È

Отбасылық өмірдің сыры неде? Шындық, бірге болу немесе ақша?

Отбасылық өмірдің сыры неде? Шындық, бірге болу немесе ақша?

Отбасы – бәріміз үшін қастерлі ұғым. Мектеп жасымызда «Менің отбасым» атты шығарманы жарыса жазып, «Менің әкем – асқар таудай қорғаным, менің анам – алтын күндей шуағын шашқан нұрым» деп марқая отырып баяндайтынбыз. Әрине, ол кездер – балалықтың бал дәмі тілімізден төгіліп тұрған шақ. Балалық шақта бір байқағаным, ата-анамыздың бізден артық назар аударатын көңілі де, уайымы да болмаған екен. Олар әрдайым біздің болашағымызға көз тастап отыратын еді. Ал енді бүгінгі күнге көз жүгіртсек, жастар уақыт өте келе есейіп, өмірлік жарын кездестіріп, отбасы құрып, үлкен жауапкершілік арқалап, өмірдің жаңа парағын ашады. Жаңа отау құрған екі жастың ыстық-суығы басылмаған, жанарларынан от ойнаған сәті – жастықтың жалындаған шағы емес пе?! Алайда неге екені белгісіз, арада көп уақыт өтпей-ақ жастардың арасы суып, шаңырақтары шайқалып жатады. Мұның себебі неде? Жалған сөз бен өтірік пе, уақытылы көңіл бөлмеу ме, әлде ақшаның жетіспеушілігі ме? Қайсысы?


Осындай қоғамдағы отбасылық мәселелердің бет-бейнесі режиссер Олжас Нұрбай түсірген «Бажа» комедиялық фильмінде айқын көрініс табады. Туындының негізгі идеясы мен тақырыбы – отбасылық өмірде ер мен әйелдің бір-біріне орынсыз қоятын талаптарының салдарынан туындайтын үлкен мәселелер мен оның зардаптарын көрсету. Фильмнің сюжетіне келсек, үнемі табиғат аясында, барда немесе моншада бас қосып, өтірік айтып, бір-біріне көңіл бөлмей, ақша жетіспей жатса да, бей-берекет уақыт өткізе беретін бажалардың әрекеттерінен мезі болған әйелдер би залында кездейсоқ бейтаныс адамнан тәуіп туралы естіп, оның нөмірін алады. Сол күні кешке бажалардың баяғы әдетінен шаршаған әйелдер ертеңіне амалсыздан тәуіпке жүгініп, күйеулерін өз қалауларынша өзгерткісі келеді. Осы әрекеттерінен қызықты оқиға өрбиді. Алғашында бәрі керемет болып көрінгенімен, көп ұзамай дуаның кері әсері байқалады. Өйткені бұл – бажалардың осындай сұмдық іске бармақ болған әйелдеріне сабақ беру үшін алдын ала жоспарлаған айласы еді. Оқиғаның ортасында қайын жұртта болған келеңсіз жағдайдан кейін әйелдер райларынан қайтып, тәуіптен дуаның күшін жоюды талап етеді. Осы тұста фильм оқиғасы қайта жанданады. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, әйелдер де қарымта жоспар құрып, күйеулерін Қапшағайдағы демалыс кезінде әдейі бейәдеп жағдайға ұшыратып, сан соқтырады. Әйелдерінің кешірімін алу үшін бәріне дайын бажалардың алдында соңғы бір өтініш тұрады. Ол – жұптық би жарысына қатысу. Осылайша, оқиғаның анық-қанығын түсініп, қайта тіл табысу арқылы мәселе шешімін табады. Соңында фильм жанұялық демалыс пен қуанышты хабар арқылы аяқталады.

Актерлік ойын тұрғысынан сараласақ, фильмде кейіпкерлер өте жақсы ашылған. Әр жұп өзінше ерекше әрі бір-біріне сай. Мұхтар мен Меруерт – екеуі де ақылды, тапқыр кейіпкерлер. Туындыдағы негізгі ер мен әйел арасындағы тартыс осы жұптың төңірегінде өрбиді. Фильмнің негізгі элементтері де осы жұптың қарым-қатынасы арқылы көрініс табады.

Төлеген мен Бану жұбы бір-біріне сәйкес келмейтіндей әсер қалдырады. Актерлік ойын тұрғысынан Төлегеннің рөлін сомдаған Еркебұлан Мырзабек кейіпкердің мінезі мен әдеттерін өте жақсы аша білген. Ал Бану бейнесін сомдаған артистке әлі де біраз еңбектену керек еді.

Бақытжан мен Айжан – кенже жұп. Олардың бірі бажаларының ақылын сіңірсе, екіншісі әпкелерінің ақылына құлақ асады. Кенже жұп қай жағынан болмасын үйлесімді. Оларды қазіргі жас отбасылардың көрінісі десек те болады.

Жалпы алғанда, туынды отбасылық қарым-қатынастағы ең қарапайым үш мәселені фильмге арқау етіп, олардың себептері мен салдарын көрсетеді. Әйтсе де тақырыптық идея мен жалпы сценарийлік құрылым оқиға ортасынан кейін бір-бірінен ажырайды. Бұл туынды негізгі құндылығынан айырылды дегенді білдіреді. Өйткені оқиғаның ортасынан кейінгі эпизодтарда көрерменді күлдіру үшін енгізілген болымсыз сахналар жарқырап көрініп тұрады. Фильмнің ортасына дейінгі және кейінгі эпизодтарды салыстырсақ, алғашқы эпизод әдеттегідей бейәдеп көріністен бастау алады. Қазақ киносы үшін мұндай шектен тыс ашықтық үйреншікті болып кеткен секілді.

Келесі эпизодта Қапшағайдағы демалыстан бес күн бұрынғы оқиғаларға көшеді. Бажалар табиғат аясында, ал әйелдер би залында бас қосады. Екі тараптың әңгімесі бір тақырыпқа, яғни «отбасы» мәселесіне арналады. Режиссер мұнда екі жақтың да өз көзқарастарын көрерменге жеткізіп, «Неге?», «Неліктен?» деген сұрақтарға жауап бергендей әсер қалдырады. Тіпті кешке Мұхтар мен Мираның арасындағы сахна ерекше көзге түседі. Диснейдің «Ойжұмбақ» атты анимациялық фильмінің негізгі идеясын қолдану туындыны одан сайын көркейте түскендей.

Әрі қарай ертесіне тәуіп пен әйелдердің арасындағы сахна композициялық жағынан көрерменді баурап алатыны сөзсіз. Алайда бұл эпизодта әзіл бар, мәдениет жоқ. Осылайша, ертесіне бажалар әйелдері қалаған қалыпта өзгереді. Бұдан түйетініміз – егер бір жақтың ғана қалауымен жүрер болсақ, не болар еді? Осы арқылы фильм шындықты айту, көп көңіл бөлу немесе көп ақша табу мәселелерінің әрдайым оң нәтиже бере бермейтінін аңғартады.

Ал қонақта болған отырыс эпизодына назар аударсақ, сценаристер мен авторлар, режиссер осы тұстан бастап фильмнің құндылығын төмендеткендей әсер қалдырады. Өйткені бұл сахнада дуаның да, күлкінің де, басқа да мәнді дүниелердің орнына көптеген артық әңгімелер айтылады. Әсіресе, «Фамилияңыз өшеді» деген сөз – өте ауыр қателік. Әрі қарай фильмдегі оқиғалар тіпті шектен шыға түседі. Әйелдер дуаны жою үшін тәуіпке барғанда, бажалар барда тойлап отырады. Сәлден соң әйелдері оларды Қапшағайға демалуға жібереді. Осылайша, фильм бастапқы бейәдеп көріністерге қайта оралып, кейіпкерлер тағы да кездейсоқ келеңсіз жағдайға ұрынады.

Оқиға дәл осы тұста негізгі идеяға да мойын бұрады. Ерлі-зайыптылар бір-біріне өкпе-реніштерін жайып салады. Отбасының тағдыры қыл үстінде тұрғандай көрінеді. Бажалар әйелдерінің кешірімін алу үшін неше түрлі амал жасаса да, ештеңе шықпайды. Ақырында фильмнің шешуші кезеңінде тосын оқиға орын алады. Әйелдер би жарысында күтпеген жерден күйеулерімен бірге мың бұрала билейді. Жарыс аяқталған соң, мән-жайды түсіндіруге мүмкіндік туады. Әңгіме барысында бажалар бәрін түсініп, әдейі ұйымдастырылған қарымта қақпанға түсіп қалғандарын ұғып, үлкен сабақ алады да, қайта тіл табысады. Фильмнің осы тұстарында бажалардың би жарысына киген киімдері мен стильдері де олқылық болып көрінеді. Әйелдердің қарымта жоспары да тым өрескел. Мұндай әрекеттер қазақтың мәдениеті мен болмысына жат дүние екені айдан анық.

Әрі қарай фильмнің соңы табиғат аясындағы жанұялық демалыспен және қуанышты хабармен аяқталады. Толик те мәнсіз әнімен қуанышын жеткізеді. Отбасылық тақырыпқа негізделген «Бажа» фильмі жас отбасылардың мәселелерін көрсеткен. Операторлық түсірілім жұмыстары, кейіпкерлер, оқиғалық қарқын мен эмоциялық күй жоғары деңгейде. Әсіресе, тыныштық, тәуіптің дуалауы және би жарысы сахналары ерекше көзге түседі. Сценарийлік жұмысқа көз салсақ, жаңа ізденістер мен тың идеяларды байқаймыз. Дегенмен көптеген жаттанды дүниелер де көрер көзге шоқтай басылады.

Сонымен қатар музыкалық тұрғыдан кейіпкерлердің оқиғаға байланысты эмоциялық жай-күйін сүйемелдеуі көңілге қонымды болды. Алайда фильмнің басындағы келеңсіз көріністегі «Айғыр» әні мен соңғы эпизодтағы қуанышты сәтте орындалатын «Күйім» әні музыкалық қатардың көркемдік шешімін аша түседі деп санамас едім. Себебі мұндай жеңіл әндер қазақ киносының төріне жайғасса, кино өнеріміз музыкалық бейнебаяннан аспасы анық. Бәрін айт та, бірін айт, фильм тақырыбы кеңінен ашылғанымен, оқиға барысында орынсыз әзілдер мен жат дүниелерге ерік беру арқылы өз маңызын жоғалтады. Неліктен киномыздың деңгейі осындай? Әлде бұл жоғары касса жинау үшін жасалған қадам ба?

Борихан Өмірзақ

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

«Кинотану» мамандығының 1-курс студенті

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Төлеген Байтөкенов

Актер

Төлепберген Байсақалов

Актер