фильм бұл қабатты формалды түрде емес, бірнеше бағыттан қатар ашуға тырысатыны бірден байқалады. Әсіресе, әке фигурасы арқылы. Бір жағында – Арманның әкесі, екінші жағында – Дидардың әкесі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұларды екі полюске бөлуге болады: жауапкершілікті өз мойнына алған адам және жауапкершіліктен қашқан адам. Негізінде бұл тақырып фильмнің басынан соңына дейін үзілмей жүріп отырады. Арманның өзі де осы желіге тікелей байланысқан: ол жасаған әрекеттері үшін жауап беруге мәжбүр болып, қоғамдық жұмысқа тартылады. Яғни, сырттай қарағанда, оның жолы: жауапкершілікке қарай қозғалыс. Бірақ мәселе – осының барлығы идея деңгейінде бар да, эмоция деңгейінде толық ашылмайды. Көрермен «міне, қазір ұстайды» деп отырған сәттер бар, бірақ дәл сол жерде бір қадам жетпей қалады. Ішке кіріп, шын сезіндірмейді. Арманның әкесі арқылы көрсетілген жауапкершілік – тәртіп, талап, бақылау формасында беріледі. Бірақ оның ішкі жағы, яғни әкелік жауапкершіліктің эмоциялық салмағы, ұлына деген нақты әсері жеткілікті тереңдікке түспейді. Ол көбіне функция ретінде қалады: қатал әке, талап етуші әке. Ал Дидардың әкесі – мүлде басқа шет. Бұл жерде жауапкершіліктен қашу, сырт қалу, қатыспау бар. Теориялық тұрғыда бұл өте ауыр, өте өткір контраст болуы керек еді. Бірақ фильм оны толық «өткізіп» жібере алмайды. Ең айқын мысал – Дидардың чемпион атанған сәті. Бұл жерде бәрі бар: үлкен жеңіс, ұзақ жол, ішкі күрес, әке мен бала арасындағы күрделі байланыс. Бірақ дәл осы кульминациялық сәтте комментатордың «Жарайсың, Дидардың әкесі» деген сөзі тіпті еріксіз сарказм сияқты естіледі. Яғни, кадрдың өзі көздеген мағынасына жетпей, керісінше екіұшты әсер қалдырады. Бұл жерде проблема тек репликада емес. Жалпы сахнаның эмоционалдық жинақталуы жеткіліксіз. Көрермен сол сәтте не сезінуі керек: қуаныш па, өкініш пе, кешірім бе – нақты бағыт берілмейді. Соның салдарынан бұл кадр «міне, дәл қазір соғу керек еді» деген нүктеге келіп тұрып, соқпай кетеді. Сол себепті фильмдегі жауапкершілік тақырыбы ой деңгейінде дұрыс құрылғанымен, сезім деңгейінде толық жетпей қалады. Идея бар, құрылым бар, бірақ оларды тірілтетін ішкі қысым, эмоциялық салмақ кей сәттерде жетіспейді.
Ендігі бочча ойынына бұрылсақ, дәл осы қабатта фильм шын мәнінде «тыныс ала» бастайды. Өйткені мұнда форма мен мазмұн алғаш рет бір-бірімен үйлесім табады. Монтаж жинақы, ырғақ ұсталған, кадрлар ойынның динамикасын жоғалтпайды. Ең бастысы – көрерменді сырттай бақылаушы қылып қоймай, ойынның ішіне тартады. Боччаға деген қызығушылық оянады, ережесімен таныстырып, оның ішкі кернеуін сезіне бастайсың. Бұл жерде Дидардың чемпион болу арманы негізгі тірекке айналады. Ол жай ғана мақсат емес – кейіпкердің өзін ұстап тұрған ішкі ось сияқты. Және дәл осы тұста Арманның рөлі күтпеген деңгейде тереңдейді. Ол тек жанында жүрген адам емес, сол арманның үзілмеуіне ықпал ететін факторға айналады. Әсіресе Арманның өз өткенін ашқан сәті маңызды. Оның бала күнінде үлкен теннисші болуды армандағаны, бірақ әкесінен бір ауыз «жарайсың» сөзін ести алмағаны – кейіпкердің әкесімен болған конфликті тереңірек көрсетеді. Бұл жерде мәселе тек орындалмаған арман емес, бағаланбаған еңбекте, мойындалмаған талпыныста жатыр. Ал ең соққылы тұс – оның әкесіне ерегесіп, сол үлкен теннисті тастағанын мойындауы. «Сол кезде өзімше жеңгендей болдым, бірақ шын мәнінде жеңілген мен ғана екен ғой» деген сөзі – бүкіл ішкі конфликтінің қысқа да нақты формуласы. Бұл жерде Арман алғаш рет өзін сырттан көргендей болады. Өз әрекетінің салдарын түсінеді. Дәл осы мойындау Дидарға да әсер етеді. Өйткені бұл жай кеңес емес, тәжірибеден шыққан ескерту. Арман өз қателігін Дидар қайталамасын деген позицияға өтеді. Яғни, алғаш рет ол біреуге әсер ету үшін емес, шын көмектесу үшін әрекет етеді. Сол арқылы Дидар қайтадан өз жолына түседі. Оның арманы тек сөз жүзінде емес, нақты әрекет арқылы жалғасады. Және фильм соңына дейін сол мақсаттан айнымай, соған қарай қозғалғаны – осы желінің ең жинақы, ең дұрыс құрылған бөлігі болып көрінеді.
Бұл тұста фильм ұсақ детальдар арқылы үлкен мағына құруға тырысатыны байқалады. Арманның Дидарға қатысты жасаған әрекеттерін жеке-жеке қарасақ – тұрмыстық, тіпті қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ оларды бір сызыққа тізсек, нақты бір метафоралық жүйе қалыптасады. Лифтті жөндеуі – кеңістікке шығуға мүмкіндік беру. Яғни, физикалық шектеуді алып тастау. Электрлі көлікке отырғызуы – қозғалысты сезіндіру, бақылаудан еркіндікке бір қадам. Ал ең соңында Дидардың өзі ойлаған электр колясканы сыйлауы – толыққанды тәуелсіздікке ишара. Бұл үш әрекет кездейсоқ емес, олар бір бағытта жұмыс істейді. Яғни, Арман Дидардың өміріндегі «қозғалыс» ұғымын біртіндеп кеңейтеді: алдымен – мүмкіндік, кейін – тәжірибе, соңында – таңдау.
Осы тұрғыдан қарағанда, бұл тек көмек емес, кейіпкердің жаңа этапқа өтуіне жасалған нақты қадамдар. Және бұл жерде Арманның өзгерісі де қатар жүреді: ол қамқорлық танытып және итеруші күш рөлін алады. Ал фильмдегі зеріккіш көрші бейнесі – бөлек бір визуалды функция атқарады. Ол жай фондық кейіпкер емес, керісінше, кейіпкерлердің жеңуі тиіс шектеудің көрінісі сияқты. Яғни, сыртқы қысым, ұсақ кедергі, кейде тіпті абсурд деңгейіндегі тосқауыл. Сол арқылы фильм үлкен проблемаларды тек ірі конфликт арқылы емес, күнделікті, көзге онша түсе бермейтін шектеулер арқылы да көрсетеді. Жалпы, «Ерекше» – мінсіз туынды емес, бірақ өз миссиясын атқара алған фильм. Ол көрерменді жетелеп, кейде тым ашық сөйлеп, ойлануға орын қалдырмайтын сәттерге жиі ұрынады. Соған қарамастан, фильмнің ішкі өзегі жоғалмайды. Керісінше, дәл осы қарапайымдылық пен тіке жеткізу арқылы ол кең аудиторияға жетудің жолын тапқандай. Ең бастысы – бұл туынды ерекше жандарға деген көзқарасты кеңейтеді. Оларды аяныш объектісі ретінде емес, күрес үстіндегі, өз жолын жасап жатқан тұлға ретінде көрсетуге ұмтылады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені көп жағдайда біз сырттай қарап, дайын пікірмен шектелеміз, ал бұл фильм сол шекараны сәл болса да жылжытады. Арман мен Дидар арқылы берілген трансформация – фильмнің ең тірі, ең шынайы тұсы. Бірі – бәрі бола тұра бағытсыз, екіншісі – шектеулерге қарамастан нақты мақсатпен өмір сүріп жатқан кейіпкер. Осы қарама-қайшылық тек сюжет үшін емес, көрерменнің өзіне сұрақ қоюы үшін қажет. Сен қайсысына жақынсың?
Сонымен қатар құрылым жағынан фильм ұстамды, монтаж бен визуал бір-бірін толықтырып тұр, әсіресе бочча ойыны арқылы динамика мен ішкі шиеленіс қатар беріледі. Кейбір драмалық сәттер тереңірек ашылса, эмоциялық әсері әлдеқайда күштірек болар еді, бірақ ол да бұл фильмнің жалпы әсерін өшіре алмайды. «Ерекше» фильмі – бізге дайын жауап бермейді, бірақ дұрыс сұрақтар қояды. Ал кейде дәл сол жеткілікті. Өйткені бұл фильм тек ерекше жандар туралы емес – ол біздің өзіміз туралы. Біздің жалқаулығымыз, қорқынышымыз, сылтауымыз және соның бәріне қарамастан әлі де мүмкіндік бар екені туралы. Ең маңыздысы – ол қозғалыс туралы. Физикалық қана емес, ішкі қозғалыс. Ал оны бастау үшін кейде бір ғана сәт, бір ғана адам, немесе бір ғана шынайы көзқарас жеткілікті.
Таңсамал Берген
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Кинотану мамандығының 1 курс студенті
Оцените рецензию






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін