È

Өнердің адам болмысындағы орны: «Мұғалім» фильміне талдау

Өнердің адам болмысындағы орны: «Мұғалім» фильміне талдау

Аяна Нұрдинованың «Мұғалім» атты фильмі 20 қыркүйек күні екі дүркін тұсаукесерін өткізді. Туынды халықаралық ортада 74-ші Сан-Себастьян кинофестивалінде таныстырылған болса, ұлттық деңгейде XI Baiqonyr кинофестивалінде ашылу фильмі ретінде көрсетілді. Оған қоса, аталмыш туынды 8 қазанда кинотеатрлардың репертуарына қосылып, көпшілікке ұсынылады.


Режиссердің дебютінің оқиғасы Жандос есімді мұғалімнің өмірін ортаға салады. Балқаш қаласындағы мектепте музыка пәнінен сабақ беретін Жандос әрі қарай дамығысы келеді. Осы ішкі ынта сыртқы әлеммен арпалыс тудырып, фильмнің дамуына түрткі береді. Ендігі кезекте кейіпкердің арпалысының сәттілігі сұраққа қойылады.

Сүйемелдеуге қосылған Франц Листтің «La Campanella» туындысымен фильмнің құрылымын сипаттауға келердей. Құлаққа жеңіл естілгенімен орындалуы шеберлікті талап ететін туынды октавалық секірулермен тиісті эффектіні тудырады. Басты кейіпкердің келбетін ашатындай қасиетке ие: үзіліссіз қозғалыс пен ішкі импульсті үндестіреді. Осы тұрғыдан алғанда музыкалық шығарма фильмнің тек саундтрегіне айналып қоймай, Жандостың ішкі күйін жеткізетін құрылымдық элемент ретінде қабылданады. Әуендегі қозғалыс пен кейіпкердің алға ұмтылысы бір арнаға тоғысып, оның тұрақты қалыпқа сыймайтын болмысын айқындай түседі.

Ойды жетелеу үшін біріншіден кейіпкерлердің арақатынасынан туындайтын сарынға көшсек. «Арпалыс» сөзі драматургиялық қақтығыстарды дәл сипаттай алады деп айтуға келмес. Режиссердің кеңістігінде қалыптасқан қарама-қайшылықтар міндетті түрде келіспеушілік пен ұрысқа алып келмейді. Жандостың анасы, досы мен әріптестері оның орныққан орнын аттауына өзіндік қарсылық білдіреді. Десек те, оның сол сәттегі орны ішіндегі арманы мен талпынысының салмағын көтере алмайтынын бәрі білетіндей. Мұнда айналадағылардың кейпі Жандостың өзіне антиподталған. Басты кейіпкерді ерекшелейтін қасиет басқалардың бойында жоқ. Мәселен, мектеп директоры немесе анасын мысалға алсақ. Кей адамдарға бір сарынды, тұрақты тұрмыс жақса, енді кейбіріне жаңа белестерге көтеріліп отыру маңызды. Мысалға алған кейіпкерлерді бірінші категорияға, ал протагонистті екінші категорияға жатқызсақ болады. Осының арқасында екі қырлы кейіп контрастты түрде бейнеленеді.

Осы қарама-қайшылықтардың барлығын бір ғана сыртқы конфликт арқылы түсіндіру қиын. Фильмдегі негізгі тартыс Жандостың біреумен текетіресуінен гөрі, оның қалыптасқан өмір шеңберінен шығуға деген ұмтылысынан туындайды. Сондықтан оның айналасындағы адамдарды антагонист ретінде қабылдаудан гөрі, басты кейіпкердің дүниетанымына қарама-қарсы қойылған кейіптер ретінде қарастырған жөн. Олар Жандостың жолын әдейі бөгейтін күшке айналмайды, керісінше, кейіпкердің қандай өмірді таңдауға тиіс екенін түсінуге мүмкіндік беретін контраст қалыптастырады.

Сол себепті де атап өтілген «Кампанелла» әуенінің орындалуы маңызды рөл атқарады. Ол сыртқы әлемнен гөрі, Жандостың ішкі әлеміне енуге мүмкіндік беретін құрал. Франц Лист ноталармен бір фактурадағы әртүрлі қозғалыстар параллелін құра алса, Аяна Нұрдинова кейіптер арқылы дүниетанымдық айырманы құрады. Ресми синопсисте атап өтілгендей фильмнің кейіпкер алдында қойған сұрағының өзегінің ошағы осылайша жанады: «Өнер оның болмысында ма, әлде ол өнердің болмысында ма?»

Аталған қақтығыс нүктелері «Кампанелла»-дай ақырында шиеленіс амплитудасына алып келеді. Бұл Жандосқа көршілес тұрмыс құрған шаңырақтың бейнесінде көрініс тапты. Олардың шаңырағын құрайтын - ана мен бала. Психологиялық ауытқуы бар баласына өмірін арнап келе жатқан ана үміттен қол үзуге жақын. Сонда олардың бір сәтке болсын тыныштық иеленуіне Жандостың фортепианода ойнауы әсер етеді. Аспапты меңгеру мен мысық асырау арманы көрші балаға мақсат сыйлайды. Нәтижесінде оның анасына тәуелді күйден біртіндеп алшақтап, өз қызығушылығы мен мақсатына бет бұруына жағдай қалыптасады. Десек те, бұл кезекте фильмнің идеялық құндылығының тағы бір қыры ашылады. Көрсетілген мәселеге жауап ретінде өнер беріледі. Дәл осы сипатталған жағдайда фильм стереотип пен стигмаға қарсылық позициясын айқындайды. Өнерге құлшыныс кейіпкерлерге жаңа тыныс береді.

Фортепианоның бұл желідегі қызметі біртіндеп өзгереді. Аспап алғашында Жандостың жеке қызығушылығы мен кәсіби қабілетін танытатын нысан болса, кейін оның басқа адамға әсер ету құралына айналады. Музыканың сөзсіз орындалуы көрші бала мен Жандостың арасында байланыс орнатады. Осы арқылы фильм өнердің адамды қоғамнан бөліп тұратын жеке кеңістік қана емес, керісінше адамдар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыратын дәнекер бола алатынын көрсетеді. Жандостың өнерге деген қатынасы осылайша жеке деңгейден шығып, айналасындағы адамдардың өміріне де ықпал етеді.

Тағы бір мысал ретінде гендерлік стереотипке бағынбаушылықты да қоса аламыз. Би сабағын жүргізетін мұғалімнің шәкірттерінің бірі әкесінің қарсылығына тап болады. Оған себеп болғаны би өнерін әйелдерге тән іс деп тануы еді. Дегенмен, өнерпаздық жеңіске жетеді. Осылайша фильм кеңістігінде өнер барлығын теңестіреді.

Бұл эпизод та фильмдегі өнердің әлеуметтік қызметін толықтыра түседі. Мұнда өнер адамның жынысына, жасына немесе қоғам қалыптастырған түсініктеріне қарай бөлінбейді. Әкесі би өнерін белгілі бір гендерлік қалыпқа сыйғызуға тырысса, баланың оған деген қызығушылығы сол қалыптан тысқары шығады. Осы жерде Жандостың жағдайымен де параллель орнайды: бір жағдайда адамға қоғам белгілеген шекара кедергі болса, екінші жағдайда адамның ішкі талпынысы сол шекараны кеңейтуге ұмтылады. Сондықтан фильмдегі өнер мотиві бірнеше сюжеттік желіні біріктіретін ортақ идеялық өзекке айналады.

Аталып өткен элементтердің барлығы визуалды құрылымды компоненттермен байланыстырылған. Жылы реңкті қатар мектеп қабырғалары, Балқаштың пейзажы мен үй ішін эстетикалық құрамын құрады. Кеңістік тұрмыстық деңгейден кеңейіп, қозғаушы күшке айналады. Әсіресе басты кейіпкердің түстерінде экранда таныстырылған сахна мен көл ерекше рөл атқарады. Бұл екі кеңістік те Жандостың ішкі әлемінің сұлбасына теңдес.

Сахна мен көлдің айырмашылығы да осы ішкі қозғалысты толықтыра түседі. Сахна Жандостың өнерін сыртқы ортаға шығаратын, өз қабілетін жүзеге асыратын кеңістік ретінде көрінсе, көл оның өзімен-өзі қалатын сәттеріне жақындайды. Сахнада Жандостың өнері сыртқы ортаға бағытталса, көл маңындағы көріністерде кейіпкердің ішкі күйі басымдық алады. Осылайша фильмдегі кеңістік кейіпкерді қоршаған орта қызметімен шектелмей, оның психологиялық ахуалын ашатын визуалды құралға айналады.

Нәтижесінде «Мұғалім» өнерді адамның кәсіби қызметі ретінде ғана қарастырмай, оның өзін тану, өзгеге әсер ету және қалыптасқан шекараларды қайта қарау мүмкіндігі ретінде ұсынады. Фильмдегі музыка, би, фортепиано, сахна мен көл секілді элементтер осы идеяны әр қырынан толықтырады. Ал Жандостың айналасындағы кейіпкерлер оның ішкі ұмтылысын айқындайтын контраст ретінде қызмет етеді. Біреулер қалыптасқан тәртіпке бейімделсе, Жандос сол тәртіптің шекарасынан шығуға ұмтылады.

Сол себепті фильмнің басында қойылған «Өнер оның болмысында ма, әлде ол өнердің болмысында ма?» деген сұрақтың жауабы да біржақты берілмейді. Жандос өнер арқылы өзін таныса, оның өнерге деген қатынасы өз кезегінде басқа адамдардың өміріне ықпал етеді. Демек, бұл жерде адам өнерді қалыптастырып қана қоймай, өнер де адамның болмысын қалыптастырады. «Мұғалім» фильмінің негізгі құндылығы да осы өзара байланыстан көрінеді. Туынды өнерді дайын шешім ретінде ұсынбайды. Керісінше, оны адамның өз мүмкіндігін сезінуіне, қалыптасқан түсініктерге күмән келтіруіне және өз таңдауына қарай қозғалуына мүмкіндік беретін күш ретінде қарастырады.

Қуандық Әзиза

Киносыншы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер

Дидар Амантай

Сценарист