Актер Алмас Жарасқан: «Түнекте» хоррорының түсірілімі жанрдың қиындығына қарамастан, жеңіл әрі көңілді өтті»
Былтырғы жылы «Түнекте» атты отандық қорқынышты фильмнің түсірілімі аяқталған болатын. Картина режиссер Данияр Ақшабаевтың ғана дебютті жұмысы емес, Алмас Жарасқанның да хоррор жанрындағы алғашқы рөлі болды. Актер фильм түсірілімі мен кейіпкері туралы «Бродвей» кинопорталына толығырақ баяндап берді.
Алмас Жарасқан 2014 жылы режиссерлар Серік Айтжанов және Еркебұлан Зәкірдің «Екінші дем» драмасында кинодағы үлкен рөліне ие болған. Бүгінде актер 30-дан астам жобаға қатысып үлгерді.
«Таулар түнегінде» фильмінде басты кейіпкерлердің бірі Шыңғысты сомдаймын. Ол өмірде ішімдік, түнгі клуб, сұлу қыздардан басқа ештеңеге қызықпайтын өркөкірек, өзімшіл жігіт. Түсірілім барысында кейіпкерді бақылап отыру қызықты болды», - деді актер.
«Түнекте» фильмінің түсірілімінен сурет
Алмас Жарасқан «Таулар түнегінде» фильмінің кастингіне танысының арқасында келген, ол жаңа жобаның басталып жатқанын хабарлаған екен. Кейін актер кастинг-директормен хабарласып, бейнесынама жазады. Бірнеше күннен соң оны сценарий оқуға шақырады. Сонымен қатар, картинадағы рөлдерді Сәбина Ералина, Назерке Әмірова, Максим Богомолов және Рысқұл Қонақбаев түсті.
«Режиссер нақты міндеттер қоймады. Ол актерларға 100% сенді. Әрине, біз әр кейіпкердің мінезімен жұмыс істедік. Түсірілім алаңындағы көптеген серіктестерді бұрыннан танитынмын, бұл рөлді жақсы сомдауыма септігін тигізді. Жанрдың қиындығына қарамастан, түсірілім жеңіл әрі қызықты өтті», - деп қосты Алмас.
Еске сала кетсек, «Түнекте» картинасы табиғат аясында демалуды ұйғарған достар туралы баяндайды. Кейін достардың көне зұлымдық мекендейтін аймаққа тап болғаны белгілі болады.
Қазіргі таңда кинотаспа монтаждалып жатыр. Фильмнің шығу күні әзірге белгісіз.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін