È

Филипп Че: «Мемлекет үнемі өзінің мінсіз бейнесін көрсетуге тырысады»

Филипп Че: «Мемлекет үнемі өзінің мінсіз бейнесін көрсетуге тырысады»

Филипп Че, киносыншы, фестиваль іріктеушісі, NETPAC азиаттық киноны дамыту желісінің вице-президенті қазақстандық кинематографқа қатысты пікірімен бөлісті.


- Сіз фестивальдеріміздің тұрақты қонағысыз. Біздің киномыз жайлы не айта аласыз?

- Кинематографыңыз екіге бөлінеді. Алғашқысы – мемлекет белсенді түрде демеушілік жасайтын ұлттық фильмдер,олар ұлттық құрылым жайлы айтуға бағытталған. Екіншісі – ақшалары жоқ тәуелсіз фильмдер. Мен қаржылық қолдауы жоқ көптеген дарынды қазақстандық фильмейкерлерді білемін. Бұл өте өкінішті.

- Авторлық кинорежиссерлар бізде барлығының керемет екенін көрсеткісі келмейді. Сол себепті, елдің кемшіліктерін жарияламау үшін мемлекет оларға қаржы бөлмейтін шығар.

- Филиппиндік диктатор Маркостың Имельда есімді әйелі болған. Ол филиппиндің «жаңа толқынды» жақтырмайтын, сондықтан үнемі кинода керемет әрі тамаша дүниелерді көрсетуді қалады (Маркосты әйелімен бірге 1986 жылы елден қуып жіберген – автордың ескертпесі). Билік суретшілерді бақылағысы келгенде, қоғамда ылғи осылай болады.

- Қытай кинематографының мысалы үнемі мұндай жағдайдың бола бермейтінін білдіретіндей...

- Сіз Қытайда былтыр соңғы үш жылдағы айналымның рекордсмені «Жауынгер – қасқыр» (Wolfwarrior) атыс-шабыс фильмінің болғанын білесіз бе? Фильмде басты кейіпкердің танк тоқтатан негізгі эпизоды бар. Бұл - 1989 жылы Таньяньмэнь алаңындағы студенттер наразылығына бағытталған қалыпты рефлексия. Бірақ, біріншіден, кешіккен жағдай. Екіншіден, бұл халықтың емес, мемлекеттік рефлексиясы. Яғни, рефлексия бәрібір мәдениетке енеді, алайда қысқа әрі карикатуралық бағыттар бар. Өйткені, мемлекет үнемі өзінің мінсіз бейнесін көрсетуге тырысады, ал мұнда ізденіс жоқ.

«Жауынгер-қасқыр» (Wolfwarrior) фильмінен көрініс
«Жауынгер-қасқыр» (Wolfwarrior) фильмінен көрініс

- Жас режиссерлардың ішінен нақты кімдерді атай аласыз?

- Мен студенттік шағынан және «Бақытжамал» қысқаметражды картинасынан бері Әділхан Ержановтың шығармашылығын бақылап келемін. Ол әрқашан үйі жоқ әрі оқшауланған адамдар жайлы түсіреді. Және фильмдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Оларда шындық бар. Сонысымен тартымды. Жалпы, бізде дарынды жігіттер жетерлік. Мысалы, Асқат Кучинчереков. Мен оның Қазақстан мен Ресей шекарасында ата-анасымен қалай өмір сүргені жайлы естідім. Ата-анасында ресейлік, ал өзінде қазақстандық төлқұжат болған. Өйткені, Асқатты бала күнінде атасына оқуға жібереді. Бұл хикая біздің мәдениетімізге дәл келетін өмірлік оқиға болып табылады.

«Бақытжамал» фильмінен көрініс
«Бақытжамал» фильмінен көрініс

- Ал сіз басқа қазақстандық режиссерлардың картиналарын көрдіңіз бе? Мысалы, авторлық көзқарасы бар, бірақ ұлттық әрі дәстүрлі бағытты ұстанатындардың жұмысын...

- Иә, көрдім. Мысалы, Ермек Тұрсыновтың картиналары. Оның фильмдері жеткілікті түрде қызықты деп ойлаймын. Бірақ, бір қызығы, мен олардан Әділхан фильмдерінен көретін шынайылық энергетикасын және иісін сезінбеймін. Бұл менің іріктеуші әрі киносыншы ретіндегі жеке көзқарасым. Түсінесіз бе, Годар немесе Бюнуэль сынды классиктерді тамашалаған кезде, оқиғаларының авторлардың өздерін, әлемін және күйінішін аша түсетінін сезесіз. Ал Тұрсыновтың картиналары жақсы жасалған. Тек жақсы жасалған.

- Мен «Еуразия» фестивалінде Монғолия мен Якутия сынды елдердің тұсаукесерлерін көрдім және кенеттен бірегейлігіміздің астананың желімен алыс жаққа ұшып бара жатқанын сезгендей күй кештім. Оларда да біздегі секілді жазық дала, дәстүрлер мен бүркіттер бар. Біз өзімізді ерекше санаймыз ғой. Ал сырт көзге қалай көрінеді екен?

- Менің ойымша, ерекшелік авторлық көзқарас арқылы білінеді. Сіз Ержановтың «Түн құдайы» картинасын көрдіңіз бе? (фильм «Қазақфильм» студиясында түсірілді – автордың ескертпесі).

«Түн құдайы» фильмінен көрініс
«Түн құдайы» фильмінен көрініс

- Жоқ.

- Көріңізші. Терең мағыналы дүние. Бірақ, мен оны бір жыл бойы түрлі фестивальдерге жіберуге тырыстым, барлығы бекер. Нәтижесінде, «Түн құдайы» тек Мәскеу халықаралық кинофестивалінің байқауына өтті. Өйткені, бұл елдердің өзара мәдени жақындығы бар деп ойлаймын. Басқа елдерде фильмді түсіне қоймады. Дегенмен, авторлық көзқарас шынында да ерекше. Сұрағыңызға оралсам, ерекшелікті көрсете білу үшін авторларға еркіндік беру қажет.

- Ал сіз «Әлемнің мейірімді бейжайлығы» фильмін көрдіңіз бе?

- Иә. Бұл тамаша фильм, Әділханның көруге жеңіл алғашқы фильмі. Бірақ, «Түн құдайы» маған көбірек ұнайды. Сен ол жақта не болып жатқанын түсінбейсің. Бірақ, көз ала алмайсың. Бұл таспаны бес-он жылдан кейін көрсем, қазіргіден де өзгеше қорытынды жасар ма едім. Осы нәрсе «Құдайды» басқа да көптеген заманауи бірізді картиналардан ерекшелеп тұрады. Ұмытылмас фильм.

 

Төлеген Байтөкенов

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер