È

Ақан Сатаев: «Томирис» фильмінің экспортқа шығуына зор мүмкіндік бар»

Ақан Сатаев: «Томирис» фильмінің экспортқа шығуына зор мүмкіндік бар»

Алматы облысында «Томирис» тарихи таспасының түсірілімі қызу жүріп жатыр. Фильм режиссері Ақан Сатаев тобымен бірге екі көлемді сюжетті көріністің түсіріліміне дайындалып жатыр.

«Томирис» таспасы Геродот жазбаларында сипатталған әйгілі сақ патшайымы Томирис туралы баяндайды. Көшпенді тайпа билеушісі парсы әскеріне тойтарыс беріп, қатігез Кирдің басын алғанымен танымал.

«Картинада екі үлкен соғыс көрінісі – көшпенділердің Хорезммен және Кир әскерімен шайқасатын тұстары бар. Көріністерді Қапшағайдың маңында түсіретін боламыз. Тобымыз әзірге қызу дайындық үстінде. Барлығы сапалы әрі жақсы кино жасауға тырысып жатыр. Жалпы, «Томирис» фильмінің экспортқа шығуына зор мүмкіндік бар. Бұл әлемдік хикая. Біз Кир жайлы, Томирис туралы әңгімелейміз. Кейіпкерлеріміздің көне түркі мен көне иран тілдерінде сөйлеуі картинаны көркем түрде әлемнің кез-келген тіліне аударуға мүмкіндік береді», - деді Ақан Сатаев.

Трюктер мен шайқастар қойылымымен Жайдарбек Күнгүжіновтің жетекшілігіндегі Nomad Stunts каскадерлары айналысуда.

Ақан Сатаевтың айтуынша, тарихи таспаның түсірілімі сондай-ақ Бурабайда, Баянауылда, Жаркент пен Шонжыда өтеді. Түсірілім барысы биылғы жылдың соңында аяқталады, ал айналымға шығу уақыты әзірге белгісіз.

Еске сала кетсек, Томирис рөлін 27 жасар психолог-коуч Альмира Тұрсын сомдайды. Актрисаны 15 мың үміткерлердің арасынан таңдап алған.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер