È

Әсия Сүлеева : «Деректі кино- өмір айнасы»

 Әсия Сүлеева : «Деректі кино- өмір айнасы»

– Әсия Қалиқызы, деректі кинода қандай тақырыптар қозғалуы керек?

– Деректі кино – өмір айнасы. Өмір өзі сан қырлы, жан-жақты емес пе? Мәдениет, саясат, әлеуметтік тұрмыс, осының барлығы – деректі киноның тақырыптары. Біздегі мәселе мынада: деректі киноның басым бөлігі қоғам немесе мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына арналады. Мұндай фильмдер мүлдем қажет емес демеймін. Алайда, бүкіл деректі киноның осындай болуы, менің ойымша дұрыс емес. Деректі киноның бюджеті бүгінде қысқартылған, тек осы мерейтойға арналған фильмдерге бөлінеді деуге де болады. Ал қазіргі өтіп жатқан өмір түсірілмей қалуда. Деректі киноның сыры да, ғажабы да осы шынайы өмірді көрсете алуы ғой. Дәл осы сәтте жастардың өмірі, қарттардың өмірі қандай екені ертеңгі күні құнды деректерге айналады.

Әркімнің өз шындығы бар. «Өмір - керемет!» деген ұранмен барлығын үстірт қарап, жылтыратып көрсету де дұрыс емес. Сол тұрғыда, бізде адамның ішкі шынайылығын, жан дүниесін ашып көрсететін деректі фильмдердің өте аздығы қынжылтады. Ия, ондай фильм түсіру бәрінің қолынан келе бермейді. Ол үшін алдымен киногер кейіпкерінің сеніміне кіру керек. Бастапқыда кейіпкер сені тыңдайды, саған сенуге бола ма, жоқ па, соны анықтағаннан кейін ғана сыр шерте бастайды. Себебі, адамдар ішінде жатқан мұң-қайғысын, өткен өкініштерін киногер тұрмақ өзіне айтуға ұялады ғой. Қанша бақытсыз болса да, «бұдан да жаман тағдыр бар, шүкіршілік»,- деп өздерін үнемі жұбатып отыратын адамның жанынан аяулы не бар?

Мен деректі кино саласында жүргеніме 25 жыл болды, алайда, әлі де түсіргім келеді. Бұл саланы өте жақсы көремін, сол себепті қазіргі таңдағы қазақ деректі киносына жаным ашиды. Осы жылдар аралығында деректі киноның дамуы өте қатты тежелді, мәселен, соңғы көрген фильмдерден тек Владимир Тюлькиннің жұмыстарын атап өте аламын. Негізі, кез келген мықты деректі кинодан өте керемет көркемсуретті фильм түсіруге болады. Бұл көркемсуретті фильм несімен керемет? Шынайылығымен керемет. Өйткені әр көрермен кино көргенде өзін, өзінің тұрмысын, өзінің қайғысын, өзінің бақытын көргісі келеді. Бүгінгі таңда көркемсуретті фильмдердің дамуы деректі киноға қарағанда әлдеқайда алда деуге болады, дегенмен, шығарылып жатқан көркемсуретті фильмдердің де осал тұсы осы шынайы өмірімізді жеткізе алмауда деген ойдамын. Қырғыз киносының мықты режиссерларының көбі көркемсуретті киноға деректі кино арқылы келгендігін мысал ретінде айтқым келеді. Олар- Болат Шамшиев, Толомуш Океев. Деректі киноның көркемсуретті киномен тікелей байланысы бар, сол орайда, бұл саланың дамуына да көбірек мән бөлгеніміз абзал болар еді.

Кеңес одағы кезінде қазақ деректі киносының жағдайы қандай болды?

– Қазір ойлап қарасам, ол кезде шын мәнінде де қиын болған екен. Кез келген кішкентай мін үшін қайта түсіруге тура келетін жағдайлар да болған. Кейіпкердің жейдесіне дейін назар салатын. Жейде үтіктелген, таза болуға тиісті еді. Ал, сол кезде қазақ үйде тұратын шабанда үтік қайдан болсын? Әсіресе, осы кезеңде қазақ деректі киносында талаптар қиын болғандығын көргенбіз. Бірақ, қырғыз киносы да сондай талаптар болғанның өзінде халық тұрмысы жайында фильмдер көптеп түсірген: «Манасчи», «Это лошади» т.с.с. Қарапайым таудағы, қырғызша айтқанда «жайлоудағы» тұрмысты түсіріп алғандығы тамаша көркемсуретті фильмдердің шығарылуына серпіліс берді. Олардың осы тұрғыда жолы болды деуге болады. Ал, қазақ деректі киносы нені түсірді: құрылысты, ауылшаруашылығын, егін жинауды, зауыт-фабрикалардың жұмысын, индустрияландыру, ұжымдастыру. Қарапайым адамдар, олардың ішкі дүниесі, өмірі, тұрмысы, мәдениеті өте аз түсірілетін. Менің ойымша, бүгінгі қазақ киносындағы интернационалдық осыдан бастау алған. Сол кездің өзінде Қазақ елінің интернационалды екендігін бізге сіңіруге тырысты, ал, бүгінде біз содан әлі де айырыла алмай келеміз. Өзіміздің өміріміз, тұрмысымыз, мәдениетіміз, тіліміз, дініміз бар екендігін кинода дұрыс қолдана алмай жүрміз. Бұл жабулы қазанды ашып, талқыға салатын үлкен мәселе. Кеңес заманына оралар болсақ, қарапайым адамдар тұрмысын түсіру қаншалықты қиын болғандығын түсіндірудің өзі қиын. Кезінде тамаша ән шырқайтын, алты баланың анасы, қарапайым шабанның әйелі- Орынбасар жайында «Орынбасар әндері» фильмін түсіргенде өте көп сын айтылды: «Бұның не керегі бар?», «Шабанның әйелі кімге қызықты?» деген сынды. Міне, сол кезде көп сыналған, дұрыс бағаланбаған дүниелер бүгінде тіпті ұмыт болды дегім келеді.

– «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» фильмінің шығу тарихын айтып берсеңіз.

Бұл шамамен 1983-84 жылдардың естелігі. Мәскеуден корреспондент ретінде келген Сергей Бодровқа біздің деректі фильмдердің көрсетілімін ұйымдастырған еді. Содан, Сергей Владимирович «Дом в саду», «Орынбасар әндері» фильмдерін ұнатып, менімен жұмыс жасағысы келгендігін, бұл картиналардағы отбасы жылулығын, бала бақытын сезінгендігін айтып, маған ұсыныс жасады: «Бұл отбасының өмірінен түсірілмей қалған жерлер бар ма? Бұдан жақсы сценарий жаза аламызба?»,- деп сұрады. Мен: «Әрине!»,- деп жауап бердім. Екі апта шамасында жазып бітірдік. Конкурсты жеңдік, түсіруге рұқсат алдық. Алайда, бұл кезде мынандай қатаң талап бар: егер сен деректі кино режиссеры болсаң, саған көркемсуретті фильм түсіруге рұқсат болмайтын. Сергей Владимирович сол кезде маған үлкен қолдау көрсетіп, Мәскеуге барып, менің деректі фильмдерімді таныстырғаннан кейін, КСРО Мемкино (Госкино СССР) мені «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» фильмінің режиссеры болуға рұқсатын берді. Фильмнің түсірілімі кезінде қатты алаңдаған едім. Бірақ, қазір есіме алсам сол кез өте бақытты сәттердің бірі екен... Фильмнің сәтті шығуына шын жүрекпен ат салысқан жұбайым марқұм Серік Райбаев, ағам марқұм Болат Сүлеевке, інім Әубәкір Сүлеевке алғысым шексіз

– Қазақ ұлттық өнер университетінде шебер екеніңіз белгілі, сол орайда, бүгінгі студенттердің жағдай-күйі қандай?

– Көп студенттер бүгінде фестивальдарға қатысқысы келеді. Ал, ол жерде көзге түсу үшін көп жұмыс жасау керек. Талап өте жоғары, адамдарды кез-келген нәрсемен таң қалдыра бермейсің. Ұмтылыс бар, жұмыс аз. Өте аз жұмыс жасайды. Мәселен, бір студент осы жақында сценарийін көрсетті. «Ия, өте жақсы екен, түсіріп әкел»,- дедім. Бір күн түсірді, екінші күні жарты күн түсірді, сонымен, бітті. Жақсы жұмыс жасау үшін, дайындық керек, ойланып барып, асықпай түсіру керек. Не болса соны аз уақыт аралығында түсірген жұмыс жақсы болмайды. Студенттеріме соны үнемі ұғындыруға тырысамын. Бүгінгі студенттер өте аз еңбек етеді. Біз кезінде көп еңбек қылдық. Кеңестік шосткин пленкасына түсіретіндігіміз әлі есімде. Бүгінгі күн нағыз шығармашылықпен айналысатын кезең. Камера қол жетімді, қандай тақырып қозғаймын десең де еркіндік өзіңде. Бірақ жақсы жұмыс аз. Бұл қандай заңдылық екенін түсінсем бұйырмасын. Жалпы курс шебері ретінде студенттерімді ешқашан шектеген емеспін: мынаны түсір, мынаны түсірме дегендей. 1998-ші жылдардың бір қызығын айтайын. Кеңес заманындағындай шектеу жоқ, еркіндік кезеңінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында марқұм жұбайым Серік Райбаев екеуміздің шеберханамыздың студенттері бір топ болып мүсәпірлерді (бомж) түсіре бастаған кез еді. Алғашында, бұл қызық көрінді, өйткені біздің заманымызда бұндайды түсіруге болмайтын-ды. Дегенмен, олар кейіпкердің ішкі әлемін, бұл жағдай-күйге қалай тап болғандығын, өткені мен бүгінін емес, қоқысты ғана көрсеткісі келгені сезіле бастады. Осы орайда олар дұрыс емес көзқараста болған сияқтанды.

Бүгінде де сондай жаман жерді көрсетуге ұмтылып, өте сырттай дүниелерге құмар режиссерлардың бар екендігін айтқым келеді. Не нәрсені көрсетсең де, жаман болсын, жақсы болсын, барлығы іштей терең болуы керек. Сол кезде ғана фильм әсерлі болмақ.

– Өткен жылы Астана қаласында тұңғыш ұйымдастырылған "Saryarka Short Film Festival" қысқаметрлі фильмдер фестивалінің қазылар алқасының құрамы ретінде қандай пікір білдірер едіңіз?

Бұл фестивальдің маңыздылығы, республикалық дәрежеде өтуі. Жалпы өзіміздің студенттердің жұмыстарын көріп, ертеңгі кино өнерін не күтіп тұрғандығы жайында хабардар болдық. Жас киногерлер – болашақ қазақ киносының дәнегі. Сол тұрғыдан олардың ойлары, тақырыптары біз үшін өте қызық. Есте қалған фильмдердің қатарынан «Айжан», «Дайыр» туындыларын атар едім. «Айжан» нағыз қазақи мінез-құлықтарды ашып көрсеткен фильмдердің бірі. Бүгінгі таңда осындай фильмдер тіпті аз. Көгілдір экраннан өзімізді көруді аңсайтын болдық.

Сұқбаттасқан Айдана Бауыржанқызы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер