Алматылықтар «Мажорлар» фильмінің жабық көрсетіліміне барды
«Арман» кино орталығында отандық «Мажорлар» драмасының жабық көрсетілімі өтті. Шақырылған қонақтардың арасында елімізге белгілі жұлдыздар, түсірілім тобының жақындары мен туыстары және БАҚ өкілдері болды. Көрсетілім басталмас бұрын фильм режиссері Жәнібек Ғұсманов, бас продюсер Анар Рүстемова, сондай-ақ, басты рөлді сомдаушылар Марсель Махмуди, Әнуар Талғатов, Бахтияр Байсерік, Шер Әлі және Қымбат Кеңесбай қызыл кілеммен жүріп өтті.
«Фильм кемшіліксіз түсірілді деп айта алмаймын. Монтаж арқылы өңделген сәтсіз көріністер де болды. Бірақ, киноның бір адамның ғана емес, бүкіл топтың көмегімен түсірілетінін барлығымыз жақсы білеміз. Бізге берілген тапсырманы жақсы орындап шыққан сияқтымыз. Түсірілім тобына алғысымды білдіремін. Актерлік құрамның 80%-ы кәсіби әртістер екенін атап өткім келеді»,-деп Жәнібек Ғұсманов өз жұмысы жайында айтып берді.
Басты рөлде үш дос - Марсель, Даник пен Бага. Олар байдың балалары, мектеп бітірген соң да болашақтары туралы мүлдем ойланбайды. Оның орнына жігіттер көңілді кештерді, көліктер мен қыздармен қыдырғанды құп көреді. Бірақ, тағдырдың тосын сыйы таусылған ба? Ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан достық бір сәтте өшпенділікке, қызғанышқа ұласады, ал ақша бұрынғыдай бақыт әкелмейді.
«Мажорлар» фильмінің түсірілімінен көрініс
Фильм идеясы Марсель Махмудиге тиесілі, ол алғаш рет толық метрде дебют жасады.
«Идеямды қолдағаны үшін продюсер Анар Рүстемоваға алғыс айтамын. Менің дарыныма сеніп, кино түсіруге кеңес берген Қымбат Кеңесбайға рахмет. Сонымен қатар, фильм түсіріліміне атсалысқан барша жанға алғысым шексіз. Біз үлкен жұмысты бітірдік»,-деп қосты Марсель.
Қазақстандық «Мажорлар» айналымға шығып үлгерді. Өздеріңізге ыңғайлы көрсетілім уақытын кинотеатрлар афишасынан көре аласыздар.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін