Байқоңырдан бастау алған қысқа толқындардың тоғысуы

Ағымдағы жылдың 19-25 қыркүйек аралығында «Байқоңыр» халықаралық кинофестивалі он бірінші мәрте өтіп, кино өнеріне қызығушылық танытқан қауымды тағы бір мәрте бір арнаға тоғыстырды.
«Байқоңыр» фестивалі – қазіргі таңда отандық фильмдердің дамуына өз үлесін қосып келеді. Мұнда дебюттік фильмдердің қоғамдағы орны мен көтеретін тақырыбы, негізгі идеясын анықтап, сонымен қатар туындының осал тұстарын, мәдениетімізге жат дүниелерді, қателіктерді ашық талқылап, сыни тұрғыдан қорытынды шығарады. Халықаралық фильмдер де кәсіби ортаның назарынан тыс қалмай, пікір алмасып, айрықша баға беріледі. Тіпті жоғары деңгейдегі жүзден бір фильмдердің алғашқы тұсаулары кесіліп, көзқарақты көрерменге көрсетіліп және олардың авторларымен сұрақ-жауап алмасып, фильмнен туған ойларына жауап алып, өздерінің алған әсерлерін бөлісті. «Байқоңыр» фестивалінің мәні мен маңызы осында. Халықаралық және отандық кинотанушылардың авторлық дәрістеріне құлақ түріп, халықаралық, ұлттық конкурсқа қатысқан толықметрлі, қысқаметрлі фильмдерді тамашаладық.
«Байқоңыр» фестивалінің аясында ұлттық киноның дамуына дем беретін болашақ жалынды жас режиссерлердің көрсетілген тұңғыш туындылары керемет әрі өзекті болды. Бірақ айтып-айтпай не керек, кейбір фильмдердің қателіктері мен шикіліктері де көзге көрінді. Ендеше, сол фильмдерге аздаған талдау жасап, кино бәйгесінің жеңімпазын анықтап көрейік.
Ең бірінші қалың көпшілікке көрсетілген фильм – «Мама в пути» (реж. Амина Өмірзақ). Бұл шығармада ана мен қыз тағдыры баяндалады. Қозғалған тақырыбы да өзіндік маңызға ие. Ал фильмнің соңына келсек, режиссерге қояр сауалдар көп.
«Құлпынай» (реж. Әмір Сәлімжан) – балалар тақырыбына арналған туынды. Мағынасы қарапайым көркем шығарма. Осы орайда менің жеке ризашылығым – басты рөлдегі актердің өз кейіпкерін қазақ тілінде сомдауы. Сол үшін рақмет;
«Көз ұрлаушы» (реж. Наталия-Раминта Бараускайте) – фильм өте ауқымды, алайда көпшілік айтуға қымсынатын тақырыпты көтереді. Оқиға бойжеткен соқыр қыз бен қорлыққа көндіккен ана және арам тәуіптің арасында өрбітіледі. Мұнда режиссер ескішіл көзқарас пен қазіргі жастардың ерте құрбан болып кетуін көрсетеді. Онымен қоса, фильмнің басы мен аяғындағы қараңғылық, қорқынышты суреттер де, тіпті соңғы эпизодтағы бүйкүнә қыздың бейнесі де үнсіз сыр шертеді;
«Еңбектің жемісі» (реж. Адель Омар) – фильм қарапайым ауылдағы киноға жаны құмар екі достың киноға билет алу үшін бірігіп еңбек етуі мен олардың қызық оқиғаларын көрсетеді. Мұндағы басты құндылық – айнымас достық, адал еңбек, мақсатқа ұмтылу;
«299.4» (реж. Әмірхан Бақтыгерей) – туынды өте ерекше және маңызды. Фильмнің қозғайтын тақырыбы – қазіргі кезде жастар арасында белең алып бара жатқан «есірткіге тәуелділік». Есірткіден айығып, дәрігердің алдынан өтіп, үйіне келген жас баланың жалғыздықта қалуы, айналасындағы достарының одан теріс айналуы оның әлсіз санасына одан сайын соққы болып тиді. Және фильмде дәрігердің айтқан сөзі: «Есіңде болсын, тастау оңай, ең қиыны – оны қайта бастамауға тырысу» дегені күрделі ой тастайды. Сонымен қатар жігіттің ой-санасының қайта қалыптасуы және бір ғана пәтердің ішінде осындай дүние жасауы режиссердің айтқысы келгені әлдеқайда күрделі екендігін және оның шеберлігін көрсетеді;
«Журнал» (реж. Азамат Утянов) – оқиға мектеп ішіндегі балалардың шытырман оқиғасы туралы. Балалардың журналды іздеудегі идеяларымен жалғасын табады. Ал фильмнің соңында директор мен басты кейіпкер арасындағы эпизодқа сұрақ көп;
«Er Bolady» (реж. Мадияр Мұрат) – фильм жас баланың анасы мен кішкентай қарындасына демеу болып, қарапайым өмір сүріп жатқан отбасын көрсетеді. Күндердің бір күні жас бала көшеде өзінің таныс ағасымен келісіп, екі адам болып кеш батқанға дейін жұмыс жасап, ақысын ала алмай, орта жолда қалып қояды. Оған жаны ашыған қасындағы ағаның өз ақысын бөліп беруі – қазіргі қоғамды көрсетеді. Жақсысы да, жаманы да қатар жүрген, адам ақысын жеу – бұның бәрі қазіргі заманның айнасы. Ал фильмнің соңында жас бала неге тапқан ақшасын анасына бермеді деген сұрақ туады. Мұнда режиссер не айтқысы келді екен?!;
«Ice» (реж. Амина Бектенова) – фильм мұз үстіндегі көркем өнер жолындағы қайтпас құрбандықты баяндайды. Бір шалыс қимыл өмірді мүлде басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Режиссер өнер жолын мұз арқылы бейнелегендей;
«Tamyr» (реж. Тимур Хошанов) – қазіргі жасөспірімдердің балалық қызықтары мен қазақтың домбырасын насихаттай отырып түсірілген туынды. Осы тұрғыда оқиғаның қызған шағында домбыраны сындыру қаншалықты дұрыс?;
«Uide» (реж. Альмира Сәлімова) – бұл фильм өте ауыр түйткілді, әлі күнге дейін шешімін таппаған өктемді мәселені көтереді. Туындыда кішкентай қыздың балалық өмірі көрсетіледі. Араққа салынған, өмірі өзгелерді кінәлі санайтын әкесінің кесірінен анасы кетіп қалған, ал қарт әжесі бар ауыртпалықты өз мойнына алған. Мұның бәрі тек қу арақтың, маскүнемдіктің кесірінен болған жағдай екенін анық көреміз. Ең сорақысы – осындай оқиғалардың кесірінен жапа шегетін тек бейкүнә бүлдіршіндер екенін режиссер бізге айқын көрсетті. Фильмнен біз бұл мәселенің қалай шешілетінін емес, оның неден туындайтынын көреміз. Ал автордың айтқысы келгені мүлде басқа дүние сынды көрінді;
«Aues» (реж. Әсемай Қонысбек) – фильм айрықша маңызды мәселе туралы – әйел тағдырын бейнелейді. Туынды барынша шынайы көрсетілген. Төрт баламен жалғыз қалған жесір әйел... Автор оқиғаның шын өмірде болғанын мәлімдейді;
«Жарық болған жаз» (реж. Әмір Кәкен) – жасөспірімдерді басты назарға алған туынды. Фильм жан-жақты тақырыпты байланыстырады. Басты кейіпкерлер – Еңлік пен Кебек. Бұл атаулар да тегін қойылмаса керек. Балалық махаббат та, достық та оқиғаның басты көркем баяндауыштары. Ең бастысы – қазақ тілін махаббат тақырыбында биіктетуі;
«Мамыр» (реж. Махамбет Мырза) – анасына қолғанат болған кішкентай баланың ішкі аңсарынан сыр шертетін фильм. Оқиғаның басты ерекшелігі – отбасы материалдық жағынан қанша қиналса да, өнерді бірінші орынға қоюы және оның артында өзінің атасымен терең байланыстың барын көрсете білуімен ерекшеленді;
«Шабандоз» (реж. Шыңғысхан Ермахан) – фильм қазақтың ұлттық ойынын дәріптеп, жылқы мен адам арасындағы өзара ерекше байланысты көрсетеді. Режиссердің бұл туындысы балалар киносына жаңа тыныс әкелгендей;
«Күнделік» (реж. Нүрсәт Қыдырбай) – фильмнің көтеретін негізгі тақырыбы – жалғыздық және тұрақсыздық. Шығармадағы кейіпкердің бейәдеп іс-әрекеттері күлкілі көрінгенімен, автор қоғамдағы жастардың тәрбиесі әрі мақсаттарында шырмаулы мәселелер бар екенін көрсетті;
«Ұшқын» (реж. Алдияр Узиятов) – фильм идеясы қарапайым болғанымен, мұндағы басты ерекшелік – бала қиялының ұшқырлығы және аз да болса жемісті әрекеті. Мақсатқа жету жолында кез келген жетістіктің құндылығын жеткізеді.
Ұлттық конкурста көрерменге ұсынылған фильмдер әр түрлі тақырыпта түсірілгенмен, олардың ортақ байланысы – түптеп келгенде, ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы әділетсіздіктер туралы. Жоғарыда аталған он алты фильм де «Байқоңыр» төрінде әр түрлі номинациялар бойынша топ жарды. Алдағы уақытта қазақ киносы жас, білікті, шыңдалған, озық ойлы, өз ісінің шеберлерімен толығып, болашақта әлем төрінде жұлдызы жарқырайды деп сенемін.
Борихан Өмірзақ,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 1 курс студенті






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін