È

Ақан Сатаев «Томирис» фильмінің түсірілімін аяқтауға жақын

Ақан Сатаев «Томирис» фильмінің түсірілімін аяқтауға жақын

Режиссер Ақан Сатаев «Томирис» ауқымды тарихи фильмінің жұмыстарын аяқтап қалды. Соңғы көріністер түсірілімі «Қазақфильм» киностудиясының аумағында, көне Вавилон қаласы салынған жерде өтіп жатыр.

«Томирис» кинотаспасы массагеттер (Әмудария өзені арнасында өмір сүрген скифтер тайпасы) патшайымы Томирис жайлы баяндайды. Тарихи деректерге сәйкес, б.з.д. VI ғасырда массагеттер жеріне парсы патшасы Кирдің әскері басып кіреді. Олар алдап жүріп, Томиристің ұлы Спаргаписті қолға түсіреді, кейін ол өз-өзіне қол жұмсап өледі. Массагеттер патшайымы кек алу мақсатында шешуші шайқасқа шығып, жеңіске жетеді.

«Томирис» фильмінің түсірілімі / kazakhfilmstudios.kz
«Томирис» фильмінің түсірілімі / kazakhfilmstudios.kz

Киносценариймен Тимур Жақсылықов және Әлия Назарбаева айналысты. Авторлардың ойынша, картинада Томиристің бойжетуі мен скифтердің парсы патшасының әскерін жеңгенге дейінгі кезең көрсетіледі.

Есейген Томирис образынан көрермендер дебютант Альмира Тұрсынды көреді. Бойжеткен бүкіл Қазақстаннан қатысқан 15 мың үміткерді басып озып, басты рөлге ие болды.

«Жобада мен бірінші рет ат үстінде жүруді үйреніп, көне түрік тілінде сөйледім. Түсірілім тобымн бірге өткерген басқа да көптеген қиындықтар болды. Бірақ, қазір артыма қарап, барлық қиындықтың ұмытылып кеткенін түсінемін. Есімде тек жақсы естеліктер қалды. Бұрын мен фильмдерге түспеген едім, сондықтан мен үшін кино алаңы жаңа әрі ерекше дүние. Егер мені байқап, болашақта қызықты рөл ұсынса, қуана келісер едім», - деді Альмира Тұрсын.

Альмира Тұрсын / kazakhfilmstudios.kz
Альмира Тұрсын / kazakhfilmstudios.kz

Сондай-ақ, таспаға Асылхан Төлепов, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов және голливуд актері Гасан Масуд (Кир патшаның рөлінде) түсіп жатыр. Барлығы Nomad Stunts каскадерлік тобынан ат үстінде жүруді және садақпен атуды үйренді.

Түсірілім 2017 жылдың қазан айында басталған. Жоба үшін арнайы екі ірі декорация – Спаргапис ордасы (Қапшағайда) және Вавилон («Қазақфильм» аумағында) салынды. Суретшілер 1000-нан аса костюм мен 10000-ға жуық қару дайындады.

«Томирис» фильмі қазақстандықтарға 2019 жылдың көктемінде ұсынылады деп жоспарлануда.

 

Превью: kazakhfilmstudios.kz

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Дидар Амантай

Сценарист

Досхан Жолжақсынов

Актер