È

Алексей Петрухин: «Коөнім – бұл шекаралар мен жаңа нарықтарды ашу»

Алексей Петрухин: «Коөнім – бұл шекаралар мен жаңа нарықтарды ашу»

Алматыда алғашқы Almaty film festival аясында кинематографтағы коөнім тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесу қонақтары Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия және Оңтүстік Корея киноөндірісінің өкілдері болды.

Ресейлік продюсер Алексей Петрухин Қытаймен бірігіп жасалған жоба – «Айдаһар мөрінің құпиясы» кинокартинасының аяқталуға жақын екенін айтты. Алайда, екі елдің серіктестік жасауы оңай бола қоймапты.

«Коөнім – бұл шекаралар мен жаңа нарықтарды ашу. Бұл - техникалық және қаржылық күштерді біріктіру. Жұмыстың барлығы екі жаққа да пайдалы әрі қызықты болатын хикаяның айналасында өрбиді. Мемлекетаралық ресми көөнім мен жекелеген көөнім деген түсінік бар. Қытаймен біз мемлекеттік деңгейге шықтық. Мұны жасау қиынға соқты. Бір жағынан, барлығымыз бірігіп, бір хикаяға ынтықпыз, екіншіден, саяси қарым-қатынастар қандай да бір келісімді жылдам орнатуға мүмкіндік бермеді. Оның үстіне, қытайлық телевидение, радиохабар және баспасөз комитеті рұқсат берердің алдында сценарийді жақсылап оқып шығады. Тіпті, 1000 сценарийдің 999-ы бұл тексеруден өте алмайды. Қуанышымызға орай, біз бұл жолдан өттік. Картина аяқталуға жақын. Фильм «Айдаһар мөрінің құпиясы» деп аталады. Хикая бес аңызға негізделген, екеуі қытайларға жақын. Көөнім үшін ең бастысы сценарий екенін ұғыну қажет. Қалғандары техникалық жұмыстар», - деп тәжірибесімен бөлісті Алексей Петрухин.

Almaty film festival
Almaty film festival

Қытаймен салыстырғанда Қазақстандық кинонарық кіші болғанымен, ресейлік продюсер жергілікті кинематографшылармен де жұмыс істеуге үміттеніп отыр. Қазақстанмен серіктестік орнатуға Associations of Turkish cinema TURKSAV өкілі Айдын Сайман да қызығушылық танытуда.

Маманның сөзінше, Түркия Орта Азия елдерінің коөнімін қолдауға арнайы қор жасап жатыр екен.

«Түркия мәдениет министрлігі киноөндірісті белсенді түрде қолдайды. Бүгінде Еуропа елдерімен бірге жасалатын киноөнімді қолдайтын арнайы қор жасақталуда. Қазіргі таңда бағытымызды Орта Азия елдеріне: Қазақстан, Қырғызстан және Түркменстан елдеріне бұрдық. Осы елдермен бірге ортақ киножобалар жасау үшін қор құруға ниеттіміз. Қор келесі жылы ашылады деп жоспарлануда. Қазір коөнім өндіруге жұмсалатын шығынның 30%-ын мемлекет қарастыратындай заң жобасы жасалып жатыр», - деп түсіндірді Айдын Сайман.

Айдын Сайман/ Almaty film festival
Айдын Сайман/ Almaty film festival

Ресейлік режиссер Сергей Дворцевоймен бірігіп жасалған жұмыс жайлы «Айка» фильмінің қосалқы продюсері Луна Ванг айтып берді. Алдыңғы жолдары Дворцевой айтқандай, қытайлық продюсерлер Луна Ванг пен Ли Жу оның картинасын құтқарған екен.

«Фильмнің алғашқы 20 минутын көре салып, таңдай қақтық. Бірден осы картинаны қытайлық көрерменге ұсынудың жақсы болатынын ойладық. Жоғарыда айтылғандай, белгілі бір тиым салынған және саяси мен діни тақырыппен біздің нарыққа шығу өте қиын. Бірақ, «Айка» бұл шектен шықпайды. Картина Қытайдың алты фестивалінен шақырту алды. Сергей Дворцевоймен серіктестігіміз болашақта да жалғасын табады деп үміттенеміз», - деді «Айка» картинасының қосалқы продюсері Луна Ванг.

Еске салсақ, «Айка» драмасы 71-ші Канн кинофестивалінің жүлдегері атанған болатын. Үздік әйел рөлі үшін отандық актриса Самал Еслямова пальма бұтағына ие болды.

Сергей Дворцевой, Самал Еслямова/ Almaty film festival
Сергей Дворцевой, Самал Еслямова/ Almaty film festival

Қорытындылай келе, қатысушылар коөнімнің ең алдымен өнер екенін, соның арқасында біз өзге елдердің мәдениеті мен халқы жайлы ақпарат алатынымызды алға тартты.

«Біз Алматы кинофестивалін бар коөнімдерді көрсетіп, жаңаларын жасауға итермелеу мақсатында өткізіп жатырмыз. Әкімшілікпен бірігіп, Almaty film commission ашуды жоспарлаудамыз, ол басқа елдермен бірігіп өндірілетін фильмдерге қатысты сұрақтармен айналысады. Алматы халықаралық деңгейдегі серіктестікке әрдайым ашық», - деп қоса кетті продюсер Ернар Құрмашев.

 

Превью: Алексей Петрухин/ Almaty film festival

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер